Қазақ әдеби сыны мен ұлттық журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгерлердің бірі – Әмірхан Меңдеке. Ол – журналист, әдеби сыншы, редакторлық мектептен өткен тәжірибелі маман, сөз өнерінің серті мен дертін терең түсінген парасат иесі. Әмірхан Меңдеке 1956 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Дулат тайпасының Сиқым руынан шыққан. 1979 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдап, кәсіби жолын баспа және мерзімді басылым саласында бастады. Қаламгер әр жылдары «Мектеп» баспасында аға редактор, «Қазақ әдебиеті» және «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, «Қазақ радиосының» бас директоры, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының аға кеңесшісі болып еңбек етті. Бұдан кейін «Жас Алаш» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарып, қазақ баспасөзіндегі өткір ойлы, принципшіл публицист ретінде танылды. Әмірхан Меңдекенің шығармашылық болмысы ең алдымен әдеби сын жанрымен тығыз байланысты. Ол көркем туындыға жай баға берумен шектелмей, әдебиеттегі үрдіс, авторлық жауапкершілік, көркемдік өлшем, ұлттық рух мәселелерін батыл көтере білді. Республикалық баспасөз беттерінде оның 100-ге жуық әдеби-сыни мақалалары жарық көрді. Бұл мақалаларда уақыт тынысы, әдеби процестің көкейкесті мәселелері терең талданады. 2001 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Сөз өнері: серті мен дерті» атты сын мақалалар жинағы – қаламгердің әдебиет алдындағы азаматтық ұстанымын айқындайтын маңызды еңбек. Бұл кітапта сынның жауапкершілігі, қалам мен ардың байланысы, әдебиеттегі адалдық мәселесі кеңінен сөз болады. Әмірхан Меңдекенің еңбегі жоғары бағаланып, ол Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Бұл – оның ұлттық әдебиет пен руханият жолындағы табанды еңбегінің заңды нәтижесі. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқытушы болып қызмет атқарып келеді. Жас журналистер мен болашақ қаламгерлерге кәсіби тәжірибесін, сөз мәдениеті мен жауапкершілік мектебін үйретіп, ұстаздық жолда да өз қолтаңбасын қалыптастыруда. Қаламы өткір, ойы сергек Әмірхан Меңдеке – қазақ журналистикасы мен әдеби сынының биік талабын төмендетпей, ұлт сөзінің қадірін қорғап келе жатқан қаламгер. Оның шығармашылық жолы – кейінгі буын үшін кәсіби адалдық пен азаматтық ұстанымның айқын үлгісі.
Балнұр ПЕРНЕХАН,
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері
