ЖҮРЕК – АДАМ ТІРШІЛІГІНІҢ ТЫНЫСЫ

371 көрілім

Өмір бар жерде, тірлік бар. Тірі жан тірісінде тіршілігін істейді.

– Ал, бақилық болса, барар жері жер-ана құшағы. Жер-ана құшағына бармас бұрын соңында қалар ұрпағына айтар өсиет, өнеге, тілегі бар. Сондай қазыналы қариялардың бірі перзентіне былай деп өз ойын айтыпты:

– Балам, есік алдына ат басындай алтын көміп қойдым. Мен О дүниеге озғасын сол алтынға иелік ет. Өміріңнің қазынасы мен берекесі сонда, – депті.

Күндердің күнінде әлгі қазыналы қария өмірден өтеді. Баласының ойында – әкесі айтқан ат басындай алтынды егелік ету. Міне сол алтынды іздеп есік алдын қазып, бақыр тиын да таппайды. Шаршады, қамықты, сары уайымға түсті. Таба алмаған соң әкесімен сырлас-құрдас, батагөй қазыналы қарияға болған оқиғаны айтты.

– Шырағым, үйіңде ат басындай алтын бар, оған егелік ет дегені ол «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Әкеңнің баптаған бау-бақшасын күтіп қара, жемісін береді. Мал-жанын бақ, өсіп өнеді.

– Айналайын, атажан, түсіндім, – деп қарияға разылығын айтып өсіп-өніп мұратына жеткен екен. Сол сияқты, Жанардың әкесі Акбар да әкесінен жастай айырылып, шаңыраққа иелік етті. Акбар ауладағы бау-бақшасына қарап мәуелі өрік ағашының жанында кетпенін ұстап отыр екен. Жүзі шаршаңқы, реңі қашып кетіпті. Жанар:

– Әке-ау, сізге не болды? Әбіржулісіз ғой?

– Қызым, маған еш нәрсе болған жоқ. Адам бойындағы алпыс екі тамырдың тірегі жүрек. Жүрегім сыздап ауырып тұрған сияқты, – дейді.

…Содан не керек, Акбар бірде ауырып, бірде жазылып күн кешіп жүрді. Мекендеген дерт адамды алмай қоймайды екен.

«Әкем байғұс жастай жүрек дертінің құрбаны болып өмірден озды. Жас кезім, екі көзім жасқа толып, әкемді о дүниеге шығарып салдық. Қош, мейірімді, шапағатты, шарапатты жан әкем, иманың өзіңе серік болсын! – деп, қара жамылып қала бердік. Кәмелетке толып, өзім туып өскен «Қызыл әскер» елді мекенінде орта мектепті ойдағыдай бітірдім. Ұстазым Тұрсынбүбі Бөлекова:

– Жанар сен менің ең үздік оқушыларымның бірісің. Кейбір оқушы «Алгебра-химия қонбайды менің миыма» деп әндетіп жүр. Сен химиядағы 104 элементтің бәрінің молекулалық салмағын, олардың қосындысын жатқа білесің. Адам өміріндегі ең қымбат қазына – денсаулық. Бар нәрсеге икемің, ықыласың бар. Болашақта дәрігер бол, – деп, жанашырлық ойын түйіндеді.

Менің де шынайы ой мақсатым дәрігер болу, оны жанымдай жақсы көрем, дәрігер болуды аңсап ұнаттым, – деймін. Басқа түскен баспақшыл болады. Әттең, мен сол кезде дәрігер болсам, жан әкем Акбарға араша жанашыр болар едім. Жас едім, міне, ер жеттім. Қалайда дәрігер боламын. Дәрігер болғанда – жүрек дәрігері кардиолог боламын деп шештім» дейді кейіпкеріміз.

…«Талапты ерге нұр жауар» демекші Жанар қыз Алматы медициналық институтының емдеу бөліміне ешбір кедергісіз оқуға түсті. Соңғы курсында жүргенде «кардиология» бөлімін таңдап, оны ойдағыдай бітіріп, туып өскен жерге кардиолог маманы болып оралды. Сол кездегі «Талғат» клиникасының басшысы жұмысқа құшақ жайып қарсы алды. Оқу басқа, жұмыс басқа. Алған ілім-білімін жұмыста пайдалана білу – қажетті міндет. Ең бірінші науқастың көңіл-күйін, жан-дүниесін сезіну керек. Бұл істе Жанар көпшілікпен ортақ тіл тауып, сырқаттың денсаулығын, барлық жағдайын тексеріп білуді естен шығармады. Алпыс екі тамырдың соғысы жүрекпен бірге соғады. Сол кезде сырқат дерттен айығып жазылады.

Бірде әзіл-шыны аралас, жездесі Әлі Шораев:

– Балдызым, менің жүрек дүрсілімнің соғысы әпшең Гүлзада деп соғып тұр. Емдедің, айықтым, енді үйге қайтар. Әпшеңе жазылдым деп сүйіншілеп барайын. Саған рахмет! – депті. Сонда ол:

– Ой, жезде менің міндетім сырқатты емдеу, олардан көз жазып қалмасам деп еңбек етемін, – деген екен.

Иә, Жанар Акбарқызы Ермаханованың жүзінен жылылық, тілінен шипалық тілек есіп тұр. Білікті білімділігімен, қарапайымдылығымен, ізеттілігімен көзге көрінген Жанарды мекеме басшысы Талғат Ибраев емхананың «кардиология» бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бұрын тек сырқат емдеумен шұғылданса, енді үлкен жауапкершілік артылып, отыз орындық сырқатты қараумен қатар, бөлімдегі қызмет ететін барлық қызметкерлермен ортақ тіл табу, сырқаттарға ем жасау – ұжымның басты міндеті. Кейде өмір мен өлім арасында арпалысып сырқат жандарды жедел-жәрдем көлігімен әкеледі. Бөлімде орын жоқ. Не істеу керек? Қалай да жолын тауып, бөлімге жайғастырып жарық дүниені көруге ықпал етсе, бұл оның адами, дәрігерлік, азаматтық міндеті. Дәрігер мен әділ қазы өз ісінде адам тағдыры үшін жауапты, жаңылыс, жаңсақ қадам баспау керек.

Жанар жанұяда да жаны жаз жан. Мәпелеп өсіріп отырған ұл-қызы да ана тәрбиесіне сүйсініп, «біз де анамыздай дәреметті дәрігер боламыз» дейді екен. Қашан да адам баласын мұратқа жеткізетін талап пен ниет. Сырқат жандардың ұжымға айтар разылығы мен алғысы шексіз. Жүрек – адам тіршілігінің тынысы. Жүректеріңіз ауырмасын! Мақсат-мұратты болыңыз, Жанар Акбарқызы!

Еңбегіңіз жемісті болып, ел-халық разылығына бөлене беріңіз!

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы