Түркістан – тарих пен тағылымның, рух пен руханияттың ордасы. Осы киелі мекенде бүгінгі таңда ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрген жас сарбаздар аз емес. Солардың қатарында өнері мен мінезі, арманы мен ұстанымы бір-біріне ұқсамайтын, бірақ жүрек түкпіріндегі мақсаттары ортақ үш сарбаз бар.
2004 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақата ауылында дүниеге келген Рамзат Азизұлы бала кезінен өнердің қасиетін бойына сіңіріп өсті. Қ. Сағындықов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің жанындағы колледжде «Бас домбыра аспабы» мамандығы бойынша білім алып, 2023 жылы дипломын қолына алған.
Қатардағы жауынгер Рамзат әскерге дейін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік филармония жанындағы «Қорқыт» этно-саз тобында кахон ұрмалы аспабында ойнаған. Рамзат домбырадан басқа пианино, шертер, кахон, барабан және гитарада еркін ойнайды. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Рамзаттың ата-анасы мен бауырлары да кәсіби музыканттар: анасы – опера әншісі, әкесі жыр-термеден сабақ беретін ұстаз, әпкесі мен жеңгесі кәсіби қобызшылар.
Қатардағы жауынгер Арсен Қалыбаев 2005 жылы Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Қараөзек ауылында дүниеге келген. №39 Қызылөзек орта мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда қаласы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің «Домбыра» мамандығына оқуға түседі. 2025 жылы оқуын тәмамдаған Арсен Түркістан қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге келді. Әскери ортада да ол өзінің өнері мен еңбекқорлығымен көзге түсіп, бөлімде домбыра және гитара үйірмелерін жүргізуге тағайындалды. Арсен үшін әскери өмір – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. «Сарбаз болу – тек қару ұстау емес, рухты тәрбиелеу», – дейді ол. Домбырадан бөлек пианино мен гитарада да ойнайтын Арсен әскерге келісімшартпен қалып, әскери ансамбльде өнер көрсеткісі келеді.
Қазір кәсіби музыкалық білімі бар Арсен мен Рамзат шағын топ құрып, әскери бөлімде ғана емес, Түркістан қаласында өткізіліп жатқан түрлі шараларға қатысып жүр.
Қатардағы жауынгер Аллажар Қорғанов 2005 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, И.Омаров атындағы колледжде программист мамандығы бойынша білім алады. Алайда Аллажардың жүрек қалауы – сурет өнері. Ол салған әрбір суретінде өз ойын, сезімін, өмірге деген көзқарасын ерекше әсермен жеткізе біледі.
Бүгінде Аллажар Әскери қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүр. Қылқаламды серік еткен Аллажар әскери бөлімнің кітапхана қабырғасына Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың портретін шеберлікпен салып шықты.
– Мен сурет салумен бала кезден айналысамын. Кәсіби суретші болмасам да, бұл менің табиғатыма жақын өнер. Әлем тамсанатындай өнер туындысын жасағым келеді. Менің еңбектерім әлі музейлерде де тұруы мүмкін, бұл – менің арманы, – дейді Аллажар.
Ортақ мақсат – Отанға адал қызмет. Бірі өнерпаз, бірі ұстаздыққа бейім, бірі сурет арқылы сөйлейтін бұл үш сарбазды біріктіретін ортақ қасиет – Отанға деген шынайы сүйіспеншілік. Әскер өмірі олар үшін тек міндет емес, азаматтық парыз, ер-азаматқа тән жауапкершілік мектебі.
Қазіргі таңда үшеуі де Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде қызмет етіп, ел тыныштығы жолында адал еңбек етуде. Олардың өмірлік ұстанымы айқын: қай салада жүрсе де, қай ортада болса да, ең бастысы – адамдықты сақтау, елге қызмет ету, алған тәрбиені абыроймен алып жүру.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
