Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының, Отырар ауылының тумасы, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын домбыра» иегері, Отырар ауданы мен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков – қасиетті айтыс өнерінің шамшырағын жаққан ақтаңгер ақын ғана емес, оңтүстік өңірде өзіндік ақындар мектебін қалыптастырып, ұлы өнерді, халқымыздың рухани құндылықтары мен бай мәдени мұрасын қайта жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан көшбасшы тұлға. Зар заманның күмбіріндей ғасырлар қойнауынан жеткен айтыс өнерінің өрісін кеңейтіп, аламан айтыстарда шашасына шаң жұқтырмай, оңтүстік өңірдің ары мен намысын қорғаған айтыстың арыстаны. Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер орталығына басшылық жасай жүріп, ұлт құндылықтарын ұлықтауға, халықтық педагогиканың мәйегін ұрпақ санасына сіңіруге де қомақты үлес қосып келеді. Алайда, халық Бекарыс Ақсақалұлын «азуын айға білеген» айтыскер ақын деп таниды. Ол заңды да. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала жасынан қасиетті домбыраны серік етіп, «айтыс» атты тәттісі мен ащысы қатар жүретін тылсым әлемге қадам басып, алты қырдан асқан өнерімен «Алты Алаштың Бекарысы» атанған ақынын елі осылай қадірлесе керек-ті. Бұл өнерде өзінің теңдесі жоқ жүйрік екенін дәлелдеген Бекарыс – шын мәнінде, шебер сөздің зергері. Әріптестер арасында «қырық шапса алынбас қамал», «алтын айдар Бейбарыс» атанып, дүбірлі додаларда топ жарған Бекарыс Шойбеков биыл елу атты белеске қадам басып отыр. Күн мен түн теңесіп, елімізде Әз Наурыз мерекесі салтанат құрған айтулы күндері қазақ халқының руханиятын көкке көтеріп, мәртебесі биік Түркістанның саяси-мәдени өміріне тікелей араласып жүрген халқының қалаулы ұлымен сұхбат құрған едік. Жер-дүние жаңарып, жасарған Наурыз мерекесі биылғы жылы халықтың жүрегіне нұр себелеген қос-қос оқиғалармен тұспа-тұс келді. Исі мұсылман қауымы үшін қасиетті рамазан айы, еліміздің саяси өміріндегі басты оқиға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы реформаларға байланысты өткен жалпыхалықтық референдум. Міне, осының бәрі жаңа Қазақстан халқының жарқын өмірінің көрінісі. Жарқын болашағының кепілі. Бекарыс Ақсақалұлымен сұхбатымыз да Әз Наурыз мерекесінен бастау алды.
– Бекарыс Ақсақалұлы, өзіңізге белгілі, 14-23-наурыз аралығында Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтуде. Әрбір күннің мағыналы өз атауы бар. Наурыз мейрамын атап өтудің бұл жаңа форматы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жарлығымен қолға алынып, бүгінгі таңда күнделікті өмірімізге тереңдеп еніп кетті. Қазақстанның әрбір тұрғыны ұлыстың ұлы күнін асыға күтеді. Сіздің жүзіңізден де, ұлттық нақыштағы киіміңізден де осындай жайдары қалыпты көріп тұрмыз. Наурыз мерекесіне қандай тілек айтар едіңіз? Айтыскер ақындар, қаланың мәдени өмірі Наурыз мейрамын қандай шаралармен қарсы алмақ?
