ӘРБІР ЖОБА ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

2  428 көрілім

Бүгін Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік-аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салалары, депутаттық өкілдік және этика, ұйымдастыру-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының төрағасы Аманжол Данаханұлының төрағалығымен көшпелі мәжіліс өтті.

Мәжіліске мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, мәслихат депутаттары Сәкен Мырзанұлы, Дәурен Рахымұлы, Жандос Жұмадуллаұлы, Данияр Мадиханұлы, Ақниет Дүйсенбайұлы, Самат Әкімбекұлы, Жанбота Жұпарбекұлы, Ербол Нұралыұлы, қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы, қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары мен мекеме басшылары және жауапты мердігерлер қатысты.

Түркістан қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы инфрақұрылым, тұрғын үй және абаттандыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыс барысы және сапасымен танысу мақсатында көшпелі жиын өткізді. Мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы бастаған жұмысшы топ тұрғындардан түскен арыз-шағымдар негізінде мердігер мекемелердің жұмысын қадағалап, орын алған олқылықтарды уақыт оздырмай жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Көшпелі жиынға қаладағы жарықтандыру және тазалық мекемесінің, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және Құрылыс бөлімінің басшылары қатысты.

Әкімдік ғимаратының алдында жиналған жұмысшы топ арнайы бөлінген қоғамдық көліктермен белгіленген бағыттар бойынша жолға шықты. Нәтижесінде жаңа қала шағын ауданы, Наурызым көшесі, Бекзат және Шауғар секторларындағы мәселелер талқыланып, нысандар жіті қаралды.

Инспекциялық бақылаудың алғашқы аялдамасы – Жаңа қала шағын ауданы, Жібек жолы көшесіндегі №28 көпқабатты тұрғын үй мен 13-ші көшедегі №20 үй болды. Түркістан қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы Нүркен Нақбаев жұмысшы топты қарсы алып, аталған тұрғын үйлердегі қордаланған мәселелер мен техникалық ақаулар туралы сызба нұсқа бойынша қысқаша баяндама жасады.

Сонан соң депутаттар ғимараттардың ішіне кіріп, тұрғындардың арыз-шағымына арқау болған үй шатырларының сыр беруі, кіреберістегі судың жертөлеге ағуы және пәтерлердегі сызданған жерлерді көрді. Тексеріс барысында мердігер мекеме өкілдері мен үй басқарушыларының уәждері тыңдалды. Пәтер иелерінің де талап-тілектері ескеріліп, мердігер компанияға жіберілген олқылықтарды заң шеңберінде тез арада қалпына келтіру жөнінде қатаң ескерту берілді.

Депутаттардың келесі бағыты Бірлік және Сауран секторларының аралығында орналасқан Наурызым көшесі болды. Мұнда сектор аумағында жүргізіліп жатқан кәріз жүйесінің құрылысы пысықталды. Сондай-ақ жұмыс жоспарына сәйкес, Жангелдин көшесіндегі асфальт төсеу жұмыстары мен спорт кешені құрылысының барысына техникалық бақылау жүргізілді. Жауапты тұлғалар мен мердігер мекеме басшыларынан құрылыстың барысы мен атқарылып жатқан жұмыстардың есебі алынды.

Үшінші кезекте жұмысшы топ Бекзат секторына ат басын бұрды. Депутаттар сектордағы инфрақұрылымдық шаралар мен жолдарды асфальттау жұмыстарының сапасын жіті тексерді. Мердігер мекеме өкілдері атқарылған істер бойынша мәлімет берсе, халық қалаулылары бұқараның мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тікелей тыңдап, мәселенің оңтайлы шешілуін талап етті.

Көшпелі мәжілістің соңғы нүктесі Шауғар секторында түйінделді. Депутаттар «Таймас» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан кәріз желілерінің құрылысы мен көшелердің жалпы жағдайын бақылады. Жауапты компанияның есебін тыңдаған жұмысшы топ өкілдері анықталған кемшіліктерді жою мақсатында нақты шаралар қабылдауды ұсынды.

Мәслихат төрағасы Ғ. Амантайұлы:
«Шалағай тірліктерге шұғыл шара қолданамыз»

Көшпелі мәжіліс қорытындысында Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат беріп, мәслихаттың бұл бағыттағы ұстанымы мен мақсатын былай деп түйіндеді:

«Қалалық мәслихат депутаттары мен тиісті бөлім басшылары бірлесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын өз бақылауымызға алып отырмыз. Біз бұл істердің өз мерзімінде әрі сапалы аяқталуын талап етеміз. Қазіргі таңда қалада ауқымды да өнімді жұмыстар атқарылуда. Алайда аяқталмаған немесе сапасыз істердің уақытында бітуі үшін қажетті қолдау көрсетіп, шұғыл араласатын боламыз.

Түркістан тұрғындарына қолайлы өмір сүру жағдайын жасау – біздің басты міндетіміз. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы белсенді түрде жалғаса береді. Алдағы уақытта да қала басшылығына түрлі салалар бойынша тиісті есептер мен мәліметтерді ұсынып отырамыз. Қала тұрғындары бұл оң өзгерістерден хабардар болуы тиіс. Түркістан қаласының әрбір азаматы шаһарымыздың гүлденуі мен көркеюіне бірлесе үлес қосуымыз керек деп есептеймін».

Депутаттардың көшпелі жиынының қорытындысы бойынша әзірлейтін ауқымды сараптамалық есебі, анықталған кемшіліктерді жою және мердігерлердің жауапкершілігін қарау мақсатында жақын күндері Түркістан қаласының әкімдігіне жолданатын болады.

Догру Өмер Фарук


Догру Өмер Фарук

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы