Қазақстандағы дәрі-дәрмектің қымбаттауы – тек экономикалық мәселе емес, әлеуметтік әділетсіздіктің айқын көрінісі. Қағаз жүзінде баға реттеліп, бақылау күшейтілгенімен, қарапайым халық үшін дәрі сатып алу жылдан-жылға күрделі мәселеге айналып барады. Ауру асқынғанда емес, дәріханаға кірген сәттен бастап уайым басталады.
Қазақстанда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігі статистикаға сүйенсек, сын көтермейтін деңгейде қалып отыр. 2025 жылғы ресми деректер бойынша орташа зейнетақы шамамен 143 мың теңге, ал мүгедектерге төленетін орташа жәрдемақы 78 мың теңге көлемінде. Алайда Денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға қатысты ашық дереккөздерде көрсетілгендей, созылмалы аурумен ауыратын науқастардың бір бөлігі дәрі-дәрмекке айына 30–40 мың теңгеден, ал қант диабеті сияқты күрделі диагноздарда жылына 500–600 мың теңгеге дейін қаржы жұмсайды. Бұл айлық есеппен 40–50 мың теңге, яғни мүгедек жәрдемақысының жартысынан астамы тек дәрі-дәрмекке кетеді деген сөз. Жалпы халық бойынша бір отбасының дәрі-дәрмекке орташа шығыны айына 8–10 мың теңге деп көрсетілгенімен, зейнеткерлер мен мүгедектер арасында бұл көрсеткіш бірнеше есе жоғары.
Бұдан бөлек, науқастар тегін берілетін дәрілердің тиімділігі төмен немесе жанама әсері көп екенін айтып, амалсыздан өз қалтасынан қымбат дәрі сатып алуға мәжбүр. Нәтижесінде «тегін медицина» ұғымы көп жағдайда қағаздағы уәде болып қалып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектерге қатысты халықтың шағымы азаймай тұр. Кейбір емханаларда дәрі алу үшін ұзақ кезек күтуге тура келеді, ал кейде қажетті препарат мүлде уақытында жеткізілмейді. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің дерегіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 4994 дәрі-дәрмекке мемлекеттік баға шектеуі қойылған. Ал 1707 рецептсіз дәрі нарықтық бағамен сатылғанымен, олар да тұрақты бақылауда екені айтылып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2025 жылы комитет еліміздің 20 өңірінде 50 сұранысқа ие дәріге мониторинг жүргізіп, кейбір препараттардың бағасы орта есеппен 7–11 пайызға төмендегені айтылған. Алайда қарапайым тұрғын бұл төмендеуді күнделікті өмірде сезіне бермейді. Түркістан қаласының тұрғыны дәрі бағасының қымбаттығын былай сипаттайды: «Шындығында Қазақстанда дәрі-дәрмек өте қымбат. Шетелден әкелінген дәрілер үш есе бағамен сатылады. Бұл – орынсыз. Өсімдік тектес шөптер өз елімізде де бар ғой. Соларды неге өзімізден өндірмейміз? Мен бұрын көп ауырдым, дәріні көп ішіп, кейін бәрін тастадым. Қазір тек қазақы, табиғи жолмен емделемін. Қалтамда қалампыр алып жүремін, аузыма салып жүрсем, денем жеңілдеп қалады. Үш жылдан бері химиялық дәрі қолданбаймын», – дейді, Жүсіп Айтжан.
Бұл пікір – бір адамның тәжірибесі ғана емес, дәрінің бағасы мен сапасына күмәнмен қарайтын қоғамның ортақ ойы. Баға мәселесін көрші мемлекеттермен салыстыру да ойландырады. Өзбекстандық азаматтың айтуынша, ол елде дәрі-дәрмек бағасы салыстырмалы түрде тұрақты екен.
«Өзбекстанда баға жағы жақсы. Біз 2 миллион сом зейнетақы аламыз. Өзім қант диабетімен ауырамын. Ай сайын дәрі-дәрмекпен тұрақты түрде қамтамасыз етеді», – өзбекстандық Гүлістан Шахар.
Бұл салыстыру Қазақстандағы жүйенің тиімділігіне қатысты заңды сұрақтар тудырады.
Егерде сіз дәрі бағасына қатысты заңбұзушылықты байқасаңыз Dari KZ және Naqty Ónim мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, шағым түсіре аласыз. Алайда халықтың бәрі бұл мүмкіндікті бірдей пайдаланып отырған жоқ, ал кей жағдайда шағымның нақты нәтижесі көрінбейді. Дәрі-дәрмек бағасы – жай ғана нарықтық мәселе емес, халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік көрсеткіш. Мемлекеттік бақылау мен ресми есеп бар, бірақ қарапайым азамат үшін басты өлшем – дәрінің қолжетімділігі мен тиімділігі.
Дәрі сатып алу зейнеткер мен науқастың қалтасына ауыр болса, онда реформа қайта қарауды талап етеді. Себебі денсаулық – статистикамен емес, нақты адам тағдырымен өлшенуі тиіс.
Ақжарқын Мықтыбекқызы,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ журналистика мамандығының 4-курс студенті