– Дұрыс айтасыз, соңғы жылдары «Наурызнама» деп әр күнге ат қойып, айдар тағып, он күн бойы тойлап жатырмыз. Әрбір күннің өз атауы бар. «Көрісу», «Қайырымдылық», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр», «Шаңырақ», «Ұлттық киім», «Жаңару», «Ұлттық спорт», «Ынтымақ», «Жыл басы», «Тазару» күндері. Жалпы, Наурыз мейрамының мәні үлкен. Бұл тек мерекені тойлау емес. Тойды аз тойлап жүрген жоқпыз. Той тойлаудан кенде емеспіз. Наурыз – ұлттық салт-дәстүрдің салтанат құратын мерекесі болу керек. Онкүндік Наурызнама «Көрісу», «Қауышу» күнімен басталып, «Тазалық» күнімен аяқталу керек. Бұл орайда «Тазалық күнінің» онкүндіктің соңына қойылуының өзіндік мәні бар. Яғни, онкүндіктің соңында айналамызды жиып-теріп, жинап, бастаған нәрсемізді аяқтап кетуіміз керек. Осы нәрсені біз тек наурызда ғана емес, әрбір шарамызда, әрбір ісімізде әдетке айналдырып, дағдылануымыз керек. Әрбір істі әдемі бастап, әдемі аяқтай білген жөн. Тағы бір атап өтейін дегенім, Наурызды ұлықтау арқылы дәстүрімізді ұлықтаймыз. Дәстүр – біздің болмысымыз. Әлемде елі жоқ, жері жоқ, мемлекеті жоқ қаншама ұлттар бар. Бірақ, ұлт ретінде өмір сүріп, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап келе жатыр. Дүниеге нәресте келгенде өзінің салтымен қарсы алады. Өмірден адам өткенде, өзінің салтымен шығарып салады. Әдет-ғұрыптың бәрін өзінің салтымен атқарады. Міне, ұлт деген сол! Соны жасамаса, ұлт болудан қалады. Оның елі, жері болуы да, болмауы да мүмкін. Бірақ, ұлттық бейнесі салт-дәстүрі арқылы сақталуы мүмкін. Сондықтан, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтай білудің маңызы зор. Осындай салт-дәстүріміздің салтанат құратын мерекесі – Әз Наурызды жыл бойы дәріптеп, жақсы қорытындылауымыз керек.
Наурыз мейрамына байланысты өткізілетін іс-шараларға тоқталып өтсем, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан жерінде осы ұлық мереке аясында жыл сайын республикалық «Наурыз» айтысы өтеді. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Түркістан облыстық бөлімшесінің ұйымдастыруымен тек наурыз айтыс қана емес, «Дәстүрін дәріптеген Түркістан», «Ата Заңым – айбарым» деген тақырыптарда айтыстар жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Бұл дәстүр Оңтүстік Қазақстан облысы болып тұрған кезден бері жалғасып келеді. Соңғы екі жылда Түркістан облысы әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жаңа форматта командалық айтыс та өткізілді өткен жылдары. Биыл да «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты республикалық ақындар айтысына еліміздің таңдаулы айтыс ақындары, «Алтын домбыра» иегерлері, айтыстың ақтаңгерлері, бір сөзбен айтқанда, ел алдында жүрген қазақтың сүйікті ақындары Мұхтар Ниязов, Мақсат Аханов, Мейірбек Сұлтанхан, өзіміздің Еркебұлан Қайназаров, Жайықтың Жансая Мусинасы, Ақтөбеден Нұрбол Жауынбаев сияқты айтулы жүйріктер келіп, мерекеміздің көрігін қыздырмақ.
Сөз құдыретін пір тұтқан арқалы ақындардың мақсаты – жер аяғы кеңіп, көктем шуағына бөленген елді наурыз мейрамымен құттықтау, мерейі тасыған, ерекше мәртебеге ие болған Түркістанның абыройын асырып, жырға қосу. Айналып келгенде, ұлық мерекені ел болып атап өтуге атсалысу. Ең бастысы, қазақ айтысының айбары да, байрағы да Жүрсін Ерман ағамыз бастаған бір топ ақындар, қазылар алқасының мүшелері келе жатыр. Бірден атап өтейін, талай хас жүйріктер додаға түсетін аламан айтысты Әзімбек Пазылбекұлы бастаған Түркістан қалалық әкімшілігі ұйымдастырып отыр. Жылдағы дәстүрлі айтыс болғандықтан, жүлде қоры да қарастырылған.

– Бекарыс Ақсақалұлы, Алла жазса, сәуірдің 14-жұлдызында ердің жасы елуге толғалы отырсыз. Қазақтың бағына біткен сіздей ақынымызға ұзақ ғұмыр тілейміз! Арыстандай айбатыңызбен айтыс аспанында қалықтай беріңіз. Сізді халық айтыскер ақын ретінде таниды. Ал, енді, осы айтысқа қалай келгеніңізді тағы бір рет еске түсіріп өтейікші.
– Бұл туралы әрбір сұхбат бергенде айтып жүрмін. Елдің бәрі құлағдар деп ойлаймын. Айтыскер ақын болам деген үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Өмірде кейде кездейсоқ жағдайлардың тағдырыңды бұрып кететін сәттері болады. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде мектепішілік айтыс өтетін болып, әр сыныптан бір оқушы қатысу керек болды. Ол кезде көзге көрініп тұрған бір де бір айтыс ақыны жоқ. Айтыс ақындарын теледидардан ғана көреміз. Тіпті, мектептің өзінде қолына домбыра ұстап, суырып салатын бала жоқ. Мен сыныптың топбасшысымын. Сондықтан да біздің сыныптың салмағы маған түсті. Мені анам қолдап, өлеңімді жазып берді. Ол кісінің өнерден хабары бар, суырып салмалығы да бар болатын. Кей оқушыларға мұғалімдері жазып беріп, тығырықтан шықтық. Сөйтіп, сыныпты құтқару үшін басталған ақындығым әрі қарай жалғасып, аудандағы бір-екі айтысқа бардым. Айтысқа қатысып жүрген қатар құрбыларымды көргеннен кейін қызығушылығым артты. Оның үстіне айтыс өнерінің қыр-сырын үйрететін ұстаздар кезігіп, оның құпиясын, эстетикалық ләззатын айтып, сезіндіре бастағаннан кейін құмарлығымыз оянып, өнер жолына қалай түсіп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалдық.
– Негізгі сұхбатымыз сіздің айтыскерлік қасиетіңіз туралы өрбіп отыр. Сіз қазақ поэзиясының қара дауылы атанған Қаныбек Сарыбаевты ұстазыңыз ретінде дәріптеп, ол кісіні еске алуға арналған «Қаныбек оқуларын» жүйелі өткізуге ұйытқы болып жүресіз. Жалпы осы айтыс өнеріне әкелген ұстаздарыңыз туралы не айтар едіңіз?
– Айтысқа қолымнан жетелеп алып шыққан адамды ұстаз дейтін болсақ, ол – анам Ұлбазар Сейдахметова. Алғашқы өлеңімді, алғашқы айтысымды тұтас жазып беріп, мақамыма дейін тауып берген аяулы анам. Ол кісі жадында қалған ән-жырды бойында бар өнердің арқасында үйретіп, өнерге баулыды. Анам өнер жолында жүрген адам емес. Шаруаның адамы. Бірақ, газет-журналдарды, кітапты көп оқитын. Көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Ғибратты нәрселерді бізге айтып отыратын. Теледидардан терме, дәстүрлі әндер орындалып жатса, отырғызып қойып тыңдататын. Тыңдатып қана қоймай, әсерін айтып отыратын. Кейіннен аудандық айтыстарға қатысқаннан кейін Қаныбек ағамыз бен Әселхан апайымыз 20-30 баланы жинап, партаға отырғызып қойып, бізге айтыстың қыр-сырын үйретті. Мен әлі де айтамын, Қазақстандағы тұңғыш ақындар мектебі 1988 жылы Отырар ауданында ашылды. Әл-Фараби атындағы мәдениет сарайына аудандағы оқушыларды аптасына екі-үш күн жинап, сағаттап сабақ өтетін. Сол үшін мен Қанекеңді де, Әселхан апайымды да өзімнің негізгі ұстазым санаймын.
– Ең алғашқы аламан айтыстарға ойша оралайық. Ең алдымен қай көрініс көз алдыңызға келер еді? Сахна ма, көрерменнің қолдауы ма, әлде қарсыластарыңыз ба?
– Ең алғашқы айтысым көз алдымнан кетпейді. Ешқашан. Кішкентай сыныпта болған айтыс. Қарсыласым – қатарлас сыныптағы Меруерт деген қыз. Айтыс дегеннің не екенін білмеймін. Ойымның барлығы өлеңімді ұмытып қалмай айтып шығу. Сол жерде қанша адам отырғанын да, кім отырғанын да білмеймін. Қарсыласым Меруерт екенін білемін. Дайындап алған өлеңімді айтып шықтым. Сыныптастарым мәз болып, шумақ сайын қол соғып, қолдап отырды. Әрі олардың қолдап отырғанына қуанып отырдым. Екінші жағынан өлеңімді ұмытып қалмайын деп шумағымды дайындап отырдым. Сол сәт көз алдымнан кетпейді.
– «Дүниеде не қиын? Шаршы топта сөз бастау қиын» деген Бұхар жырау. Айтыс өнеріне жүрегінің түгі бар, «аузына Алла сөз салған» дуалы ауыз, әруақ көтеретін арқалы адамдар ғана тәуекел ететіні белгілі. Дегенмен де, айтыс ақыны үшін ең қиын сәт не дер едіңіз?
– Айтыста оңай сәттер жоқ. Оның бәрі табан астында болады. Білімің де, ақындық шеберлігің де, тапқырлығың мен ұтымды уәж айта білуің де сынға түседі. Тіпті, жоспарлап барған нәрсеңнің біреуі де болмауы мүмкін. Сол жерде бір жағдайлар пайда болып, айтысың басқа арнаға өтіп кетуі мүмкін. Қарсыласыңа айтайын деп отырған сөзіңді қазылар алқасы бөліп жіберіп «Сендердің бір-бірлеріңе әзіл айта алатындарыңды білеміз. Бірақ, ел сендерден мынадай мәселе күтіп отыр» деп, жаңа тың тақырыпты бере салады. Сондықтан айтыс өнерінің оңай жері жоқ. Алайда, ең жауапты кез – елдің сөзін сөйлейтін, елдің намысы сынға түсетін кез. Ақынның мойнына артылған жүк те, аманат та – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Мысалы, өзіңе қатысты сөздерге байланысты қарсыласыңнан ұтылсаң, сөз саған келеді. Ал, еліңнің басын арашалай алмасаң, сөз өз еліңнің басына келеді. Ең бастысы – еліңнің есесін жібермеу, еліңнің абыройын қорғап қалу. Ең жауапты, ең қиын сәт сол.
– Есте қалған сондай бір айтыстарыңызды еске түсіріп өтіңізші?
– Бір мысал келтірейін. Бір жылы Айтақын Бұлғақовпен айтысқан кезде, Шымкенттің мектебінде балалар арасында қару қолданған атыс болып, ол ақпарат құралдарында жарияланып, іс қозғалып жатты. Айтақын:
«Шымкентті дәстүрге, салтына берік ел дейміз.
Кішкентай балалар тапа-тал түсте мектепте атысып жатыр» деп жанды жерден ұстай алды. Өтірік деп айта алмайсың. Факт бар. Іс қозғалып жатқан нәрсе. Соның алдында ғана Заманбек ағамыз қайғылы жұмбақ жағдайда қайтыс болып, ел күңіреніп жатқан. Сол есіме түсе қалды.
Жоғарыға қарап өсеміз ғой.
Сендер де аман-есен жүрсіңдер ғой,
Білдей бір Заманбектің басын алып, – деп уәж қайтаруға тура келді.
Шымкентте өткен тағы бір айтыста Айбек Қалиев: «Жетісайда Сабырхан Асановтың мектебі бар екен. Әйгілі ақын. Осы елдің перзенті. Шәмші бізден шыққан. Мұхтар бізден шыққан деп көкіректеріңді ұрасыңдар. Бірақ, соның мектебі құлайын деп тұр. Атымен мақтанып жүрсіңдер? Әкімге айтып жасатпайсың ба?» деп бас салды. Залда облыстың әкімі отыр. Оған да ұтымды уәж айту керек болды. Сол кезде Торғайдың, Арқалықтың қиын жағдайын білетінбіз. Алдымен «Сабырханды ел біледі. Ол біздің рухымызды құлатқан жоқ. Біз де оның мектебін құлатпаймыз» деп бір шумақпен қайырып алдым да:
«…Ақын айтып әкімдер істей берсе,
Айбек-ау өзің айтшы сен не істедің?
Торғайың да кезінде тоз-тоз болып,
Білеміз Торғайдан да ел көшкенін,
Мектеп түгіл микрорайондар құлап,
жерге кіріп кетпеп пе еді жерлестерің» – деп жауап бердім, аузыма құдай салған шығар. Айтыста осылай ар мен намыс безбен басына түсетін сыни сәттер көп. Ең бастысы, елдің абыройын қорғау.
– «Халқымның мүддесіне қайшы болса, Отқа жағу керек қой ондай заңды» деген осыдан біраз жыл бұрынғы өткір сөздеріңіз әлі ел жадында. Бүгінгі қабылданып жатқан жаңа заң жобасы жайлы қандай пікірдесіз?
– Бұл екі мыңыншы жылдардың маңайында айтылған сөз ғой. Мемлекеттік шенеуніктердің бәрі мемлекеттік тіл білсін деген кезде Парламентте Айталы ағаларымыздың көтерген мәселесі еді. Өкінішке орай, депутаттардың өзі қарсы шығып, ашу-ызамен айтылған шумақ қой. Жаңа Конституцияға байланысты өз пікірімді айттым. Ең бастысы, үнімізді қостық, дауыс бердік.
– Бекарыс Ақсақалұлы, тек айтыскер ақын ғана емес, еліміздің саяси-әлеуметтік өміріне тікелей араласып, үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутатысыз. Осы бағыттағы қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз?
