Бүгін Түркістан шаһарында мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмір жолын ұлықтау және елімізде бастау алған жаппай кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында «Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам» атты ауқымды кітап көрмесі мен тұсаукесер рәсімі өтті.
Фараб әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылған бұл іс-шара көрнекті тұлғаның рухына тағзым етіп қана қоймай, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы, Қазақстан мен Қырғызстанның Ұлттық ғылым академияларының құрметті мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты жаңа өмірбаяндық-деректі кітабының тұсауын кесті.
Айта кетейік, ауқымды іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қолға алынған. Жергілікті тұрғындар, студенттер мен бірқатар мемлекеттік мекеме өкілдері қатысқан жиынның шымылдығы ұлттық күйлермен түрілді. Шара барысында сөз алған белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің қазіргі цифрлық дәуірдегі кітаптың қадір-қасиеті туралы сөз қозғады. Президент Жарлығының маңыздылығына тоқталған ақын:

«Осыдан 20-30 жыл бұрынғы уақытқа дейін бір адамның бір адамға сыйлайтын ең құнды, ең қадірлі сыйлығы кітап болатын. Достың досқа, қыздың жігітке кітап сыйлауының астарында үлкен мән жататын. Сол кітапты сыйлау арқылы «Мен осы кітаптың ішіндегі асыл қасиеттерді, ізгіліктерді сенің бойыңнан көргім келеді» деген ишарамен, ақ ниетпен ұсынатын. Осы дәстүрдің өзінен-ақ біз кітаптың қадірін түсінетінбіз» деді.
Сондай-ақ, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Мемлекет басшысының ұлттық кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған салиқалы саясатына тоқталып, бұл Жарлықтың елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы тарихи қадам екенін атап өтті.
Іс-шара аясында бүлдіршіндердің кітап пен отан туралы оқыған жыр-шұмақтары жиылған қауымды тәнті етті. Поэзия сәтінен соң, мәртебелі қонақтардың қатысуымен кітап көрмесінің лентасы қиылып, шараға қатысушылар еркін форматтағы сұхбат алаңына ауысты.
ДОГРУ ӨМЕР ФАРУК.