«Сырлы би толқыны» облыстық байқауының өңірімізде өткізіліп келе жатқанына он сегіз жыл болды. Түркістан қалалық мәдениет үйінің бастамасымен алғашқыда қалалық деңгейде басталған байқау биылғы жылы қанатын кеңге жайып, қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шәметтің бастамасымен алғаш рет облыстық деңгейде, жаңаша форматта өтті. Көрермен назарына бұған дейін өткізілген байқаулардың фотокөрмесі ұсынылды. Шара барысында Лиза Төлегенқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға игі тілек білдірді. Өнердің нәзік те ерекше түріне жататын би әлемі ұлт та, жас та талғамайтын, сөзбен жеткізе алмағанды би ырғақтарымен, музыкамен жеткізетін өз тілі бар.

29 сәуір – халықаралық би күні ЮНЕСКО-ның халықаралық би кеңесінің шешімімен 1982 жылдан бері аталып келеді. Бұл өнер мерекесі француз балетмейстері, бекзат өнердің бекзадасы, би өнерінің реформаторы Жан Жак Новердің туған күніне орай бекітілген.
Биылғы өнер сайысына да өңірімізден он бір орта топ, он кіші топ қатысып, бірінен бірі өткен би өнерінің түрлі жанрында сайысқа түсті. Кіші топ бойынша Қазығұрт, Түлкібас, Арыс, Жетісай, Созақ, Келес, Түркістан өңірлерінен өнер көрсетсе, орта топта Отырар, Шардара, Кентау, Ордабасы, Түлкібас, Сайрам, Бәйдібек, Сауран, Түркістан өңірінің үміткерлері өзара бақ сынасты. Толқынды әуен мен би дүбірі мәдениет үйінің аясына сыймай, сыртқа төгіліп жатты! Сайыстың дүмпуіне делебесі қозған жанкүйерлердің өзі би алаңына шығып кетуге шақ қалды.
Сайыс екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде қазақ халқының ұлттық биі орындалса, екінші кезең еркін тақырыптағы биге арналды. Байқауға қатысушылардың бұл сайысқа асқан жауапкершілікпен дайындалғаны, әрбір топтың өзіне тән ұтымды тұстары, қалыптасқан шеберліктері, биге кездейсоқ адамдардың келмегені сайыстың өн бойынан аңғарылып тұрды.

Сондықтан да ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістанның «Би падишасы» Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаева төрайым болып, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің өнер, медиа және дизайн факультетінің ғылым, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, хореограф Меңдіғани Жүсіпбаев, балалар мен жасөспірімдер орталығының «Шабыт» би үйірмесінің жетекшісі, педагог, хореограф Дина Рахметова қазылық еткен қазылар алқасына «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» таңдаудың оңайға түспегені анық.
Іс-шараның ресми ашылуында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Мұсағалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Тартысты додада орта топтың бас жүлдесін Сауран ауданының «Айтұмар» би тобы қанжығасына байлады. Бірінші орын кенталық «Рапсодияға», екі екінші орын түлкібастық «Көзайым», шардаралық «Ақмаржан» топтарына бұйырды. Екі үшінші орынды сайрамдық «Жұлдыз» би тобы мен түркістандық «Алтынай» би тобы өзара бөлісті. Байқауға қатысқан өзге би топтары да арнайы номинацияларға ие болды.
Кіші топтың бас жүлдесін түркістандық «Томирис» би тобы жеңіп алды. Бірінші орынды жетісайлық «Шаттық» би тобы, екі екінші орынды келестік «Айжұлдыз» және түркістандық «Кристалл» би топтары, екі үшінші орынды Арыс қаласынан келген «Алтынай» және созақтық «Айгөлек» би топтары иеленді. Бұл топта да төрт би тобы арнайы номинацияларға ие болды.
Өнер мерекесінің ең басты жетістігі – қатысушылардың би өнеріне құштарлығы, бекзат өнердің құпиясын меңгеруге деген ұмтылыс! Байқау сонысымен құнды!
Роза НАРЫМБЕТОВА.