«Өмірі – сөзге қызмет, еңбегі – ұрпаққа»

22 көрілім

Қазақ журналистикасы мен радиосының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шаматайұлы Кемелбек 1941 жылы 17 наурызда Ордабасы ауданы, Бөген ауылында дүниеге келді. Бала күнінен білімге құштар Кемелбек ауылдағы жетіжылдық мектепті тәмамдаған соң, педагогикалық училищеде оқып, кейін журналистикаға бет бұрды. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, журналист мамандығын меңгерді. Бітірген соң 1967 жылы Қазақ республикалық радиосында жұмысын бастап, қатардағы редактордан бастап, Республикалық радио қоры бірлестігінің жетекшілігіне дейін өсті. Ол бір орында 30 жыл еңбек етіп, радио ісінің дамуына елеулі үлес қосты.Шаматайұлы Кемелбек – тек радиожурналист қана емес, философия мен әдебиетті терең түсінетін дарынды маман. Ұлы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында республикалық радиода философия ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ғарифолла Есіммен бірлесе отырып, Абайдың қара сөздері бойынша жүргізген «Асыл сөздің астарлары» атты 54 хабарының әрқайсысы жарты сағаттық герменевтикалық түсіндірме әңгіме ретінде радиода беріліп, осы еңбегі үшін лауреат атағына ие болды. Шаматайұлы Кемелбек теледидар мен радио ісінің үздігі ретінде танылды. 1978 жылдан бастап ҚазМҰУ журналистика факультетінде, кейін Халықаралық Қатынастар және Тілдер Университетінде (ХҚТУ), сондай-ақ Қазақ-Кувейт университетінде болашақ радиожурналистерді тәрбиелеуге ат салысты. Сонымен қатар, ол республикалық басылымдарда да қызмет атқарды: «Болашақ», «Жеткеіншек» газеттері мен «Діл» апталығының бас редакторының орынбасары болды. Шаматайұлы Кемелбек – журналистиканың барлық саласында терең із қалдырған, радио мен теледидар, оқу мен баспасөзде өз үлгісін көрсеткен ерекше тұлға. Оның еңбегі – келешек буын журналистері үшін үлгі. Шаматайұлы Кемелбектің кәсіби жолы радио мен журналистиканың дамуына, ұлттық мәдениет пен сөз өнеріне қосқан өлшеусіз үлесімен есте қалмақ.

Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Балнұр ПЕРНЕХАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы