Жасы мен көзқарасы әртүрлі азаматтармен бірлесе жұмыс істеу барысында Меруерт ханым жан-жақты болуға, төзімділік пен байыптылыққа ерекше мән береді. Бұл сала, оның айтуынша, адамды кәсіби ғана емес, адами тұрғыдан да шыңдайды, шынықтырады. «Қандай жағдай болса да, адамгершілік бірінші орында тұруы тиіс» деген ұстаным оның бүкіл қызмет жолында бағыт-бағдарына айналған. Себебі тығырықтан жол табу үшін тек тәжірибе емес, жүректің тазалығы мен ниеттің дұрыстығы қажет екен.
«Мен еңбек жолымның 25 жылын идеология саласына арнадым. Кейде сырттай қараған адамға бұл жұмыс жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде идеология – бұл тұтас қаланың тыныс-тіршілігі, қоғамның жүрегіндегі үн. Мен қолымнан келген бар білімім мен қабілетімді осы салаға жұмсадым. Кез келген жағдайда тығырықтан шығудың жолын табуға тырыстым. Қоғамның әртүрлі буын өкілдерімен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Әр адамның көңілін тауып, тілін табу оңай емес. Бірақ осының бәрінен үлкен тәжірибе жинадым. Мемлекеттік қызмет сені күнде жаңа қырынан сынайды, шыңдайды. Сол сынақтардан сүрінбей өту үшін ең алдымен адамгершілік биігінен түспеу керек. Мен үшін осы – басты өмірлік қағида» – дейді, Меруерт ханым.
Міне, осындай байыпты ой мен парасатты пайым – ширек ғасыр бойы қоғам мүддесі үшін қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік қызметшінің өмірлік философиясы. Бұл сала бүгінгі таңда жаңашыл, іскер әрі жан-жақты білімді жастарға да ашық. Бірақ оны таңдаған әр адамға жүктелер міндет оңай емес. Білім мен тәжірибеден бөлек, ар-намыс пен рухани беріктік те қажет. Өйткені мемлекет атынан сөйлейтін, халықпен тікелей жұмыс істейтін тұлғаның әрбір сөзі мен ісі – бүкіл жүйенің бейнесі. Міне, осындай биік талаптарға ширек ғасыр бойы лайық болып, қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Меруерт ханым – нағыз мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек етіп жүрген тұлғалардың бірі. Оның еңбек жолы – жастар үшін үлгі, әріптестері үшін – сенім, ал мемлекет үшін – құнды капитал. Содан болар, мемлекеттік қызметтегі еңбегі еленіп, ол «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, облыс және қала әкімдерінің, сондай-ақ облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Қоғамның дамуы мен елдің еңсесі тік болуы – алдымен халыққа адал қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің еселі еңбегіне тікелей байланысты. Мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ел мен елдіктің, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты міндет. Осындай күрделі де маңызды салада ширек ғасырдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп келе жатқан Меруерт Абуованың жолы – жас мамандар үшін тағылым, әріптестері үшін үлгі. Ол – өз ісіне адал, сөзі мен әрекеті сай келетін, тәжірибесі мен парасаты қатар өрілген білікті маман. Мемлекеттік қызметтің биік мәртебесін жеке іс-әрекетімен дәлелдеп жүрген абзал азаматша. Қызметіндегі табандылығы мен кәсібилігінен бөлек, ол – бір әулеттің тірегі, өмірлік жолдасына серік бола білген аяулы жар, тәрбиелі үш ұлдың ардақты анасы. Қоғам мен отбасы арасында тең жауапкершілік арқалап, екеуін де жоғары деңгейде ұштастырып отырған мұндай жан – сөзсіз құрметке лайық.
Міне, осындай байыпты болмысы мен берекелі еңбегі арқылы ол мемлекеттік қызметтің маңызын жан-тәнімен сезіне білген тұлға. Мемлекеттік қызметшілер күніне қарай ел игілігі жолында аянбай тер төгіп келе жатқан осы сынды адал мамандардың еңбегі – қандай марапат пен мадаққа да әбден лайық. Осы орайда, барша мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, елге қызмет ету жолындағы еңбектеріне табыс пен сәттілік тілейміз.
Ғалия БИСЕЙІТ.
