“Keden” ақпараттық жүйесі: кедендік әкімшілендірудегі жаңа цифрлық кезең

84 көрілім

Қазақстанда кедендік рәсімдерді жетілдіру және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Осы орайда енгізіліп жатқан “Keden” ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдар мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін маңызды цифрлық платформаға айналуда.

“Keden” жүйесі электрондық декларациялауды, кедендік деректерді өңдеуді, тауарлардың мемлекеттік шекара арқылы қозғалысын бақылауды және мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Жүйенің басты мақсаты – кедендік рәсімдерді оңтайландыру, адам факторын азайту және процестердің ашықтығын арттыру.

Процестерді толық цифрландыру және қағаз құжат айналымынан кезең-кезеңімен бас тарту нәтижесінде кедендік ресімдеу айтарлықтай жеделдетілді. Бұл өз кезегінде тауарлардың кедендік рәсімдерден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

“Keden” жүйесі бизнес өкілдеріне құжаттарды электрондық форматта ұсынуға, декларациялардың мәртебесін онлайн бақылауға және кеден органдарымен бірыңғай цифрлық интерфейс арқылы өзара іс-қимыл жасауға жағдай жасайды. Бұл кәсіпкерлер үшін рәсімдерді жеңілдетіп қана қоймай, уақыт пен әкімшілік шығындарды азайтуға ықпал етеді.

Мемлекеттік органдар үшін жүйе бақылау тиімділігін арттырып, аналитикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сонымен қатар, сыртқы сауданы әкімшілендірудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылған. Жүйеде қол жеткізу құқықтарын саралау, деректерді қорғалған арналар арқылы беру секілді заманауи технологиялар қолданылады.

“Keden” бірқатар мемлекеттік ақпараттық платформалармен интеграцияланған. Бұл мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасуға және қайталанатын мәліметтерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Жүйені әзірлеу жұмыстары 2024 жылдың сәуір айынан бастап кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда “Keden” жүйесінде бұрынғы “АСТАНА-1” ақпараттық жүйесінде болмаған бірқатар жаңа функционалдар енгізілген.

Атап айтқанда, экспресс-жүктер бойынша бұрын кедендік декларациялау қағаз түрінде жүргізілсе, бүгінде 100 пайыз электрондық декларациялауға қол жеткізілді.

Сондай-ақ алдын ала ақпарат беру мен транзит рәсімдері автоматтандырылды. Бұрын бұл рәсімдер бөлек жүргізіліп, деректер бірнеше рет енгізілетін болса, қазір алдын ала берілген ақпарат автоматты түрде транзиттік декларацияға айналады.

Кедендік баждар мен салықтарды қамтамасыз етуді алу, тауарларды сақтау процестері де цифрландырылды. Мәселен, уақытша сақтау қоймаларында электрондық қойма жүйесін жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Бұрын қойма есебі қолмен бақыланса, қазіргі таңда бұл процестер автоматтандырылған.

Сонымен қатар, жүйеде пайдаланушылардың жұмысын жеңілдететін бірқатар қосымша функциялар қарастырылған. Атап айтқанда, құжаттарды толтыру кезінде кеңестер беру, автотолтыру, деректер форматын логикалық тексеру және басқа да сервистер енгізілген.

Қазіргі уақытта тауарларды шығарғаннан кейінгі бақылау, кедендік сараптама, тауарларды кідірту, аналитика және кеден бекеттерін бақылау сияқты бұрын автоматтандырылмаған бағыттарды цифрландыру жұмыстары жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, алдағы уақытта “Keden” жүйесінің функционалы одан әрі кеңейтіліп, мемлекеттік сервистермен интеграция күшейтіледі. Нәтижесінде жүйе 2017 жылдан бері қолданылып келе жатқан және кедендік декларациялауды толық электрондық форматқа көшірген “АСТАНА-1” ақпараттық жүйесін толық алмастыруы мүмкін.

“Keden” ақпараттық жүйесін енгізу – кеден саласындағы цифрлық трансформацияның маңызды кезеңі. Бұл жүйе мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, бизнеске қолайлы әрі ашық орта қалыптастыруға бағытталған.

Тұрысов Ерлан Әлімқұлұлы,

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшы орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы