Парақорлық қанымызға сіңіп бара жатқандай  ма?

68 көрілім

Пара беріп жүріп, “жемқорлық жаман” деу – бос ұран. Бұл өртке бензин құйып, неге жанды? деп таңғалғанмен бірдей. Қазақстанда жемқорлық туралы айтқанда, біз бәрін жоғарыдан бастаймыз. «Шенеуніктер пара алады», «жоғары жақ жемқор», «жүйе жұмыс істемейді» – рас, мұның бәрі бар. Бірақ біз бір нәрсені ұмытып бара жатырмыз, параны тек алған адам емес, оны берген адам да жемқорлыққа қадам жасайды. Ал сол беріп жүрген – Өзіміз.

          Жемқорлық дегенде көбісі конвертке салынған ақша немесе миллиондық схеманы елестетеді. Бұл жерде бір қарама-қайшылық бар. Біз шенеуніктерді, мемлекеттік органдарды сынаймыз. Сынау – дұрыс, бұл жерде билік кінәсіз деу қате әрине. Бірақ қоғамның дәл іргесін мүжіп тұрған, тамырын тереңдетіп жатқан нәрсе  біздің күнделікті өмірде байқамай істейтін «ұсақ паралар». Күнделікті өмірдегі параны қалыпты санайтын қоғам – ешқашан жоғарыдағы жемқорлықты жеңе алмайды. Өйткені, дәл сол жоғары жақтың ішінде де біздің араамыздан шыққан адамдар отыр. Олар да «беретінін беріп тез шешілетін» ортада өсті. Жүйені сынау әділетті, бірақ өзіміз берген параны ақтау әділетсіз. Мысалы күнделікті өмірдегі жемқорлық: ауруханада анализді тез шығару үшін медбикеге ақша беру. Жұмысқа тұру үшін таныс-тамыр тарту. Құжаттарды тексеретін бөлімде “осынша ақша берсең, бүгін қол қоя саламын” деген сыпайы ұсыныстар. ЖОО-да сессия жабу үшін таныс арқылы шығу. Жол полициясы тоқтатса, айыппұлмен емес, “келісіммен шешу”. Біздің қоғам мұны пара деп есептемейтін сияқты. “Қазақпыз ғой”, “Танысым”, “Бергеннен ештеңе болмас” деп өзімізді алдаймыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда 1 346 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, оның 1 015-і – жемқорлыққа қатысты. Бұл – барлық тіркелген қылмыстың 75 пайызын құрап тұр. Демек, жемқорлық елімізде тамырын жайған ағаш іспетті, ал ақшасы жоқ адамдар сол ағаштың көлеңкесінде қалып отыр. Өңірлердегі жағдайда көңіл көншітпейді.  Астана – 155, Шымкент – 89, Алматы – 66 дерекпен көш бастап тұр. Бірақ бұл – үстірт көрсеткіш. Статистикаға кірмей қалған тұрмыстық “шешейік” деген ұсыныстардың, “жеделдетіп берем” деген қызметтердің, “шай-пұл” деген қалтаға салынатын ақшаның көлемі бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Жемқорлықтың тағы бір ауыр тұсы, қай салада болмасын тамыр жайып отырғаны. Білім беру – 154, ауыл шаруашылығы – 63, денсаулық сақтау – 49 жағдайдың тіркелуі. Ең сорақысы білім саласындағы пара. Жұмысқа тұру үшін ашық түрде миллиондап ақша сұрайтындарды да көріп жүрміз. Бұл жерде сұрақ туады: егер тәрбиешінің өзі әділетсіз жолмен жүрсе, ол балаларға қандай құндылық береді? Біз өз қолымызбен жемқор болашақты тәрбиелеп жатқандаймыз. Сол себепті білім саласындағы пара – параның ең қауіпті түрі. Себебі ақшасы жоқ, білімді мамандар көлеңкеде қалады.
2024 жылы 988 адам, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 257 лауазымды тұлға жемқорлықпен ұсталған. Бұл қоғамда параның сұранысы бар екенін көрсетеді. Пара беру бабымен 348 адам, пара алу бабымен 260 адам сотталған. Екі жақ та бірдей кінәлі. Парақорлық – бір жақтың ойлап тапқан “қылмысы” емес, екі жақтың мәмілесі. 2024 жылғы тергеулер нәтижесінде 486,1 миллиард теңге залал келген. Бір жылда жоғалған миллиардтар – салынбай қалған мектеп, жөндеу көрмеген жол, сапасыз қызмет, дұрыс іске аспаған әлеуметтік бағдарлама деген сөз.

   Пара беруге үйренген қоғам – пара талап ететін жүйені өзі қалыптастырады. Егер қандай да бір іс заңмен шешілсе – біз оны “қиын жол” деп есептейміз. Ал беріп құтылғанды тиімді деп қабылдаймыз. Осылайша, біз жүйеге сенбейміз, заңды айналып өтеміз, өз мүддемізді жеңілдетеміз, бірақ сол жеңілдету арқылы бүкіл қоғамды қиындатып жатырмыз. Пара бір реттік шешім емес. Оның салдары ауыр. Қызмет сапасы төмендейді, адал қызметкерлер шетте қалады, мемлекеттік жүйе қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді, адамдар әділдікке сенбейді. Парасыз жүйе мүлде мүмкін емес деген ой қалыптасады. 

Жемқорлықпен күрес митинг немесе плакатқа «біз жемқорлыққа қарсымыз» ұран  жазумен шектелмейді. Ол күнделікті шешімдерден басталады: сұрамау, бермеу, талап ету, танысқа сүйенбеу, заңды жолмен шешу. Иә, қиын бірақ парасыз қоғамды ешкім дайын күйде әкеліп бермейді. Сондықтан жемқорлық тек жоғарыдан басталады деу – мәселенің жартысын ғана көру. 

                                                                       Дариға Досмаханбет, Қожа Ахмет Ясауи атындағы

ХҚТУ-дің 4 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы