Ахмет Жұбанов – қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлға. Ол тек композитор ғана емес, сонымен қатар музыка зерттеушісі, дирижер, педагог және қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі болды. Оның есімі ұлттық мәдениетіміздің алтын қорында ерекше орын алады.
Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылы дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын қазақ музыка өнерін дамытуға арнады. Ол қазақтың дәстүрлі ән-күй мұрасын жинақтап, зерттеп, ғылыми жүйеге түсірген алғашқы ғалымдардың бірі болды. Жұбановтың еңбектерінің арқасында көптеген халық композиторлары мен күйшілерінің шығармалары сақталып, кейінгі ұрпаққа жетті. Ол Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілердің мұрасын зерттеп, олардың шығармашылығына терең талдау жасады.
Ахмет Жұбановтың тағы бір үлкен еңбегі – қазақтың кәсіби музыка білімінің қалыптасуына қосқан үлесі. Ол Алматыда музыкалық оқу орындарының ашылуына атсалысып, жас таланттарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Оның шәкірттері кейін қазақ музыкасының белгілі тұлғаларына айналды. Сонымен қатар, ол қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, оның көркемдік деңгейін көтеруге зор еңбек сіңірді.
Композитор ретінде Ахмет Жұбанов қазақ музыкасына жаңа тыныс әкелді. Оның шығармаларында ұлттық әуен мен классикалық музыканың элементтері үйлесімді тоғысты. Ол опера, симфония, ән-күй жанрларында еңбек етіп, қазақ музыкасының жанрлық аясын кеңейтті. Әсіресе, оның Латиф Хамидимен бірге жазған «Абай» операсы қазақ опера өнерінің шоқтығы биік туындыларының бірі болып саналады.
Ахмет Жұбановтың ғылыми еңбектері де аса құнды. Ол қазақ музыкасының тарихын зерттеп, ұлттық өнердің даму жолдарын айқындады. Оның жазған кітаптары мен мақалалары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Қорытындылай келе, Ахмет Жұбанов – қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы, ұлттық өнеріміздің жанашыры және оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Оның мұрасы – халқымыздың мәдени байлығы, ал оның есімі – мәңгілік.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы Пирмашова Мөлдір