Түркістан қаласында кеше «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысқан келелі басқосуда облыс орталығы Түркістан қаласының да мүмкіндіктері таныстырылды және оған басымдық берілді десек те болады.
Форумда көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Жиынның мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.
Форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді.
Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөніндегі жобасы, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы инвестжобалар мақұлданды.

Форум – өңірдегі аудан, қалалар ішінде Түркістан қаласының дамуына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Себебі, шетелдік инвесторлар, халықаралық компания өкілдері мен өңірге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер Түркістанға келіп, қаланың әлеуетімен танысты. Осы ретте айта кетерлігі шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлының мұрындық болуымен қалаға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және туризмді дамыту бағыттары кеңінен талқыланды. Түркістанның географиялық орналасуы, логистикалық артықшылықтары, жас әрі еңбекке қабілетті халқы инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудырды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің дәл Түркістан арқылы өтуі қаланы ірі транзиттік және сауда орталығына айналдыруға үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, қала маңындағы индустриалды аймақтар, шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға қолайлы инфрақұрылым ұсынады.
Форум аясында ұсынылған жобалар Түркістан қаласының экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туризмді жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді. Бұл ретте шетелдік инвесторлармен G2B кездесулерде кеңінен талқылап, бірнеше өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды. Таяу уақыттарда яғни, 2025-2028 жылдарға жоспарланған 100-ден аса инвестициялық жобаның бір бөлігі тікелей Түркістан қаласының дамуына бағытталмақ. Биылдың өзінде ондаған жаңа жобалар іске асып, мыңдаған азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Қорыта айтқанда, халықаралық форум шаһардың жоғары деңгейдегі серіктес болуға сұранып тұрғанын байқауға болады.
