7 САҒАТҚА СОЗЫЛҒАН ЖҮЗДЕСУ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ  ТЫҢДАЛДЫ

125 көрілім

Кеше облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, одан кейін азаматтарды жеке қабылдады. 7 сағатқа созылған  жүздесулерде тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелердің ашық әрі еркін форматта көтерілді. Облыс басшысына тікелей талап-тілегін жеткізу үшін қабылдауға 50-ге жуық азамат келген. Жеке қабылдау барысында тұрғын үй алу, жер телімін заңдастыру, құрылыс сапасы, инфрақұрылымды жетілдіру, заңсыз құрылыс нысандары, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар өзекті түйткілдер айтылды. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныс-пікірлер де назардан тыс қалмады.

Қабылдауға келген тұрғындардың бірі тұрғын үй кезегінен шығарылуына байланысты наразылығын білдірді. Нәтижесінде өтініш иесінің атында тұрғын үй болғандықтан, заң талаптарына сәйкес кезектен алынғаны түсіндірілді. Дегенмен мәселе жан-жақты зерделеніп, заң аясында шешімін табатыны айтылды. Сондай-ақ, құрылыс сапасына қатысты мердігер мекемелерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасы, бейнебақылау камераларының істен шығуы, аулаларды абаттандыру мәселелерін де көтерді.

Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін ұсыныстар заң талаптарына сәйкес қаралатын болады.

Өңір басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері облысты дамыту ісінде ескерілетінін атап өтті. Азаматтардың өтініштерін заң аясында қарау, жүйелі шешім қабылдау және халықпен кері байланысты күшейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

«Түркістан-ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы