«ГАМЛЕТ» – Қ.ЖАНДАРБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ САХНАСЫНДА

67 көрілім

Ақпан айының 26-27 күндері Мырзашөл өңірінің қарашаңырағы Құрманбек Жандарбеков атындағы  Жетісай драма театры сахнасында алғаш рет «Гамлет» спектаклі  –  трагифарс жанрында сахналанды. Классика мен постдраманың үйлескен көркем үлгісі режиссер Гауһар Адайдың шығармашылық ізденісі мен сценограф Гүлдана Алинаның үйлесімді жұмысы, актерлердің шеберлігі спектакльді жаңа биікке көтерді.

Әлем драматургиясының темірқазығы саналатын Уильям Шекспирдің шығармалары ғасырлар бойы сахна өнерінің өлшемі болып келеді. Оның уақытпен бірге жаңарып, әр дәуірдің рухани уақытпен бірге жаңарып, әр дәуірдің рухани сұрағына жауап іздейді. Шекспир мәтіні – актер үшін  психологиялық тереңдік мектебі, режиссер үшін концептуалдық ойлау кеңістігі.  Театр  бассшысы Орал Камал мырзаның арнайы келген кәсіби маман Өнертану магистрі, Т. Жүргенов  атындағы өнер академиясының аға оқытушысы, Республикалық «Театр сыншылары» бірлестігінің мүшесі  Айжан Ахмет ханым қойылымды тамашалап, спектакльді кәсіби түрде талдады. Айжан ханым өз  сөзінде, қазақ классикасы мен шетел классикасы әр театр репертуарында болуы тиіс екенін атап өтті.  Мұндай шығармалар режиссер мен актердің кәсіби  тұрғыда өсуіне зор ықпал етеді» деп  театр заңдылығын тілге тиек етті.Шекспирге бару – тек батылдық емес, зор жауапкершілік, оның мәтіні орындаушыдан сыртқы шеберлікті ғана емес, ішкі рухани тереңдік пен интеллектуалдық дайындықты талап етеді. Сондықтан «Гамлеттің» Жетісай сахнасына келуі – театрдың шығармашылық амбициясының айқын көрінісі деді.

Гауһар Адай «Гамлетті» трагифарс жанрында ұсыну арқылы классикалық трагедияны жаңа қырынан пайымдаған. Спектакльдегі басты және көпшілік сахна – актерлік шеберліктің біртұтас көрінісі ретінде сахнадан ерекше орын алды.  Көрермен Көзайымына айналған Гамлет рөлінде Нұрғиса Искендиров  және  Нұрсейіт Өткір.   Горацио Нұрғиса Оралбеков, Бекасыл Сыйхынбай,  Король Клавдий-Арман Өтебеков, Әбдікерім Үкібаев.  Королева Гертруда-Жадыра Атахаева,Гүлвира Абдразахова. Офелия-Дариға Қарсыбай, Ақниет Бимаханбет. Лаэрт-Тыныбек Құралбай,Нұрмұқасан Қаламбай. 

Полоний-Бақытжан Қаппаров. 

Розенькранц- Мейіржан Тұрсынов

Гильденстерн – Сәмет Бегімқұлов.

Қойылымның ажарын аша түсіп,оқиға желісін одан әріге шиеленістірген Розенькранц пен Гильденстерн рөльдерін асқан шеберлікпен сомдаған актерлер Сәмет Бегімқұлов пен Мейіржан Тұрсыновтың дуэті бір-бірін көзбен түсініп, жан дүниесі бір-біріне  мінсіз үйлескен ойын көрсетті. Олардың сахналық әрекеті спектакльдің динамикасын күшейтіп, көрерменнің назарын бірден өзіне аударып, оқиға желісін одан әріге қоюландыра түсті. Көпшілік сахнадағы А.Жорабекова, М.Қаппарова, С.Бегімқұлұлы, Б.Қалдарбекова, М.Тұрсынов, Н.Қаламбай сахналық кеңістікті тірі, динамикалық «картиналарға» айналдырып, әр көрініске композициялық үйлесім берді.Ал спектакльдегі ерекше тұстардың бірі Елес сахнасының көркемдік шешімі спектакльдің биігін айқындайды. Қызыл матамен астастырылған көрініс – қанның, кектің, әділетсіздіктің символы. Режиссер классикалық мәтінді бүгінгі көрермен санасына жақындатып, басты кейіпкердің ішкі әлемін спектакльдің драматургиялық тірегі ретінде ұсынған.Барлық актерлердің біртұтас жұмысы постдрамалық бағыт пен классикалық мәтіннің үйлесімін көрсетіп, спектакльдің көркемдік толықтығын қамтамасыз етті. 

Сценограф Гүлдана Алина жасаған декорациялық шешім тарихи дәуірдің атмосферасын сақтай отырып, символикалық кеңістік қалыптастырған. Сыншы Айжан Ахмет режиссер мен суретшінің жұмысын жоғары дәрежелі тандем деп бағалады. Әр сахнада декорация, мизансцена және актер үштігі үйлесімді орын тапты.Жетісай театрының шалғайда орналасқанына қарамастан, үлкен қалалардағы театрлардан қалыс қалмай, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Классикалық мәтін мен постдрамалық тәсілдің үйлесімі  трагифарс жанры спектакльдің эстетикалық тұрғыдан тұтас, мазмұндық жағынан терең екенін көрсетті. Көрермен назарына екі күн қатарынан ұсынылған спектакль аншлагпен өтті. Жетісайлық көрермендер қойылымды жоғары бағалап, жылы қабылдады. Театр – көрерменге талғам әкелетін, білім беретін рухани кеңістік. Жетісайдағы «Гамлет» өз көрермені үшін дәл осындай миссияны арқалады.

Жұлдыз Қалдыбек,
Ахмет Ясауи университетінің түлегі,
Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының актрисасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы