ӨНЕРДІҢ ӨЗЕГІНЕ ЖЫЛУ БЕРДІ

412 көрілім

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілгенде қуанбаған адам жоқ шығар. Сол кезде шаһар тарихындағы елеулі оқиға қуанышымен қатар жергілікті бірқатар салаларға ауыртпалығын да ала келді. Солай болуы да заңдылық қой негізі. Шағын ғана қалаға көшіп келген облыстық мекемелер жайғаса салатын дайын ғимараттар жоқ. Сонымен, орталыққа келген ірі-ірі мемлекеттік мекемелер, құзырлы органдар лажсыз қолданыстағы мекемелердің ғимараттарына орналасуына тура келді. Соның қатарында түркістандық өрендерді өнерге баулитын білім ұяларының ғимараттары да бар еді. Сөйтіп олар жылы орнын тастап, пана болуға жарар ғимараттарға қоныстанды. Тіпті, Түркістан қаласының мәдениет саласы өкілдерінің түгелге жуығына осы көштің салқын лебі ескенін ақпарат құралдарында жазылған мәселелерден аңғаруға болады.

Бірақ, бұл құбылыс уақытша екенін бірі біліп, бірі білмесе керек. Жайлы орнынан айрылған өнер ұялары туралы жанайқай біразға дейін басылмады. Не керек жазылған да, айтылған да жайлардың жаңғырығы басшылыққа жетіп, өткен жылы қиындықтар ұмыт болатындай игі бастамаларға куә болдық. Нәтижесінде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бас болып, бір сөзбен айтқанда киелі топырақтағы өнердің өзегіне жылу берді.

Бүгінгі біздің әңгімемізге өзек етіп отырған тақырыбымыз осы – өнер туралы. Өнер болғанда да, сол өнердің мәйегін талбесіктен бастап жас ұрпағымыздың бойына сіңіріп жүрген, қылтиып өсіп келе жатқан жас өскіннің қабілет-қарымын дамытып жүрген қосымша білім беру саласындағы мекемелер туралы болмақ. Қаламызда осындай тұмса бұлақ көздерін ашып жүрген мекемелер қатарында «Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы», «Өнер» орталығы, «Түркістан балалар саз мектебі», «Балалар қолөнер мектебі» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны бар. Бұл Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты қосымша білім беру ұйымдарының тұрақты мекенжайлары болмай, баспанадан қиындық көріп келгені жасырын емес. Шынында да, үй болмай, күй болмайды. Музыкалық аспаптары мен киім- кешектерін, түрлі құрал жабдықтарын көтеріп, жалдамалы орында жұмыс жүргізудің қиындығын басынан өткен жан біледі. Ал, біздің бүгінгі мақсатымыз, осы төрт қосымша білім беру ұйымының дербес, жеке баспанаға, қазақи тілмен айтқанда өз шаңырақтарына ие болғандығын айтып, түркістандық оқырманға сүйіншілеу.

Аталмыш жағымды жаңалыққа ұйытқы болып, өнерге құштар балаларға қуаныш сыйлаған да – Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы! «Үлкеннің мыңын қуантқанша, баланың бірін қуант»- деген дана сөз бар халқымызда. Әзімбек Пазылбекұлы қызметке кіріскен күннен бастап, білім ордалары мен балалар мекемелерін аралап көріп, сол сапарда түйген ойларын тезірек жүзеге асыру нәтижесінде осы төрт мекемені баспаналы етті. Қаншама бала, ұлағатты ұстаз, ата-ана қуанышқа бөленіп, алғысын айтты. Ол туралы әлеуметтік желіде де «Төл өнерін де, қол өнерін де төрге оздырған Түркістан»- деп қуана жазды жаңа оқу ғимаратына қоныстанған қауым. Мәселен, Әл-Фараби мектебімен қосарлана отырған «Түркістан балалар саз мектебі» Тәуке хан даңғылының бойындағы бұрынғы өз ғимараттарына қайта жайғасты. Ал, «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» және «Өнер» мектебі К.Байсейітова көшесіндегі 11 «А» екі қабатты мекенжай «Өнер» орталығы деген ғажап атпен жаңғырып, жұмысын жүргізуде. Бұл ертегідей ғажап балалар әлеміне кіргеннен көңіліңіз көтеріліп, сергіп сала бересіз. Сырттағы күн бұлттанып, жаңбыр жауып тұрған көріністен айығып, ән мен күй төгілген жарқыраған өмірге еніп кетесіз! «Гитара залы», «Би залы», «Үйірмелер бөлмесі» деген бөлмелерде гитарамен ән салып, би билеп жатқан жасөспірімдердің қай-қайсысымен сұхбаттассақ та, өнерге құштарлықтарын жеткізіп, дарын көзін ашқан ұстаздарына алғысын айтып жатты. Өнердің құдіреті шексіз, шынында да. Қанаттанған, болашаққа ұмтылған жастарды көрдік. Жастарды гитараға баулып тұрған Жәнібек Бекжігітовты көрдік. С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, №24, Қ.Сәтпаев мектептерінен келген оқушылар осы жерде тек өнерді ғана үйренбей, дос арттырған. Бұл жерден гитарамен топтасып ән салған қыздарды да көрдік. Би үйірмелеріндегі қанатын қомдаған қарлығаштар қандай сүйкімді. Кең жарық залда бір мезгілде отызға жуық балапан би үйренуде. Ғажап әлем! Осы әсермен «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» басшысы, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Ақсақалұлы Шойбековке жолығып, жаңа қонысқа құтты болсын айтып, әңгімеге тарттық.

– Былтырғы жылдың есебінен алатын болсақ, білім саласы, оның ішінде қосымша білім саласы үшін табысты болды. Себебі, былтырғы жылы балалар мен жасөспірімдер орталығы, «Өнер» мектебі жаңа ғимаратқа көшті. Оның сыртында қаламыздағы «Саз-өнер» мектебі бұрынғы өзінің ғимаратына қайта көшіп барды. Бірнеше жыл сыртта жүрді. «Қолөнер» мектебі су жаңа қолөнер орталығына көшті. Бұл – қуанарлық жағдай. Материалдық жабдықталу тұрғысынан.

«Өнер» мектебі ашылғалы бері жалға алып, сыртта жүрді. Тұңғыш рет жаңа ғимаратқа көшіп, өзімен-өзі болып отыр. Біздің балалар мен жасөспірімдер орталығының ауқымы үлкен. Мың жарымға жуық оқушымыз бар. Оның барлығы бір ғимаратқа сыймайды. Біздің отырған ғимаратымыздың өзінде тағы бір мекеме отырғандықтан, ол жерге мүлдем сыйған жоқпыз. Сондықтан, біздің көптеген үйірмелеріміз мектептерге өздері барып өтіп жүрді. Қазір де солай. Мысалы бізде 35-36 үйірме болса, соның жартысына жуығын осы жерге көшірдік. Бұл жерге сыйыспаған үйірмелер мектептердің өзінде өтіп жатыр. Оқушы үшін ол өте қолайлы, ыңғайлы. Себебі, оқушының өзі барып жатқан мектебіне ұстаздың барып өтуі мектеп үшін де ыңғайлы. Біздің тұрғымыздан қарағанда, барлық үйірме бір орталықта болу керек. Ол жағынан алсақ, үйірмелердің жартысына жуығы осында өтіп жатыр. Орталықтың құрамында «Сымбат», «Алтынай», «Шабыт» сияқты үш бірдей би үйірмесі бар. Осы үйірмелердің барлығын ұлттық киімдермен жабдықтадық. Қыздарымыз республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз болып келіп жатыр. Мұнда ғана емес, шетелдерде де, көрші Өзбекстанда өнер көрсетіп жүр. Бірнеше шетелдерге, түрлі халықаралық конкурстарға шақырулар алып жатыр. Бірақ, іс-сапар шығынына байланысты оның бәріне жібере алып жатқан жоқпыз. Сондай-ақ, бізде қазіргі заман талабында, трендте тұрған «Робототехника», «ІТ» сыныбы бар. Робототехника құралдарымен және компьютерлермен жабдықталған. Ол сынып та жұмыс жасап жатыр және қолөнер саласы бойынша үйірме бар. Шетелден келген қандас бауырларымыз да қолөнер, кілем тоқу бойынша сабақ береді бұл жерде. Сонымен қатар, дойбы, шахмат сияқты үлкен залды қажет етпейтін, арнайы кластарда өтетін спорт түрлерінен де үйірмелер бар. Бұл үйірмелерге қатысып жүрген балаларымыздың табыстары жақсы. Күні кеше шахматтан өткен жарыстарда екінші, үшінші разряд алып, жарыс нәтижесін қорғап келіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ғимарат оқушыларымызға да, ұстаздарымызға да шаттық сыйлап отыр десек болады.

Бекарыс Ақсақалұлы айтса айтқандай, Әзімбек Пазылбекұлының бұл нақты қадамы, өнерге жанашырлығы өнерді мақсат тұтқан қаншама жастың қолайлы да жақсы жағдайда білім алуына мүмкіндік туғызып отыр! Бұл – болашақ дарын иелеріне салынған депозит десек артық айтпаспыз. Ал, енді осы жас өскіндерді өнерге баулуда ұстаздар еңбегі, білімі мен біліктілігі қандай?

– Өнер мектептерінің, қосымша білім беру ұйымдарының негізгі ерекшелігі, мұнда мектептегідей қатып қалған стандарт жоқ. Мектепте түзілген оқу бағдарламасы, көмекші оқу құралдары, тиісті әдістемелік көмектері болады. Әрбір пән нақты бір бағдарламамен жүреді. Мемлекеттік деңгейде, мемлекеттік стандартпен бекітілген. Ал, қосымша білім беруде, сол пәннің ұстазы бар, мектеп бар, тиісті бағдарламасы бар, сол бағыт-бағдар бойынша жүреді. Бұл, бір жағынан дұрыс. Бұл – шығармашылық еркіндік! Өз жолымен, өз әдістемесімен ары қарай сол саланы дамытуға болады. Сол жағынан алған кезде ұстаздарымыздың еңбегін, өз басым, жоғары бағалаймын. Ұстаздарымыз ізденімпаз! Ең бастысы, оқушылардың бойындағы талантты көре білу және соның көзін аша білу. «Бұлақ көрсең, көзін аш!»- дегендей, жаңа оқу жылы басталғаннан ұстаздарымыздың барлығы мектеп аралайды. Ондағы мақсат біреу-ақ! Сол мектептегі талантты, талапты балаларды табу және белгілі бір нәрсеге бейімі бар балаларды табу. Негізі, кез-келген адам бір нәрсеге бейім болады. Оны сол сәтінде анықтай білсе, соны көре білсе және соны дұрыс бағытқа сала білсе, оның дамуына, болашақта одан жақсы азамат шығуына үлкен мүмкіндік туады, жол ашылады. Біз, негізі, осы мәселеге, білім мен тәрбиеге баса көңіл бөлуіміз керек. Оның үстіне кез-келген баланың құмарлығы болады. Сол құмар саласына қарай ол баланы дамытып жіберу керек. Егер ол футболға құмар болса, спорт саласына, егер ол өнерге, домбыраға, гитарамен ән айтуға құмар болса, соны тез көре біліп, өз саласына қарай бағыттап жіберсек, біріншіден қызығушылығын, екіншіден өнерін арттырамыз. Ары қарай университетке, колледжге түсіп, өз жолын тауып кетеді. Біздің оларға тигізетін пайдамыз осы жерде. Олардың талабын, талантын анықтап, дұрыс бағытқа жіберу. Ұстаздарымызды барлық мектептерге жіберудегі басты мақсатымыз осы. Сол жағынан ұстаздарымыздың еңбегін жоғары бағалаймын. Біздің кейбір үйірмелерімізге балалар сыймай жатады. Әсіресе, бізде үш бірдей би үйірмесі бар. Шынын айтқанда, бір жарым штатқа дейін жүктемесін арттырып жатырмыз. Бірақ, бәрібір сыймай жатыр. Балалардың өнерге құмартып, сыймай жатуы деген қуанарлық нәрсе! Домбыраға да, гитараға да солай. Ой еңбегімен айналысатын дойбы мен шахматқа да балалардың қызығушылығы мол.

Еркін, ашық әңгіме бағытында өрбіген сұхбат соңында тек мекеме басшысы ғана емес, облыстық мәслихат депутаты, қоғам қайраткері Бекарыс Шойбековке көптен бері көпшілік арасында қозғалып жүрген «Түркістанда «Әдебиет үйі», «Жыршы-термешілер үйі» ашылса екен..» деген ұсыныс-тілектерге көзқарасын білдіруді өтінген едік.

– «Мен бұл пікірге қосыламын. Мүмкін, бұдан бұрынырақ айтылған кезде «Оның қажеттілігі бар ма?»- деген сұрақ туылуы мүмкін еді. Ал, қазіргі таңда Түркістан өзгерді. Халық та көбейді. Бұл жерде түрлі саланың мамандары, кәсіби шеберлері келе бастады. Жаңа жас талап ақындарымыз, өнерпаздар шығып жатыр. Сондықтан, «Әдебиет үйі» ашылса деген ұсыныс айтылып жүр біраздан бері. Меніңше, пісіп келе жатыр деп ойлаймын бұл мәселе. «Әдебиет үйі» ашылу үшін, алдымен әдеби орта қалыптасу керек. Бізде әдеби орта қалыптасып келе жатыр. Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің бөлімше басшылары бар. Сондықтан, оны ойластырып, бейім саласына қарай «Өнер ордасы» деп ашуға болады. Біздің Түркістанның өзінен де оны ашатын уақыт жетті деп ойлаймын. Жалпы, бүгінгі тыныс-тіршілігімізден, қалалық әкімшіліктің өнерге, білімге деген қамқор көзқарасын анықтауға болады. Себебі, біз, білім бөлімі тікелей қалалық әкімдікке бағынбайды. Оның жауапкершілігі – білім басқармасында. Ғимаратпен жабдықталса да, жабдықталмаса да, материалдық жағына жауапты білім басқармасы. Бірақ, соған қарамай қаламыздың әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қызметке келген күннен бастап қаладағы барлық өнер ошақтарын, білім ордаларын аралап, көріп, біздің де жай-күйімізбен көзбе-көз келіп, танысып, осындағы балалардың өнерін көріп, тақылдап тақпақ айтқан бүлдіршіндерімізді көріп, тар залда билеп жатқан қыздарымызды көріп: «Сіздерге не көмек жасасақ болады екен?»- деп ойланып кеткен. Көп ұзамай осындай шешім қабылдап, үйлестіріп, осы ғимаратты бізге сыйлады десек те болады. Қалалық әкімдіктен өзіміздің балансымызға, білім бөліміне өткізіп берді. Осының өзі біздің әкімшіліктің, әкіміміз Әзімбек Пазылбекұлының өнерге оң көзқарасының дәлелі деп ойлаймын.

«ӨНЕР» МЕКТЕБІ – ТӨЛ ӨНЕРДІҢ КЕМЕСІ

Бір ғимаратта орналасқан қос мекеменің тыныс-тіршілігін көріп, көңіліміз көншіді. Қай кабинеттің есігін ашсақ та балаларды өнердің қыр-сырына баулып, жан-тәнімен үйретіп жатқан ұстаздардың еңбегіне тәнті болдық. Кең де жарық, жан-жақты жабдықталған кабинеттерде үйірме сабағын өтудің өзі қандай ғанибет! «Халық әні сыныбы», «Жыр-терме сыныбынан» күмбірлеген күйдің, сыбызғыдай сызылған әндерді тыңдап, тебірендік. «Өнер» мектебінің директоры, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің» халықаралық одағының Түркістан облысы бөлімшесінің төрағасы Тұрар Сәрсенбайұлы Тілеулиев те әңгімесін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлына алғыс айтудан бастады.

«Өнер» орталығы ғимаратын 2025 жылдың 25-қазан «Республика күні»мерекесі қарсаңында қала әкімі, елдің абыз ақсақалдары, аяулы аналары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері тілектерін айтып ашып, лентасын қиып, шашуын шашты. «Алтын домбыра» иегері, оралдық айтыскер ақын Жансая Мусина арнайы келіп, жырдан шашу шашты. Бұл жерде екі мекеме орналасқан. Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» мен 2009 жылы ашылса да, әлі күнге дейін өзінің баспанасы болмай, әр ғимаратта көшіп- қонған күй кешкен «Өнер» орталығы еңселі жерге келіп, оқушы да, ұстаз да, ата-ана да қуанып, еңсесін тіктеп отыр. Бұл орайда үлкен алғысты жас болса да, бас болып қызмет етіп жатқан қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлына айтқымыз келеді. Шаһарға 2024 жылы қазан айында әкім болып тағайындалғаннан кейін бір апта, он күннің көлемінде қалалық білім бөліміне қарасты мекемелерді аралап шықты. Соның ішінде осы екі ұйымның тыныс-тіршілігімен танысты. «Өнер» мектебінің ғимараты ескі екенін, «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» «Фронт-офистің» екінші қабатында отырып, қанша баланы сыйдыра алмай жатқанын көзімен көрді. Содан кейінгі мәселе, осы қос мекемеге қалайда тұрақты мекенжай ашып беру немесе салып беру міндеті тұрды. Сөйтіп, Күләш Байсейітова көшесі 11 «а» мекенжайындағы ғимаратты жөндеуден өткізіп, «Өнер» орталығы етіп ашып берді. Бізге он кабинет бөлінді. Бұл біздің еркін жұмыс істеуімізге мүмкіндік береді. Он қызметкер, 104 оқушымыз бар. Жалпы, қалада алты қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Соның ішінде «Өнер» орталығы бабадан балаға мирас болған дәстүрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Баршаға белгілі, дәстүрлі бағыт дегеніміз, дәстүрлі ән, күй, жыр, терме, айтыс сияқты бекзат өнерлердің алтын көмбесі. Осы орайда атап өтетін жайт, Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты шамамен елуге жуық қосымша білім беру ұйымдары бар. Солардың көбі жыр- термені үйретеді деп айта алмаймын. Бізде сол жыр-терме сыныбы жұмыс істейді. Ал, ең басты ерекшелігіміз, ақындар үйірмесінің жұмыс істеуі. Жоғарыда атап өткен облыстағы қосымша білім беру ұйымдарының екі-үш «Өнер» орталықтарында ғана ақындар сыныбы жұмыс істейді. Ол Шымкент қаласындағы Батырбек Өтеуов атындағы облыстық «Өнер» мектеп-интернатында және Түркістан қаласында. Ол – үлкен мақтаныш. Мектебіміз Бейбіт Сыздықов ағамыз әкім болып тұрғанда ашылған. Осы мектептің ашылуына Мақсат Асылбекұлы да үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, ұлт жанашыры, төл өнер десе ішкен асын жерге қоятын, облысымыздың құрметті азаматы, көшбасшымыз Рахым Көлбайұлы Тәңірбергенов «Ғимарат қайдан табамыз?»- деп тұрғанда: «Бекарыс басқарған мектеп, дәстүрлі бағытты қолға алып жатқан жұмысында бір ғимарат тауып бере алмай не болыпты? Жүріңдер, менің ғимаратымның ішінен кез-келген он кабинетті сендерге берем. «Жолаушы» мекемесінен. Қалғандары бірігіп отырсын. «Өнер» мектебі жеке отырсын!»- деп қамқорлық танытып еді. Бұл – 2009 жыл болатын. 2011 жылы мен жұмысқа келдім. Содан бері бұл киелі ордадан қаншама шәкірт тәрбиеленіп шықты. Тағы бір қызығы, өзің тәрбиелеп шығарып салған шәкірттерің қайтып өзіңе келген уақытта зулап өтіп жатқан уақыттың бедерін көргендей боласыз! Мысалы, ақындар сыныбында оқыған Нұрдәулет Өмірбек Астана қаласындағы «Евразия» университетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына грантқа түсіп, оқып жүрген жерінен ақындықты таңдап «Шабыт-өнер» университетіне қайта түсіп, ақындар мамандығын бітіріп келді. Яғни «Ақындар сыныбының мұғалімі» деген сирек мамандықтың иесі атанды. Сондай-ақ, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың жырдың уызына қандырып өсірген, бауырына басқан Ахметрасул Баянбай «Өнер» мектебі ұйымдастырған айтыстарға келіп қатысып жүріп, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді бітіріп, «Өнер» орталығына ұстаз болып келді.

– Осы орайда қаламыздағы қосымша білім беру ұйымдарының қызметін қалай пайдалануға болады деген заңды сұрақ туындайды.

«Өнер» орталығының басшысы Тұрар Тлеулиев «Айтыс ақындары мен жыршы- термешілердің» халықаралық одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы болғандықтан жалпы өнерге деген көзқарас, қамқорлық жайына да кеңінен тоқталып өтті.

– Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған, мәдениет басқармасындағы жандар бар, әрбір ауданның әкімдері бар, бұл бәрібір де қазақи дүниетаныммен өскеннен кейін ол бір дүние ешқайсысына алшақ емес. Оны сен оларға қалай жеткізе аласың? Рұқсат берген дүниені қалай өткізесің? Мәселе сонда! Ешқандай нәрседен кемшін түсіп жатқан кезі жоқ. Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан мақамдарына» байланысты республикалық дәстүрлі «Оңтүстіктің әндері» атты конкурс өтеді жыл сайын. Бүкіл ауданда өтеді. «Текті сөздің төресі – терме» деген жырдан, термеден өтетін байқаулар бар. Ал, енді айтыс мәселесіне келетін болсақ, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен, Жүрсін Ерман, Аманжол Әлтаев ағаларымызбен, тікелей әкімдікпен бірлесе жұмыс жасап, тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да өткізіп келе жатырмыз. Сөзімнің түйіні сол, облыс, қала басшыларына осы бар дүниенің маңызды екенін, халыққа керек екенін қалай жеткізе аласың, іс-шара сондай үлкен деңгейде өтеді. «Мына бір нәрсе өтпесін немесе мына нәрсеге рұқсат жоқ»- деген нәрсе жоқ. Шамаң келе ме, қолдан келетін іс пе, өткізу керек. Енді Лиза Төлегенқызы Шәмет басқаратын Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Есірткіге қарсымыз!» деген тақырыптарға эссе жазу, жыр мүшайралары, «Бабалар рухы үн қатты» атты шаралар өте жоғары деңгейде өтті. «Төрлет , Наурыз, төріме!», «Қош келдің, Әз Наурыз!» секілді республикалық, халықаралық айтыстар ғана емес, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қолдауымен Түркістанда тұңғыш рет «Дәстүрін дәріптеген Әз Түркістан!» тақырыбында Қазақстанның Халық әртістері Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосановалар бастаған, жыр-терменің биігі – Майлықожаның тікелей мұрасын жалғап жүрген Жәкен Омаров қатысқан, Сыр, Арқа, Жетісу, Батыс мектептерін, баршасын орайластырған үш жарым сағаттық концерт берілді. Биыл да үлкен дүниелерді қолға алып отырмыз. Ұстазымыз Аманжол Әлтаевтың: «Наурыз тайқазанның қасынан басталу керек» – деп айтқанындай, Наурыз мерекесін үлкен дәрежеде өткізу жоспарланып отыр. Осының бәрі облыс, қала басшылығының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

– Қаламызда алты қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейтінін жоғарыда айтып өттік. Соның ішінде біздің мекемеге әрбір ата-ана баланы алып келіп, қалаған сыныптарына қабылдауды өтінеді. Мұғалім баланың белгілі бір сыныпқа қабілетін тексеріп, шешімін айтады. Мысалы, қазір бізде он үйірме жұмыс жасап жатыр. Халық әні, жыр-терме, домбыра, ақындар, сурет, «Абай жолы» сыныптары бар. «Абай жолы» сыныбында тек Абай поэзиясы ғана емес, Абай руханиятының алып бәйтеректері, тұғыры, оның айналасында қаншама тұлғалар бар, соның бәрінен мағлұматтар беріледі. «Абайды Абай еткен Мұхтар,» кешегі өткен Шәкәрім қажы Құдайберліұлының шығармалары, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, бер жағындағы поэзия, мәнерлеп оқулар, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтың еңбектерін қайта зерделеу мақсаты тұр. Барлығының биігінде ұлы Абай тұрғаннан кейін «Абай жолы» сыныбы деп ашқанбыз. Ақындар сыныбында тек айтысқа ғана емес, жазба поэзияға да үйретеміз. Енді сол оқушылардың бәрін табу, әсіресе, ақындыққа табу – өте қиын. Өйткені, кез-келген бала домбыра тартуды, нотаны үйренуі мүмкін. Бірақ, құдай дарын бермесе, ақындық өнерді жалғастыру өте қиын. Сондықтан да, қаламызға қарасты бүкіл білім беру мекемелерімен шығармашылық байланыстамыз. Жылдың басында «Түркістаным – Тұраным», «Менің елім» деген тақырыптарда жыр мүшайраларын, поэзиялық байқаулар өткізіп, соның ішінен іріктелген балаларды да қосымша осы «Өнер» мектебіне қабылдаймыз. Өйткені, көп ақын балалар ұяңдау келеді. Тіпті, өлеңдерін тығып жазатын балалар бар. Жанындағы сыныптас достарының әзіл-әжуасына қалудан қорқады екен. Соны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арқылы зерттеп, зерделеп, сұрастыра жүріп табамыз. Олардың ашылып жұмыс істеуіне, өлең жазуына жөн сілтеп, бағыт береміз. Қазіргі таңда бұл салада жақсы-жақсы оқушыларымыз бар. Жамбыл Жабаевтың құрметіне арналған, Оразалы Досбосыновтың 50-жылдығына арналған бірнеше айтыс өтті. Ержан Болат деген шәкіртіміз Алматы облысында өткен республикалық үлкен айтыста жүлделі үшінші орын алса, Шымкент қаласында «Менің елім» тақырыбында өткен аймақтық оқушылар айтысында Алихан Талғат, Иманәлі Рахым бірінші және екінші орындарды қанжығасына байлады. Елдің абыройын тасытты. Дәстүрлі ән сыныптарында да Нұрасыл, Айсұлтан, Алмас, Мейірлан деген оқушыларымыз жырды үйреніп, меңгеріп, болашағынан зор үміт күттіріп отыр. Ұстаздар қауымы да бұл орайда жүйелі жұмыс жасап жүр. Аязбек Рүстемов «Оңтүстік мақамдары» кітаптарын шығарды. Майлы мен Мәделінің, Құлыншақтың, Ергөбектің, кешегі Тәушен, Әселхан, Қаныбектің құт мекені болған соң өңірімізден көптеген шәкірттер шығуға лайықты және олардың томағасын сыпырып, баптауда біз де жұмыс жасап жатырмыз деген ойдамын.

БАЛАЛАР ҚОЛӨНЕР МЕКТЕБІ – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ МӘЙЕГІ

Өткен жылдың аяғында қоныс тойын тойлап, қуанышқа бөленген қосымша білім беру ұйымдарының қатарында білікті басшы Балжан Насирдинқызы Жамалова басқарып отырған Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты «Балалар қолөнер мектебі» де бар. Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, түрлі өзгерістер болған кезеңде бұл мекеме де тұрақты мекенжайынан басқа жерге көшіріліп, біршама ыңғайсыздықтарға тап болған болатын. Енді, міне, Түркістан қаласы әкімінің қолдауымен заманауи үлгідегі керемет «Қолөнершілер орталығына» көшіріліп, жұмыстарының бұрынғыдан да жандана түскендігінің куәсі болып отырмыз. Бүгінгі таңда мұнда сурет, кескіндеме, ағаш өңдеу, тері және былғары өңдеу, зергерлік, керамика және мүсін, тоқыма және гобелен, тігін және дизайн, даярлық тобы сияқты тоғыз үйірме жұмыс істейді. 2025-2026 оқу жылында мұнда 476 оқушы жоғарыда аталған өнерлердің қыр-сырын үйренді. Ұлттық өнеріміздің мәйегін үйренуге құштар шәкірттерге Халықаралық ЮНЕСКО қорының, Евразиялық Дизайнерлер одағының, «ҚР Құрметті азаматы», ҚР Суретшілер Одағының, ҚР Қолөнершілер Одағының, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшелері, өз ісінің шеберлері мен тәжірибелі ұстаздар дәріс береді. Шеберлік сағаттарын өтеді. Шебер ұстаздар мен мектеп жетістіктері туралы айта кетсек, мектеп мұғалімдері халықаралық, республикалық, облыстық көрме-байқауларға қатысып, тәжірибе алмасып, шеберліктерін арттыруда. Америка, Түркия, Өзбекстан елдеріне Ж.Бейсенова, С.Әбдірейім, Н.Аманқұл барып, шеберліктерін көрсетіп қайтты. Тәжірибе алмасты. Ол жақтан үйренген жаңалықтарымен бөлісті. Сондықтан да, осындай шебер ұстаздардан дәріс алған оқушылар аймақтық, облыстық, қалалық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Қолөнер мектебінің 2014-2025 оқу жылдары аралығында 1700-ден астам оқушы үйірмелерге қатысып, қолөнер түрлерін үйренуде. Осы аралықта 250-ден астам оқушы қолөнер мектебін бітіріп, өмірге қанат қақты. Сондай-ақ, қалалық білім бөліміне қарасты 12 жалпы білім беретін мектеп және бір мектеп-интернат базасында сабақтар өтеді. Қолөнер – кез-келген адам игеріп кете алмайтын, төзім мен табандылықты, шыдам мен білімді, ой мен қиялды қажет ететін, ұлтымыздың бет-бейнесі мен бедерін айқындайтын ерекше өнер. Ол осынысымен құнды. Қолөнеріміздің дәнін егіп, баптап отырған Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты «Балалар қолөнер мектебінің» білікті басшысы Балжан Насирдинқызы Жамаловаға жолығып, жаңа қоныстағы тіршіліктерімен танысқан едік:

– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болды. Қаламыз халықаралық «Қолөнершілер қалашығы» статусын алды. Қаланың қақ ортасынан «Керуен сарайдан» керемет қолөнершілер орталығы салынды. Қазіргі таңда барлық қаладағы шеберлер осында. Республикадағы жалғыз балалар қолөнер мектебіміз. Ерекше мәртебеге ие болғаннан кейін осында көшіп келген жағдайымыз бар. Қолдау көрсеткен қала әкіміне рахмет! «Сіздер осында келіңіздер! Балаларға қолөнеріміздің қыр-сырын үйретіп, тәлім-тәрбие беріңіздер!»- деп жағдай жасады. Біз, жоғарыда айтып өткендей, әртүрлі бағытта мектептен тыс жұмыс жасаймыз. Әрқайсысына шеберхана берілген. Осы орайда айта кетейін дегенім, бұрын Қ.А.Ясауи кесенесінің алдында, арнайы, жеке салынған, сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен ашылған «Қолөнер» мектебіміз бар еді. Оны Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезде мемлекеттің қажеттілігіне байланысты алынғаннан кейін ескі ғимаратқа көшірілген едік. Ол ғимарат өте тар болды. Балалар сыймады. Соған байланысты біз тоғыз мектеппен келісім шартқа отырып, мұғалімдер әр мектепке барып, оқушыларды жинап сабақ өтетін болдық. Ал, енді қазіргі таңда қолөнершілер орталығына көшіп келгелі барлық жағдай жасалған. Өте керемет! Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Әсіресе, мүсін жасау мен керамика, саз балшыққа қызығушылық жоғары.

Ұстаздарымыздың басым бөлігі – Түркістаннан.

Көздің жауын алған қолөнер бұйымдары, түскиіз бен кілемшелер, ағаш, тері. былғары, зергерлік, керамикалық, тігін, тоқыма бұйымдарын көргенде, осындай керемет дүниенің адам баласының он саусағының шеберлігімен жасалғанына таң қаласыз! Әрбір өрнектен, әрбір бұйымнан халқымыздың иісі, ұлттық реңкі аңқып тұрғандай.

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ САЗ МЕКТЕБІ

Әлия Алтынбекқызы Тасжанова басқарып отырған Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты «Балалар саз мектебінде» бүгінгі таңда 291 оқушы нота сауаттылығы жөнінен он бір аспаптық бөлімде білім алады. Атап айтқанда, домбыра, қобыз, дәстүрлі ән-терме, фортепьиано, вокал, флейта, скрипка, рубаб, баян, дойра, эстрада вокал бөлімдері аспаптық бағытта жұмыс істейді.

Бұл мектеп те киелі қала облыс орталығына айналған кезде мемлекеттік қажеттілікке байланысты он үш жыл бойы тұрып келген орындарынан ауысып, Әл Фараби мектебінің кішігірім ғимаратына көшкен болатын. Өткен жылдың аяғында әу баста «Саз-өнер мектебі» үшін арнайы салынған ғимаратқа қала әкімінің тікелей қолдау-көмегімен жеті жылдан кейін қайтып өз орындарына оралды. «Балалар саз мектебінің» ұжымы да сенім биігінен көрініп, шығармашылықпен еңбек етуде. Көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Оқушылар республикалық, облыстық, аймақтық байқаулардың жүлдегерлері. «Ақ жайық» мектебінде де, саз мектебінде де осы жерден білім алып, колледж, университет, консерватория бітіріп келген бұрынғы шәкірттер, қазіргі өте мықты мамандар еңбек етіп жүр. Солардың қатарында жезтаңдай әнші, аталмыш мектептің ардагер ұстазы, вокал пәні мұғалімі Қаламқас Парманқызы Өтеуова шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлына ұжымның шексіз алғысын жеткізді. Жылы кабинет, жайлы сыныптар – балалар үшін де, ұстаздар үшін де жақсы тұрмыстың кепілі, еселі еңбекке жігерлендіретін серпіліс көзі. Егер әріден әңгіме қозғар болсақ, «Балалар саз мектебінің» 65 жылдық тарихы бар. Өнердің киелі ордасынан түлеп ұшқан шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық өнеріміздің түрлі саласында қызмет етіп, руханият туын биікке көтеріп жүр. 2025 жылы «Балалар саз мектебі», «Жас музыканттар» облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ал, биыл ақпан айында өтетін осы байқауға пианино аспабымен қатар хор ұжымын да қатыстыруды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, өнер биігінен көрінген оқушылар ынталандыру әрі төл өнерімізді дәріптеп, насихаттау мақсатында «Түркістан» телеарнасы ұйымдастырған хабарларға жиі қатысып, өнер көрсетеді. Биназар Оңдасын, Дина Нұрпеисова жетекшілік ететін «Түркістан сазы» фольклорлық ансамблі, Карибай Индира жетекшілік ететін «Тұмар» қобызшылар ансамблі, Ерлан Жақыпбеков жетекшілік ететін «Асыл мұра» балалар саз мектебінің ұлттық оркестрі, Төреханов Әбсаттар жетекшілік ететін өзбек ұлттық «Рубабистер» ансамблі, Динара Смайлова жетекшілік ететін Түркістан балалар саз мектебінің «Хор» ұжымы, Айжан Тобағабылованың жетекшілігіндегі «Балдәурен» вокалдық ансамблі – балалар саз мектебінің мақтаныштары, өнер шамшырақтары. Сондықтан да, өнердің көгіне бет алған дарынды, өнерге құштар балаларымызға жасалған қамқорлық – төл өнерімізге деген құрмет! Балалар саз мектебінің директоры Әлия Тасжанова Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының бұл батыл қадамдарын өнерге, оның ішінде өнерпаз балаларға қамқорлық деген ризалығын білдірді.

Қорыта айтқанда, өнер бастауы, өнердің ырысты кеніші – ел ішінде. Ел ішіндегі балапан дарын иелерін тауып, баулыған өнер ордаларындағы ұстаздар еңбегі – баға жетпес құндылықтың көрінісі! Халықтық өнердің мөлдір бұлағынан сусындаған жас дарынды қанаты қатпаған қауырсын кезінен баптап, баулып отырған қосымша білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық, әлеуметтік-экономикалық жағдайлары жақсы өңірде табыс та нәтижелі болмақ! Осынау өнер ордаларының бүгінгі тыныс-тіршілігінен осыны аңғардық. Еліне, халқына қызмет етер әкімі бар елдің өмірі осындай жарқын болмақ!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы