«TEDx Zhenys Park» – ТЫҢ ИДЕЯЛАР АЛАҢЫ

67 көрілім

Жексенбіде «Керуен сарай Арена» алаңында Түркістан қаласында тұңғыш рет халықаралық TEDx форматындағы ауқымды «TEDx Zhenys Park» конференциясы болып өтті. Бұл әлемге танымал TEDх платформасының тәуелсіз лицензияланған форматы. Оның басты мақсаты – қоғамға әсер ететін, ой салатын және өзгеріске шабыттандыратын идеяларды тарату. Яғни, бұл Түркістан тарихындағы облыстық деңгейде ресми лицензияланған алғашқы TEDx конференциясы.

Басқосу барысында байқағанымыздай, биылғы жылдың басты тақырыбы – «Жаңғыру». Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жаңғыру» – өткеннен сабақ алып, бүгінді қайта ойлап, болашақты жаңаша құру ұғымын білдіреді. Конференцияда сөз алған түрлі сала өкілдері өмірден түйген тәжірибелерімен, ойларымен, көзқарасымен және жаңару идеяларымен бөлісіп, аудиторияға терең ой салды. Олардың қатарында кәсіпкерлер, медиамамандар, қоғам белсенділері, білім саласының өкілдері, сарапшылар бар.

– Бұл халықаралық жобада технология туралы, инновация туралы, медицина, білім туралы жаңғырып келе жатқан, тәжірибеден өткен идеяларды айтамыз. Спикерлеріміз өз саласының мамандары. TEDx-технология, білім, даму бастапқысы. Қазір оған экономика, тағы басқа да көптеген салалар қосылды. Яғни, бұл жаңа идеяларды халыққа оңай тілмен түсіндіру. Мінеки, жаңа сөйлеген алты спикерімізді аудитория өте жақсы қабылдады. Тараз, Талдықорған, Астана, Жезқазғаннан келген қатысушылар бар конференцияға. Көпшілігі жастар. Менің өзімнің Түркістан қаласында «Simba’s scool» ағылшын тілі курстық  мектебімнің үш филиалы бар. Осы мектептерімнің волонтерлері де қатысып, өз үлестерін қосуда, – дейді осынау игілікті істің бастаушысы, Michigan State University/Kimep University түлегі, «Болашақ» программасының стипендиаты, Жетісай өңірінің тумасы, жоғарыда аталған курстық мектептердің директоры, Алматы марафонының амбассадоры, Түркістан облысының алғашқы ЭКО активисті Сымбат Ниязбекқызы Паяева.

«Бітер істің бесына, жақсы келер қасына» демекші, Сымбат Ниязбекқызымен әңгімеден, жалпы спикерлердің  ой бөлісуінен түйгеніміз, еркін форматта өткен  конференцияны ұйымдастырушылар мақсаты – жастарға жол сілтеу, өмірде таңдау жасауға бағыт-бағдар беру. «TEDx Zhenys Park» мінберінен «Ұлытау» университетінің вице-ректоры, заңгер Құлтай Әділова, «Global Coffe» негізін қалаушы Аят Азимов, халықаралық білім беру саласының сарапшысы Алия Оспанова, спортшы, стендап-комик Ардан Ғалымұлы, медиамаман, саяси консультант, волонтер Назым Жанғазы, гендерлік теңдік бойынша сарапшы Айгерім Құсайынқызы, журналист – саяхатшы Өркен Кенжебек, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Инара Намазбаева, кәсіпкер, «Qaz Granit» компаниясының директоры Шолпан Әбдіхалықова жаңа көзқарастар мен идеялардың тоғысқан «TEDx Zhenys Park» интелектуалды алаңында  өмірлік тәжірибелерімен, білімдерімен бөлісіп, жастарға шабыт сыйлады, жаңаша серпін берді.

– Есімім Нұрай. Кентау қаласынан  келдім. Қытай тілінің аудармашысымын. «TEDx» туралы әлеуметтік желіден көріп жүретінмін. Түркістанда өтетінін білгенде бірден билет сатып алдым. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Жаңа, тың ақпараттар алдық. Жаңғыру десе, шынымен де жаңғыру. Әсіресе, соңғы үш спикер мықты болды, – деп пікір білдірген біраз жастармен сұхбаттастық. Нұрай есімді бойжеткен атап өткен үш спикердің қатарындағы өзінің басынан өткен өмірлік тәжірибесін тартымды әңгімелеу арқылы аудиториямен жақсы қарым-қатынас орнатқан  Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаеваға, сондай-ақ, Аят Азимовке, Айгерім Құсайыноваға залдан сұрақ қойып, қызығушылық танытқандар көп болды. Олар да өз тарапынан толыққанды жауап беруге тырысты. Жалпы, аталмыш конференцияны қарыштап дамыған еліміздің жаңа лебінің Түркістанға жеткен жаңашыл қадамы деп бағалаған жөн.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы