Кеше «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан қаласына келген шетелдік инвесторларға шаһардың инвестициялық әлеуетін паш ететін арнайы мәдени бағдарлама ұсынылды.
Түркістан қаласының инвестиция тартудағы басымдықтардың бірі – қаланың туризм саласы. Келген делегация өкілдері мен инвесторларға қазақ мәдениеті таныстырылды. Осы мақсатты көздеп ұйымдастырылған іс-шара тарихи мұра, мәдени орталықтар мен Қ.А.Ясауи кесенесін айнала қалыптасқан жаңа туристік бағыттар – шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудыруды деуге негіз бар.

Мәдени бағдарлама этноауыл аумағында басталып, қонақтарға ұлттық тұрмыс пен мәдени құндылықтарды таныстыратын интерактивті қойылымдар көрсетілді. Қазақ халқының өмір салты, дәстүрлі өнер түрлері және ұлттық тағамдарды әзірлеу көріністері ұсынылды.
Сонымен қатар, шетелдік қонақтар қолөнершілер орталығын аралап, өңірдің дәстүрлі қолданбалы өнерімен танысты. Инвесторларға зергерлік, ағаш ою, тері өңдеу, керамика және киіз бұйымдарын жасау барысы да көрсетілді. Шеберлер әр туындының жасалу технологиясы мен тарихи ерекшеліктерін таныстырды. Айта кетерлігі, әр ұлттың ерекшелігі – оның әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде және күнделікті тұрмыста тұтынатын дүниелерін жасайтын қолөнер шеберлерінің еңбектері бүгінгі күнде көпшіліктің қызығушылығын тудырып қана қоймай, сұраныстың да артып отырғаны түсіндірілді қонақтарға. Оған қоса, шеберлер аталған еңбектерін кәсіпке айналдырып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізіп келе жатқаны баяндалды. Осылайша аталған бағдарлама Түркістанның рухани және тарихи мұрасын жан-жақты таныстыруға, сондай-ақ өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталды.
