ТҮРКІСТАН: ШАХМАТТАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

611 көрілім

20–30 қаңтар аралығында киелі шаһарда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының шахмат чемпионатының алғашқы кезеңі басталды.
Айтулы ақыл-ой бәйгесіне еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам бала қатысуда. Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және ҚР шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов сөз сөйлеп, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.

Турнир ел құрамасын қалыптастыратын ұлттық іріктеу жүйесінің негізгі кезеңі саналады.
Жарыс Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. Қатысушылар классика, рапид және блиц дисциплиналары бойынша жеті жас санатында бақ сынайды. Балалар өз жасынан жоғары санатта ойнауға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, соңғы жылдары қазақстандық шахмат айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 2025 жылы Қазақстанның балалар-жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында жалпы медальдық есепте бірінші орын алды. Жыл қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар әлемдік, азиялық және өңірлік жарыстарда 122 медаль жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, турнир барысында елдің үздік жас шахматшылары анықталып, Қазақстанның халықаралық ареналардағы болашақ құрамасы жасақталады. Чемпионат ойындарының нәтижелері мен онлайн трансляциялар ресми платформаларда жарияланып отырады.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы