Мобильді аударымдар туралы не білу керек?

75 көрілім

Соңғы уақытта қоғамда мобильді аударымдардың бақылауына қатысты сұрақтар жиілеп кетті. Көпшілік арасында «Жақындарыма ақша аударсам, салық төлеймін бе?» немесе «Банк менің деректерімді қашан салық органына береді?» деген алаңдаушылықтар туындауда. Осыған байланысты мобильді аударымдарға қатысты заңнама талаптарын түсіндіру маңызды.

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалардың шоттары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тек белгілі бір критерийлер орындалған жағдайда ғана ұсынады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығына сәйкес, бақылауға түсу үшін төмендегі шарттар бір мезгілде орындалуы қажет:

  • қатарынан үш ай бойы;
  • ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша қаражаты түсуі;
  • түскен қаражат көлемі ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы.

Аталған талаптар орын алған жағдайда, бұл кәсіпкерлік қызмет белгілері ретінде қарастырылуы мүмкін. Яғни, жеке тұлғаның шотына тұрақты түрде көптеген азаматтардан ақша түссе, мұндай операциялар бақылауға алынады. Бұл ретте азаматтың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегені негізгі фактор болып табылмайды. Бақылау кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылуы ықтимал жеке шоттарға жүргізіледі.

Мемлекеттік кірістер органдары банктерден ақпарат алғаннан кейін жұмыстар екі кезеңде жүргізіледі.

Бірінші кезең – ақпараттық хабарлама жіберу. Бұл кезеңде салық төлеушіге табыс алу белгілерінің бар екендігі туралы ескерту жолданады. Аталған хабарлама түсіндірме сипатында болады және оған жауап беру талап етілмейді. Бұл азаматқа өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік беру мақсатында жіберіледі.

Екінші кезең – камералдық бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жолданады. Егер тексеру барысында заң бұзушылық белгілері расталса, ресми хабарлама жолданады. Мұндай жағдайда салық төлеуші 30 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.

Егер азамат көрсетілген деректермен келіссе, тиісті салық есептілігін тапсырып, бұзушылықтарды жоюы қажет. Ал егер түскен қаражат кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ болса, мысалы, туыстар арасындағы көмек, қайырымдылық немесе өзге де жеке сипаттағы аударымдар болса, онда түсіндірме ұсынылып, растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс.

Айта кету қажет, мобильді аударымдар бойынша ҚР қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес салық міндеттемесі туындаған жағдайда оны орындауға міндеттеледі. Егер ақша қаражаты тауар сату немесе қызмет көрсету нәтижесінде түссе, ол кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылады. Ал жеке тұлғалар арасындағы тұрмыстық сипаттағы ақша аударымдары салық салу объектісі болып табылмайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, табыс табуға бағытталған жүйелі қызмет міндетті түрде тіркелуі тиіс. Егер азамат кәсіпкер ретінде тіркелмей қызмет көрсеткені анықталса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған:

  • алғаш рет – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл;
  • бір жыл ішінде қайталанса – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Қорытындылай келе, мобильді аударымдар – күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын ыңғайлы қаржылық құрал. Алайда кәсіпкерлік қызмет барысында жеке шотты емес, арнайы бизнес-шотты пайдаланып, қызметті заң талаптарына сәйкес жүргізу маңызды. Бұл артық тексерулер мен әкімшілік жауапкершіліктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Каипов Берік Талғатұлы,

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшы орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы