Ағымдағы жылғы 10-11 желтоқсан күндері сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі және кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың отырыстары өтті.
Тұрақты комиссиялардың жұмысына облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов, облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасов, облыс әкімінің орынбасарлары мен облыс әкімі аппаратының басшысы, басқарма басшылары, сонымен қатар әр тұрақты комиссия төрағалары мен мүшелері қатысты. Әр тұрақты комиссия тиісті салаларға қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтап, тиісті шешімдер қабылданды.

Комиссиялар отырыстарында 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы, облыстық бюджет және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттердің арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы, «Түркістан облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары туралы», Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерісті келісу туралы, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешімге өзгеріс енгізу туралы маңызды мәселелер қаралды. Сонымен қатар, облыстық полиция департаментінің, білім, сәулет және қала құрылысы басқармаларының атқарған жұмыстары бойынша есептері тыңдалды. Жұмысты одан әрі жандандыру бойынша мекеме басшыларына тиісті ұсыныстар берілді.
Айта кетсек, тұрақты комиссиялар отырыстарында қаралып, қолдау тапқан мәселелер сессияның күн тәртібіне енгізіліп, қаралатын болады.
Түркістан облыстық мәслихаты
