Бүгін, яғни, жұма күні Түркістан қалалық Мәдениет үйінде халқымыздың рухани мұрасын насихаттауға бағытталған «Қыдыр дарып, бақ қонсын» атты бата-тілек айту байқауы өтті. Байқау шымылдығы бата туралы бейнематериал көрсетілімімен ашылып, көрермендерге батаның тәрбиелік мәні кеңінен таныстырылды.
Байқаудың ашылу рәсімінде Түркістан қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оспанұлы Рысбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өз таңдаулары бойынша бата түрлерін мәнерлеп орындады. Әр қатысушы қазақтың дәстүрлі баталарын нақышына келтіріп айтып, өздерінің шешендік қабілеттерін көрсетті. Көпшілік баталарды әсерлі жеткізген қатысушыларға ерекше ықылас танытты.
Ал екінші кезең сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушыларға бата беру дәстүрі, батаның түрлері мен маңызы туралы сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, Түркістан қаласының тарихына қатысты танымдық сұрақтар да қамтылды. Бұл кезеңде қатысушылардың білім деңгейі мен тапқырлығы сынға түсті.

Байқауға ата буын, әке буын, орта буын және бала буын өкілдері қатысып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Әртүрлі жастағы қатысушылардың бір сахнада өнер көрсетуі шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Іс-шара барысында көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Байқау соңында қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, арнайы марапаттар табыстады.
Сонымен, «Қыдыр дарып, бақ қонсын» бата-тілек байқауы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға және қазақтың қасиетті батасының мәнін терең түсіндіруге үлкен үлес қосты. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, салт-дәстүріміздің сақталуына серпін берері сөзсіз.
Балнұр Барлыбаева,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ 1-курс студенті.
