ТҮРКІСТАН: ЕЛ СЕНІМІН АРҚАЛАҒАН ЖАН

1 көрілім

Қазақстанда Мемлекеттік қызметші күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі.

Мемлекеттік қызмет – мінсіз іскерлік пен биік парасаттың, табанды еңбек пен туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің тоғысқан тұғыры. Бұл жол – әр таңдауы жауапкершілікпен өлшенетін, әр қадамы ел мүддесіне бағытталған мәртебелі міндет. Осындай жолды адал жүрекпен, таза пейілмен таңдап, ширек ғасыр бойы туған жерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жандардың бірі – Түркістан қаласы әкімдігі аппаратының білікті маманы, елге елеулі, халыққа қалаулы қызметкер Меруерт Абуова.

Киелі Түркістанның жаңғыру жолындағы шежірелі сәттерінің куәсі ғана емес, сол сәттердің бел ортасында жүрген, қоғаммен етене араласқан, халықтың үніне үнемі құлақ түрген жан – Меруерт ханым өз еңбегімен, ізгілігімен көпке үлгі болып келеді. Мемлекеттік қызметші күніне орай онымен арнайы жүздесіп, өнегелі еңбек жолы жайлы әңгімелескен едік. Ендеше, адалдықпен өрілген өмір жолына бірге үңіліп көрейік.

Мемлекеттік қызмет – абырой мен жауапкершілік таразысындағы тең салмақ.Ел алдындағы сенім мен аманат жүгін арқалаған бұл қызмет түрі әрбір маманнан жоғары кәсібилікпен қатар, адами биіктікті де талап етеді. Себебі, мемлекеттік қызметші – халықтың мұңын еститін, тілегін тыңдайтын, ел мен билік арасындағы сенім көпірін жалғайтын тұлға. Ол – қоғамдағы тұрақтылық пен даму үдерістерінің тікелей қатысушысы, ел саясатының жергілікті деңгейдегі жүзеге асырушысы. Ал, Меруерт Абуова дәл осы қағидаларды берік ұстанып, ширек ғасырдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап келе жатқан білікті маман. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметші болу – халыққа адал қызмет ету ғана емес, өз ұстанымыңа да адал болу.

«Мемлекеттік қызмет бұл күн сайын таңертең халық алдындағы жауапкершілікті сезініп ояну деген сөз. Мен үшін бұл жай ғана жұмыс емес, үлкен сенім. Қызмет барысында әділдік пен шынайылықтан айнымауға тырыстым. Қандай шешім қабылдасам да, соның артында адамның тағдыры, халықтың сенімі тұрғанын түсіндім. Бүгінгі қоғамға ең алдымен адал ниет пен ашық көзқарас қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің басты міндеті өз ұлтының үмітін ақтау» – дейді Меруерт ханым.

Ол 1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, еңбек жолын 1999 жылы Түркістан қаласында қайта ашылған «Түркістан тынысы» телеарнасында дикторлық қызметтен бастаған. Бұл – Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына дайындық қарқынды жүріп жатқан тарихи кезең болатын. Ол осы атаулы оқиғаны ұйымдастыру, насихаттау және ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарында белсенділік танытып, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастады.

Меруерт Абдуова өзінің күнделікті қызметінде бір ғана қағиданы берік ұстанады – ол жауапкершілік пен шынайылық. Ол үшін қызметтің үлкен-кішісі жоқ. Әр тапсырма – сенім, әр іс – мінсіз орындалуы тиіс міндет. Қандай шаруа жүктелсе де, алдымен сол ақпараттың анықтығы мен нақтылығына мән береді. Себебі шынайылық тек жұмыста ғана емес, жалпы адам арасындағы қарым-қатынаста да басты құндылық деп біледі. Ол қызметте де, өмірде де жалғандық пен жалтақтыққа жол бермей, ашық әрі әділ болуға тырысады. Осы қасиеті оны әріптестерінің арасында ерекше құрметке бөлеп келеді.

«Мен үшін ең маңыздысы – шынайы болу. Қай салада, қай ортада жүрсең де, шынайылық бәрінен жоғары тұруы керек. Жұмыста да, өмірде де осыған сенем. Қандай тапсырма берілсе де, алдымен оның маңыздылығына мән беріп, барынша жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Себебі сенім артқан соң, соған лайық болу адамдық парыз. Сондай-ақ, мен «Ниетің түзу болса, жолың ашық» деген сөзге кәміл сенем. Адам өз жолында адал болса, кез келген қиындықтың да, кедергінің де шешімі табылады. Ең бастысы – өзіңе де, сөзіңе де, ісіңе де ұялмайтындай өмір сүру деп есептеймін» – дейді ол.

2000 жылдан бастап ол қалалық әкімдіктің мәдениет, ақпарат, жастар ісі және ішкі саясат салаларында түрлі лауазымдарды абыроймен атқарды. Мемлекеттік идеологияны дамыту, халыққа патриоттық тәрбие беру, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету сынды маңызды бағыттарда жоғары нәтижелер көрсетті. Әсіресе, ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі ретінде ақпараттық саясат, мемлекеттік рәміздердің насихаты, діни экстремизмнің алдын алу, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Жиырма бес жыл – бір саланың ыстық-суығына төзіп, соған бүтін болмысымен берілген адам үшін жай ғана сан емес, тұтас өмірдің өрнегі.

«Идеология – көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның тірегіне айналған құндылықтар жүйесі. Бұл саланы таңдау – елдің рухани болмысына қызмет ету деген сөз», – дейді Меруерт ханым.

Ол осы салада жүріп ол өзінің бойындағы барлық қабілет пен кәсіби тәжірибесін толық арнағанын айтады. Қоғаммен етене жұмыс істеу – тек ресми құжатпен ғана шектелмейді. Түрлі буын өкілдерімен тіл табысу, пікірін тыңдау, көңілін таба білу – күнделікті еңбектің бір бөлігі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы