ЕСКІРМЕЙТІН ЕРЛІК ШЕЖІРЕСІ

399 көрілім

15 ақпан күні – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр. Зұлмат жылдардың табы тарих бетінде ғана емес, талай шаңырақтың жүрегінде сайрап жатыр. Ауған даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың есімі ел жадында екені анық. Олардың рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы деп санаймыз.

Айта кетейік, 1979-1989 жылдар аралығында жат жерде от кешкен 22 мың қазақстандықтың 761-і оралмады, 21 жауынгер хабарсыз кетті. Түркістаннан аттанған 250-ге жуық сарбаздың 10-ы шейіт болып, біреуі із-түссіз жоғалды. Бұл талай тағдырды тәлкекке салған, тұтас ұрпақтың жастығын жалмаған қасіретті кезеңнің ащы шындығы.

Бүгінде ауған соғысының ардагерлері ел ішінде құрметке бөленіп, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүр. Қазіргі таңда ел ағаларына айналған азаматтар киелі шаһарда өтетін рухани, әлеуметтік, мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, жас буынға ерлік пен елдік жайлы тағылымды әңгімелер айтып, патриоттық тәрбие беруде. Уақыт алға жылжығанымен, ерлік ескірмейді. Жат жерде жанын қиғандардың да, аман оралып, өмірдің жаңа белесін бастаған азаматтардың да өнегесі сөзіміздің айғағы. Жыл сайын үнпарақ беттерінде арамызда жүрген айбынды ерлердің ерліктерін насихат етіп келеміз. Биыл да «Түркістан» газетінің бұл санында жастық шағын жалынға орап, Отан алдындағы борышын адал атқарған азаматтар жайлы сөз қозғамақпыз.

ТАНК ІШІНДЕГІ ТӘУЕКЕЛ

Қожабаев Әзімбай Тұрғанбайұлы 1959 жылы 2 маусымда Түркістан қаласында туған. Әкесі Тұрғанбай мен анасы Ұлташ екі ұл, екі қыз тәрбиелеген, Әзімбай – үйдің екінші перзенті. Әмір Темір атындағы орта мектепті бітірген ол Алматы политехникалық институтына түсіп, әскерден келген соң, «инженер-механик» мамандығын алған. 1984 жылдан «Техоснастка» зауытында инженер-технолог, инженер-диспетчер, цех шебері, цех бастығы, зауыт комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет істеген. 1999 жылдан бері Түркістан Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төраға орынбасары болып келеді. 2008 жылы Шымкент университетінде «заңгер» мамандығын бітірді.

– 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Герат, Шындант, Дилорам, Гирешк, Қандағар провинцияларында болып, 6-гвардиялық танк ротасында танк жүргізушісі қызметін атқардым. 1982 жылдың шілде айы болатын. Дилорам-Гирешк бағытында колоннаны күзету міндеті қойылды. Колонна құрамында қару-жарақ, оқ-дәрі, азақ-түлік пен киім-кешек тиелген отыз шақты әскери техника болатын. Түс ауып калған кез. Тау шатқалдарынан сақтықпен жүріп келе жатқанбыз. Мен екінші келе жатқанмын. Алдымда батальон командирі мінген БТР машинасы келеді. Соқпақтағы бұрылыстарда артқы колоннаға қарайлап баяу жүріп келеміз. Келесі бір айналмада бізден 250-300 метр алға озып кеткен батальон командирі жанып жатқан Ауған саудагерлерінің екі машинасынан өтіп барып тоқтады. Машинаға дұшпандар шабуыл жасап, тонаған. Мен танкіні бетон жолынан шығарып, сол жаққа бұрдым. Ойым жолда өліп жатқан саудагерлердің денесін баспау. Топырақ жолдан шығып, жиырма метрдей айналып барып қайта жолға бұра бердім. Сол сәтте «гүрс» еткен дауыс естілді. Танкімнің сол жағы сілкініп барып, кілт тоқтады. Басыма қатты соққы тиді. Көз алдым тұманданып, басым айналып бара жатты. Шлимофоннан командирдің айқайлап жатқан дауысы еміс-еміс естіледі. Басымдағы шлимофонның бауын ағытып шешпек болдым, бірақ шамам келмеді. Түс секілді. Денем ауырлап бара жатқан соң, отырған орныма жантая бердім. Одан арғысы есімде жоқ. Көзімді ашсам госпитальда жатыр екенмін. Кейіннен естідім. Танк минаға түсіп, катогының күл-талқаны шыққан. Қасымдағы бөлімше командирі аға лейтанант Стрельцов және экипаж мүшелері түгел жарақат алған. Соққы мен отырған сол жақтан болғандықтан, мен контузия алыппын.

Екінші рет 1983 жылы ақпан айында жарақат алдым. Оқиға Гирешк қаласы қасындағы көпір маңындағы блокпостта болды. Біз блокпоста колоннаны қабылдап алып, Қандағар бағытына қарай жүрдік. Оң жағымызда «жасыл алқап», сол жағымызда тау. Қыстақтан өтіп, тау жағалап біздің танк бірінші келе жатқан. Кенет танктің артынан қатты соққы тиді. Артынша жарылған минометтің дауысы естілді. Танк басқаруыма көнбей барады. Мен оң мен сол рычакты алма-кезек тарттым. Басқаруыма көнбей оңға қарай тарта берді. Осы сәтте экипаж мүшесі Ерғалидың «Азим тоқтат!», артынша рота командирі капитан Дмитреевтің «тоқтат!» деген дауыстары шықты. Менің ойым жолды бөгеп қалмау. Танк жолдан шығып, оң жағымыздағы жарқабаққа құлады. Одан кейінгісі мен үшін елес сияқты. Кенет көз алдымда шахмат тақтасы пайда болып, оның әрбір шаршы көзінде өзімнің дене мүшелерімнің бөлшектеніп жатқанын көрдім. Бас бөлек, аяқ бөлек, қол да бөлек жатыр. Арада қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде ерніме тиген сулы мақтадан көзімді аштым. Айнала аппақ. Қасымда ақ халат киген ер кісі тұрды. Дәрігер екен. Жарақатым ауыр болып, госпитальда екі айға жуық жаттым. Кейіннен есіттім, экипаж мүшелерінің бәрі ауыр жарақат алыпты. Мен танкіні жолдан шетке шығарып үлгеріппін. Келе жатқан колонна жолдан кедергісіз өтіпті. Қатты соққыдан менің сол жамбасымның ұршығы шығып, жамбас сүйектерім жарылған екен. Госпитальдан соң ротама оралып, қайта танкіге отырдым. Менің 461 санды танкім ұрыс даласында талай дұшпанның көзін жойып, көршілес полктердің тапсырманы орындауына талай рет көмегін тигізді. Оқ атудан «ең үздік» танк атанды. Оқтаушымыз Миша Марутянның жылдамдығының арқасында әр он секунд сайын бір снаряд атушы едік. Атқанда бір нүктеге атпайсың, командирдің бұйрығымен бағыт өзгертіп атасың… Тіпті бір операцияда бізге снаряд жеткізіп бере алмай қалды. Біздің қимылымызды сырттай бақылап отырған дивизия командирі осы операциядан соң рота алдында оқтаушы Миша Марутянды «За боевые заслуги», рота командирі капитан Дмитреевті «За отвагу» медаліне ұсынып, Ерғали екеумізге алғыс жариялады, – деп есіне алды Әзімхан аға.

Ерен ерлігінің арқасында СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «Воину-интернационалисту от благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане», «Ветеран боевых действий», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», Қайырымдылығы үшін «Сауап» сияқты мерекелік медальдарымен марапатталған. Бүгінде Алтынкүл апаймен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

ҚАЙТАР ЖОЛДЫҢ ҚАСІРЕТІ

Эйбов Бинали Якияұлы 1960 жылы 9 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Түрік ұлтының ұлы, білімді отбасының тұңғышы. Никитин атындағы орта мектепті тәмамдап, Автомобиль жолдары институтында жоғары білім алған. Әкесі Якия мен анасы Набат бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, Биналиге өмірлік тәрбие мен батылдық дарытқан жандар.

1979–1981 жылдары Бинали Ауғанстанның Қандағар қаласында мотоатқыштар әскери бөлімінің рота старшинасы қызметін атқарды. 1980 жылдың наурызында батальонмен Мазари-Шариф провинциясына рейдке шығып, құрамында арнайы техника мен авиациясы бар 350 адамнан тұратын операция екі тәулікке созылады. Бинали басқарған бөлімнен алты жауынгер ауыр жарақат алып, әр сәт өмір мен өлім арасында өтеді.

– Бізге дұшпанның шегінуіне жол бермеу тапсырылды, – деп еске алады Бинали аға. – Дұшпандардың әр шабуылы – өмірге сынақ. Құтылудың әртүрлі амалын қарастырған дұшпандар жиі-жиі шабуылдаумен болды. Біз де қарсыласып бақтық. Ақырында тапсырманы абыроймен орындап, Қандағарға қайту бұйрығын алдық. Қайтар жолда тау жақтан дұшпандардың екінші шоғыры шығып, оқ жаудыра бастады. Екі қапталдан қысқан жау жолды қоршап алып, БТР колоннасы мен танктер тоқтап қалды. Үш сағатқа созылған атыста әртүрлі тәсілдерді қолданып қоршаудан шықтық. 5-6 шақырым ұзаған соң мен отырған БТР машинасы әккі дұшпандар қойған минаға түсіп, аударылды. Жарылыстан өзім және серіктерім жарақат алып, госпитальда 11 күн емделдім. Содан соң қызметке қайта оралып, әскери борышымды соңына дейін адал атқардым, – дейді Бинали Якияұлы.

Ерлігі үшін Бинали аға СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «За боевые заслуги», «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» медальдарымен марапатталған. Бүгінде Бинали Якияұлы мен жұбайы Нағима отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

ҚАНДЫКӨЙЛЕКТЕРДІҢ ҚАЙСАРЛЫҒЫ

Ахметов Арыстан Қалиұлы 1960 жылы 3 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1967 жылы М.Мәметова атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, кейін отбасылық жағдайға байланысты Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №163 мектепті тәмамдаған.

1979–1980 жылдары Арыстан Қалиұлы Ауғанстанның Кабул қаласында 180-ші полктің 2-батальоны, 1-ші барлаушылар взводында әскери борышын өтеді. Айтуынша, 1980 жылдың қыркүйегінде жоғары командирлік тапсырма бойынша блокпостқа қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізу керек болған. Блокпостқа барар жолда тасқыны күшті өзеннен өтіп, межеленген жерге заттарды жеткізіп болған сәтте жан-жақтан дұшпандар атқылай бастаған.

– Әлгінде ғана босаңсып отырған едік, қас пен көздің арасында кәдімгі жауынгерлерше қырағы қалыпқа ене шықтық, – дейді Арыстан аға. – Біз де қарсыласқа шабуылдап, жан-жақтағы достарымызбен көзден таса жерлерге жасырына отырып көрінген жауды сұлатып жаттық. Жаудың бекінісін бұзуға талпындық. Содан жауларымыз өздері құрған тұзаққа өздері түсіп, ал біз тапсырманы ойдағыдай орындап шықтық. Алайда соғыс ортасында әр қадам – сынақ. Достарымыздың біреуін көз алдымызда жоғалтудың ауыр сәттері мені де сынады. Бірде дұшпандардың қоршауында қалып қойып, тапсырманы орындауға әрекеттеніп жатқанымызда оң жақ өкпеме оқ тиіп, ауыр жарақат алдым. Қаруластарымның жедел көмегімен тікұшаққа жетіп, ауруханада емделіп, аман-есен туған жерге оралдым, – деп еске алды ағамыз.

Ерлігі үшін Арыстан Ахметов КСРО Президиумы жарлығымен «Қызыл жұлдыз» орденімен, «70 лет вооруженных сил СССР», «От благодарного Афганского народа», «Воину-интернационалисту», «15 лет вывода советских войск из ДРА», «Ветерану войны в Афганистане 1979–1989 гг.» сияқты мерекелік медальдармен марапатталған.

Бүгінде жұбайы Гүлжаханмен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕР ЫЗҒАРЫ

Омаров Бақтияр Османұлы 1968 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Сунақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Осман мен анасы Әмина екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, Бақтияр үшінші болып өседі. Орта білімді Қызыл әскер мектебін тәмамдаған ол Түркістандағы орта кәсіптік-техникалық училищеде оқиды.

– 1986 жылы әскер қатарына шақырылдым, – деп еске алады Бақтияр аға. – Тәжікстанның Яван қаласында дайындықтан өтіп, Самарқаннан ұшақпен Ауғанстанға алып барды. Онда баратынымызды ұшаққа мінгенде бір-ақ білдік. Бізді Ауғанстанның Құндыз қаласындағы 149 мотоатқыштар полкіне орналастырды. Ротада пулеметші болып, старшина шенінде қызмет атқардым. Біз орналасқан жерге дұшпандардың шабуылдары жиі болып тұрды. Соның ішінде бір сәтте 23 жауынгер мен 2 офицердің қаза тапқан ұрысы есімнен кетпейді. Барлығы жас, өмірге жаңа қадам басқан қыршындар еді. Қимылсыз жатқан достарымның бейнесі әлі көз алдымда. Ауған жерінде біз небір қиямет күндерді бастан өткіздік. Сол сәттерді еске түсірудің өзінен жүрегім түршігеді. Бізге тек бір тілек қалды – заман тыныш болсын, балаларымыз біз көрген соғысты көрмесін! – дейді ол.

Бақтияр ағаның ерлігі СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «За боевой заслуги», «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» медальдарымен бағаланды. Бүгінде Бақтияр мен жұбайы Айзада төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Айбынды ер теміржол саласында еңбек етіп, өмірлік тәжірибесін отбасына және жас ұрпаққа үлгі етіп келеді.

БЕКІНІСТЕГІ БЕС САҒАТ

Байменов Сырлыхан Асылханұлы 1967 жылы 13 қазанда Түркістан қаласы, Абай ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасының үшінші перзенті. Сырлыхан Асылханұлы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, әскери-техникалық мектептен білім алған. Ол 1986–1987 жылдары Ауғанстанның Ташкурган провинциясында мотоатқыштар полкінде танкіге қарсы батареяның жүргізушісі қызметін атқарды.

– 1986 жылы ақпанда Ауғанстан шекарасы-нан 130 шақырым жердегі 122-полкке жүргізуші болып түстім, – дейді Сырлыхан аға. – Міндеті-міз – Кабул қаласына тартылған жанармай құбырының 45 шақырымын қарауылдап, күзету. Бір күні дұшпандар құбырды жарып, біздің көлігімізге оқ жаудырды. Бес қаруласымыз ауыр жарақат алды. Дұшпандар тұс-тұстан шабуылдап, қоршауда қалдық. Қоршауда қалғанымызда біз айналадағы бекіністерге көшіп, қосымша көмек келгенше жаумен ұрыс жүргіздік. Көмек бес сағаттан соң келіп, қарсыластардың бетін қайтардық. Атылған құбырдың май аққан жерін жөндеп, қайта іске қостық. Заставаға келгенде ондағылар бізді жерлеп қойғандарын жасырмады. Ауған жерінде өткізген екі жылымда оннан аса жорыққа қатысып, жиырмадан аса әскери тапсырманы абыроймен орындадым. Өмірдің әр сәті сынақ болды, бірақ бір мақсат – борышымды адал атқару еді, – дейді Сырлыхан аға. Осындай жанкештілігі мен ерлігі үшін ол СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, «От благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане» сияқты медальдармен марапатталған. Жұбайы Ғалия екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр.

Сонымен, Ауған жерінде талай боздақты жалмаған, талай отбасын азапқа салған он жылдық майдан тарихымыздың ауыр әрі тағылымға толы беттерінің бірі. Сол сынға толы шақта жаужүрек ағалардың қайсарлығы мен батылдығы бүгінгі ұрпақ үшін өлшеусіз өнеге болып қала береді. Түркістан жерінен аттанып, жат жерде өмірін тәуекелге тігіп, ауыр жарақаттардан аман оралған ағаларымыздың ерлігі тек медальдар мен наградалармен емес, олардың өнегелі өмірімен, елге адал қызметімен, отбасына деген махаббатымен айқындалды десек артық айтпаған болармыз. Әрбір естелік жауынгерлік рухтың, Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Бүгінгі бейбіт заман осы азаматтардың есепсіз еңбегі мен ерлігі арқасында келді. Бұл ерліктер – мәңгілік естелік, мәңгілік үлгі…

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы