Соңғы он жылдықта қант диабеті тек орта және егде жастағы адамдарда кездесетін ауру деген түсінік өзгеруде. Бүгінде бұл дерт жасөспірімдер мен жастар арасында да кең тарала бастады. Әлемдік статистика көрсеткендей, диабетпен ауыратын 20 жасқа дейінгі жастардың саны жыл сайын 3–5%-ға өсіп келеді. Қазақстанда да дәл осындай үрдіс байқалуда. Оның ішінде Түркістан облысында тіркелушілер қатары ерекше көбейген.
Бұл ауру түрі неліктен күшейіп барады? Жас ағзада кездесетін қант диабетінің себептері қандай? Оның салдары қалай өрбуі мүмкін? Дәл осы мәселені бірнеше факторлар арқылы талдап көрейік.
Аурудың негізгі екі түрі бар-Type 1 қант диабеті және Type 2 қант диабеті. Type 1- ұйқы безі инсулин өндіретін жасушалары (β-клеткалары) жойылып, инсулин өндірісі нашарлайды немесе болмайды. Көбінесе балаларда болады, тіпті ересектерде де кездесуі мүмкін.
Type 2-ағза инсулинді жеткілікті өнідірсе де, жасушалар оған резистентті болады (инсулинге сезімталдығы төмендейді), яғни инсулин тиісінше жұмыс істемейді. Бұл қант диабетінің ең көп тараған түрі (шамамен барлық диабет жағдайларының- 90%-ын құрайды).
Негізі жастарда қант диабетінің белгілері байқала бермейді немесе оны шаршаумен шатастыруы мүмкін. Бірақ төменде көрсетілген белгілерді байқасаңыз, денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз. Сонымен бұл аурудың белгілеріне тоқталайық: шамадан тыс шөлдеу; түнде жиі дәретханаға бару; әлсіздік, себепсіз шаршау. Тәбеттің күшеюі немесе азаюы; тез арықтау немесе тез салмақ қосу; көздің көру деңгейі нашарлайды; терлеу, қолдың дірілдеуі; тәттіге қатты тәуелділік; ашушаңдық, мазасыздақ, тез ренжігіш болу; жаралардың баяу жазылуы; ұйқышылдық және жиі жұқпалы аурулар сияқты белгілері болады.
Әлемдік статистикаға назар аударсақ, қант диабеті кең таралған ауру түріне жатады және ол жыл санап өсіп келеді. ДДСҰ ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы ересектер арасында диабетпен ауыратындардың үлесі 14%-ға жеткен. Ал, 1990 жылы шамамен 7% болған екен. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 15 жыл ішінде диабетпен ауыратындар саны 3,5 есеге өскені айтылады.
IDF (Халықаралық Қант Диабеті Федерациясы) ұсынған мәліметтерге үңілсек, жаһан бойынша 2024 жылы 20–79 жас арасындағы ересектердің шамамен 589 миллион адамында диабет бар екені анықталған. Бұл әрбір 9-ыншы адам қант диабетімен ауырады деген сөз. 2050 жылы бұл көрсеткіш 853 миллионға дейін артуы мүмкін деген болжам бар.
2024 жылы диабетке байланысты әлемдік денсаулық сақтау шығындары бірінші рет 1 триллион АҚШ долларынан асты. Жоғарыда аталған ұйымның дерегінше, әлемдік деңгейде 252 миллион адам, яғни диабеті бар ересектердің 43%-ы өзінде ауру бар екенін білмейді.Сонымен қатар, “Хабар” ақпарат агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда қант диабеті диагнозы бар адамдар саны 535 мыңнан асқан. Elordainfo.kz мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы шамамен 522 224 адам ауырған екен. Осы орайда Түркістан облысына да тоқталып кетсек, ҚазАқпарат агенттігінің дерегі бойынша, 2024 жылы облыста 37 мың адам қант диабеті ауруымен тіркеліпті. Сол дерек бойынша, облыста 431 бала инсулинге тәуелді яғни, 1‑типтегі диабет бойынша ауырады.
Тағы бір айта кететін мәлімет, жастар арасында қант диабетінің, әсіресе 2‑типті диабетінің белең алуының басты себептері бірнеше факторға байланысты. Яғни, олар: артық салмақ, ішке май жиналуы (абдоминальды семіздік) ең басты қауіп факторы. Көмірсу мен қант мөлшері жоғары тағамдарды көп тұтыну, газдалған сусындарға тәуелділік. Қазіргі жастар көбіне компьютер, телефон, ойындар алдында көп уақыт өткізеді яғни, физикалық белсенділік төмендейді.Сонымен қатар, стресс, ұйқының қысқаруы, психологиялық қысымның артуы. Тұқым қуалаушылық. Егер ата-анасында 2‑тип диабеті болса, жастарда ауруға бейімділік жоғары.
Денсаулық -терең байлық дейді ғой, дана халқымыз. Жастарымыздың дені сау, болашағы жарқын болуы үшін оларды дұрыс өмір салтын ұстанып, уақтылы тамақтануға шақыру керек. Аурудың алдын алу мақсатында, мектептер мен университеттерде скрининг (қан талдауы) міндеттелуі қажет. Жасөспірімдерге арналған дұрыс тамақтану мәдениеті бойынша оқу бағдарламалары, асханаларда мәзірлер болса, тіптен жақсы деп ойлаймын. Газдалған сусын мен тез дайындалатын тағамдарды шектеу бойынша арнайы заңнамалар жасалуы тиіс. Спорт инфрақұрылымы қолжетімді болуы шарт.
Жоғарыда жазылған статистиканың болашақта өсуі немесе төмендеуі-тікелей өзімізге байланысты. Егер дені сау ұрпақ тәрбиелегіңіз келсе, бүгіннен бастап өз денсаулығыңызды қадағалаңыз!
Захро Ирисматова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Журналистика мамандығының 4-курс студенті.
