Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады!
Президент осыған дейін: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», – деп осы бағытта бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Қазіргі таңда аталған мақсатта түрлі деңгейдегі бастамалар қолға алынып, жұмыстар кешенді түрде іске асырылуда. Соның бір көрінісі ретінде бүгін Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бес жақты серіктестік меморандум түзілді. Тараптар жергілікті азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейтін құжатқа қол қойып, өзара ынтымақтастықты нығайту шараларын пысықтады.
Меморандумға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков, аудан прокуроры Ғалымжан Құдайқұл, Созақ аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры Абай Көбенов және жұмыс беруші – «КАТКО» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорнының бас директоры Закария Эль Марзуки қол қойды.
Жиынға арнайы қатысқан «Орано Майнинг» компаниясының аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийеге де өз бағасын беріп, серіктестіктің маңызын атап өтті.
Өз сөзінде Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков меморандумның еңбек нарығындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын айтты. Әсіресе пробация есебіндегі азаматтарды жұмысқа орналастыру, олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беру құжаттың басты бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов аудан басшысының сәлемін жеткізіп, бұл ынтымақтастықтың Созақ өңіріндегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Меморандум еңбек нарығын дамытуды, жұмыс беруші ірі кәсіпорындармен байланысты күшейтуді және тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарымен қамтуды көздейді. Құжат вакансиялар туралы ақпарат алмасудың тұрақты тәртібін бекітеді. Жұмыс беруші тарап бос жұмыс орындары мен қажетті мамандықтар бойынша ақпаратты уақтылы «Мансап орталығына» жолдап, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту механизмін күшейтеді. «Мансап орталығы» ұсынылған сұраныстарға сәйкес жұмыссыздар қатарынан маман иелерін анықтап, жолдама береді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «KATКО» қызметкерлерінің 70 пайыздан дан астамы Түркістан облысы мен Созақ ауданының тұрғындары.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУҒА СЕП БОЛАДЫ
207 көрілім
