Мемлекеттік рәміздер күнін түркістандықтар таңғы жаттығумен бастады. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бастамасымен 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан қаласында жалпыхалықтық таңғы жаттығу ұйымдастырылды.
Екі мыңға тарта адам қатысқан іс-шараны аталған комитеттің төрағасы Руслан Есеналин ашып, қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Жаттығуға Түркістан қаласы мен Сауран ауданындағы спорт мекемелерінің қызметкерлері, жаттықтырушылар, спортшылар және спорт саласының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар арнайы бағдарламаға сәйкес дене жаттығуларын орындап, салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, еліміздің басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін білдірді.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған бұл іс-шара тұрғындарды дене белсенділігіне баулып, қоғамдағы бірлік пен отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.
С.Аметов
