Қоғамның дамуына тұсау болатын ең қауіпті құбылыстардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл бағыттағы ең тиімді әрі ұзақ мерзімді әрекеттің бірі – өскелең ұрпақтың санасына адалдық пен әділдік құндылықтарын ерте жастан сіңіру.
Мектеп – тұлға қалыптасатын, мінез бен көзқарас бекитін маңызды орта. Сондықтан, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру басты бағдардың бірі болуы шарт. Сабақ барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, адал еңбек пен әділ бәсекенің маңызын түсіндіру, тақырып аясында тәрбие сағаттарын өткізу – оқушылардың дұрыс көзқарасын қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Бүгінде көптеген білім ордаларында оқушылардың жауапкершілігін арттырып, әділдік пен сенім қағидаттарын өмірлік ұстанымға айналдыруға бағытталған түрлі тәрбие сағаттары, пікірталас алаңдары мен эссе байқаулары ұйымдастырылып, жастар арасында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру көзделіп отыр. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, әр мектеп парасатты азамат тәрбиелеуге, тұлға қалыптастыруға үлес қосса, еліміздің болашағы жарқын болатыны сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ең алдымен сана тазалығынан басталатынын ұмытпауымыз керек. Егер бала жастайынан адалдықты ту етіп өссе, қоғамда әділет үстемдік етеді. Сондықтан, әрбір ұстаз бен ата-ана өскелең ұрпаққа үлгі бола отырып, заңға құрмет пен адамгершілік қағидаларын дәріптеуі тиіс. Себебі, адал ұрпақ тәрбиелеу – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция.
Қыдырбай ТӘЖІБАЕВ,
Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі.
