Сыбайластық жемқорлықпен күрес мыналардың негізінде жүзеге асырылады:
заң мен сот алдында бәрі тепе-тең;
мемлекеттік органдар қызметін нақты құқықтық реттеумен қамтамасыз ету, аталмыш қызметтің заңдылығы мен жариялылығы, оған мемлекеттік және қоғамдық бақылау жасау;
жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдастыру-басқару жүйелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдылығы;
жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қайта қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою және алдын алу;
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылармен күресуге жәрдемдескен азаматтардың жеке қауіпсіздігін және оларды ынталандыруды қамтамасыз ету;
мемлекеттің мемлекеттік қызметті орындауға уәкілетті және оған теңестірілген тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауы, аталмыш тұлғалар мен олардың отбасыларының лайықты өмір сүрулері үшін бұл тұлғаларға еңбекақы (ақшалай қолдау) мен жеңілдіктер тағайындау;
жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтерін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын тұлғалардың өкілеттіктерін делегирлеуді болдырмау, сондай-ақ оларға бақылау мен қадағалау жүргізу.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды ұйымдастыру ел үшін тағдыр шешті бағдарламаның ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл өте асқақ міндет және оны жеке-дара іске асыру мүмкін емес. Өте маңызды және күрделі міндетті шешу үшін мемлекеттік органдар мен қоғамның барлық күш-жігерін біріктіру қажет, себебі, жүйелі көрініс ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеу кешенді тәсілдерді қажет етеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.
Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударды. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.
– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.
– Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент.
