Түркістан қаласының білім саласында заманауи технологияларды кеңінен қолдану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруға және оқу үдерісін тиімді басқаруға бағытталған кешенді жұмыстар жоғары деңгейде жүзеге асып жатыр. Қала мектептері мен балабақшаларында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер – «Ақылды мектеп», «Алақан», STEAM зертханалары және электронды жүйелер – оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік беріп келеді. Бұл бастамалар білім саласында инновациялық инфрақұрылым құру, цифрлық сауаттылықты арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбетпен болған сұхбатымызда қаладағы білім саласын цифрландыру барысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кең көлемде сараладық.
– Бақытжан Нұрмаханбетұлы, Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыру жайына басымдық беріп, бұл саланы алдағы уақытта дамыту міндетін жүктеді. Жалпы, Түркістан қаласында білім саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр? Осы жағына кең көлемде тоқталып өтсеңіз.
– Бүгінде Түркістан қаласында білім саласын цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Яғни, жолдау жүктеген міндеттер бойынша көптеген жұмыс жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, «Ақылды мектеп» пилоттық жобасы аясында С.Рахимов атындағы мектепке жоғары сапалы бейнебақылау камералары, «Smart» жүйесімен жабдықталған дабыл түймесі, дәліздерге, кітапхана мен әжетханаларға ауа сапасын өлшейтін датчиктер қойылып, оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төнбеуіне жағдай жасалып жатыр. Face ID арқылы оқушылардың кіру-шығуын тіркейтін жүйе, автоматтандырылған кітапхана мен асхана жүйелері енгізілді. Сонымен қатар мектептің интернет жылдамдығы 500 Мбит/секке дейін арттырылып, Wi-Fi желісі толық орнатылды.
Бұдан бөлек, балабақшаларда «Сана» жүйесі арқылы балалардың қатысуын автоматты түрде тіркеу, бейнебақылау орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жекеменшік мекемелерге де кезең-кезеңімен енгізілмек.
Сонымен қатар электронды кітапхана, оқу құралдары, робототехника кабинеттері, интерактивті панельдер арқылы оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы алғанда, бұл бастамалар білім беру сапасын арттырумен қатар, қауіпсіздік пен басқару үдерістерін тиімді ұйымдастыруға зор мүмкіндік беріп отыр.
– Қалада қанша мектепке «Алақан» жүйесі орнатылды және бұл жобаның тиімділігі неде?
– Түркістан қаласында «Алақан» жүйесі пилоттық режимде бір ғана №28 мектеп-лицей білім мекемесінде енгізілді. Бұл жүйе оқушылардың мектепке келуін және шығуын биометриялық деректер арқылы автоматты түрде тіркеп, ата-аналарға жедел хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Жобаның негізгі тиімділігі – мектеп оқушыларының қауіпсіздігін арттыру және ата-аналармен кері байланысты күшейту.
– Электронды үкімет бойынша ата-аналар мен оқушылар, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан сауалдар мен ұсыныстар бар ма? Жалпы құжат айналымының орындалу барысы қалай? Электронды үкімет бойынша жыл басынан бері қанша құжат түсті, қаншасы орындалды?
– 2025 жылдың 8 айы ішінде «Е-Өтініш» платформасы арқылы Түркістан қаласының білім бөліміне жалпы 375 өтініш келіп түсті. Оның ішінде: 183 өтініш, 8 шағым, 56 ұсыныс және 128 хабарлама тіркелген. Барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, уақытылы жауап берілді. Өтініштерді қарау барысында мерзімінен кешіктіру фактілері тіркелген жоқ.
Сондай-ақ есептік кезеңде мемлекеттік қызметтер бойынша 8 айда барлығы 683 қызмет көрсетілді. Алайда техникалық ақаулықтарға байланысты 3 өтініштің орындалу мерзімі қысқа мерзімге кешіктіріліп, кейін толық орындалды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
– IT-технологияларды қолдану, елдің кибер қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?
– IT-технологияларды қолдану және кибер қауіпсіздікті күшейту бағытында білім саласында бірқатар нақты шаралар жүзеге асып жатыр. Мектептерде электрондық журналдар мен күнделіктер (BilimLand), автоматтандырылған басқару жүйелері Ұлттық біріңғай деректер қоры (ҰБДҚ) енгізіліп, оқу процесі цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.
Кибер қауіпсіздік тұрғысынан:
– Білім беру ұйымдары қорғалған интернет желісімен, фильтрация жүйесімен және вирусқа қарсы бағдарламалармен қамтылған;
– Мұғалімдер мен оқушыларға арналған кибергигиена және интернеттегі қауіпсіздік тақырыптарында тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі;
– Кейбір пилоттық мектептерде Face ID, бейнебақылау, дабыл түймесі және ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін бақылау құралдары іске қосылған;
– Ақпараттық жүйелерге кіру — тек рұқсат етілген деректер негізінде жүзеге асырылады.
Бұл шаралар оқушылардың қауіпсіздігін арттырумен қатар, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етіп жатыр.
– Қаладағы мектептердің қызметін цифрландыру бойынша қандай жобалар қолға алынып отыр?
– Түркістан қаласында білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, мектептердің оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және білім сапасын бақылау мақсатында «Ақылды мектеп» пилоттық жобасы енгізілді.
Жоба аясында:
– Мектептерге жоғары сапалы бейнебақылау жүйелері орнатылып, олар Ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына қосылды;
– Face ID жүйесі арқылы оқушылардың мектепке келу-кетуі автоматтандырылды;
– Wi-Fi желісі мен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту толық іске асырылды (500 Мбит/сек дейін);
– Кітапхана және асхана қызметтері де электрондық жүйеге көшірілді;
– Ауа сапасын бақылайтын заманауи датчиктер, дабыл түймелері орнатылды.