– Жалпы, облыстық мәслихат депутаты болғанмен, өзіміздің бекітілген аймағымыз бар. Мен Түркістан қаласынан сайланған депутат болғандықтан, осы елдегі әлеуметтік нысандардың салынуына, экономикалық өркендеуіне қатысты кез келген іс-шараға және соларды қаржылай қолдауға барынша күш саламыз. Депутаттық сауалдар жолдаймыз. Мысалы, былтыр ғана Түркістан қаласынан ашылған мәдениет үйінің салынуына ықпал еттік десем болады. 2021 жылы сайлаудың қарсаңында Түркістан қаласы мәдениет үйінсіз қалды. Мәдениет үйі Бірлік ауылындағы клубқа көшіп, сайлаушылармен кездесуге сол жерге бардық та, қиын жағдайларын көріп «Қалай да осы мәселені соңына жеткіземіз» деп уәде бердік. Мен ғана демей-ақ қояйын, сол кездегі облыстан сайланған депутаттардың бәрі күш салып, ұзатпай құрылысын бастауға қаржы бөлдірдік. «Қаржы жоқ» деп тұрған кезде 5-10 млн. теңге қаржы бөлдіріп, құрылысын бастауға сеп болдық. Себебі, бастаған нәрсені ары қарай бітіру керек, ізденуге болады. Басталмаған нәрсені сұрау қиын. Осылай жылма-жыл сұрап, қайта-қайта депутаттық сауал жолдаудың нәтижесінде қала тұрғындары әдемі мәдениет үйіне ие болды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар салуға, спорттық алаңдар, облыстағы жазғы балалар лагерьлерін ретке келтіруге хал-қадерімізше жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде облыстағы жеті мемлекеттік мекеменің барлығына барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлдіріп, көбісі ретке келді.
– Бекарыс Ақсақалұлы, көрермен ретінде байқағанымыз, айтыс кезінде қарсыласының жеке басына қатысты кемшіліктер айтылып жатады. Ол жеңіске жетудің құйтырқы тәсілі ме, әлде көрерменді қызықтыру ма?
– Оның екеуі де бар. Біріншіден, тартымды, жұртқа сүйкімді айтыс жасау. Екіншіден, сүйкімді айтыс жасап, екеуі де сүйкімді болып кетіп жатса жақсы. Бірақ, олардың мақсаты қарсыласты жеңу ғой. Сөз сайысы оңай емес. Қалай да қарсыласты тұқыртып, ыңғайы келсе жеңіске жету. Бір қарасаңыз, айтыс ережесіз жекпе-жек сияқты. «Мынаны маған неге айтасың?» деп айта алмайсың. Орайын, әңгіменің ығытын тауып кетсе, ол кез келген нәрсені айтады. Жеке басыңнан бастап елдік нүктеге дейін ақынның басына аудара салады. Сол сияқты ол жерде айтыстың тартымдылығы да бар. Екіншіден, қарсыласты тұқыртып, жеңу – ақынның негізгі мақсатының бірі.
– Өткенге көз жүгіртсеңіз, өзіңіздің ширек ғасырдан бергі айтыстарыңыздың ішінен қай айтысыңызға «мына жерді басқаша айтуым керек еді» дер едіңіз?
– Бұйыртса, жақын арада «Айтыстар жинағымды» жарыққа шығармақпын. Оның ішінде барлық айтыстарым қамтылды деп айта алмаймын. Әлеуметтік желіде, бейнетаспаларда сақталғаны бар. Біршама дүние. Бұған дейін «Қазыналы Оңтүстік» атты кітапта жиырмадан астам айтысым жинақталып жарық көрген болатын. Әріптестерімнің жеке жинақтарына шыққан айтыстарым бар. Бірақ, тұңғыш кітабымды енді қолға алдым. Соны қарап отырып, бір емес, бірнеше жерде: «Шіркін- ай, мынаны былай пісіріп жіберсе болады екен-ау», «Мына жерге бір жол қосып жіберсе болады екен- ау» деп ойлаймын. Бірақ, сахнада ондай мүмкіндіктер жоқ қой. Пісіріп, қорытып отыратын. Сол кездегі шеберлік деңгейің қандай, айтыс солай шығады. Айтыстың эволюциясы деген сол. Айтысты табиғи қалып ретінде қабылдау керек.
– Бекарыс Ақсақалұлы, мәнді, мағыналы сұхбатыңызға рахмет! Наурыз мерекесі елімізге амандық әкелсін!
Роза НАРЫМБЕТОВА,
Дәурен ТІЛЕУХАН,
«Түркістан».
