Кеңестік биліктің күні еңкейген кезеңде қайта құру дүмпуі басталды. Толыққанды болмаса да ақтаңдақтар ақиқаты ашылып, арыстарымыз ақталды. Бес арыстың бірі – Мағжан ақынның ардақты есімі тар қапастан оралды. Дауылпаз ақынның отты жырлары елімен қауышып, төрге озды.
Тәуелсіздік таңы атқанда алып тұлғаларымыз туралы тіптен терең біле бастадық. Тоқсаныншы жылдардың соңын ала біздер де көшке қосылып, елдік мәселелерге құлақ түруге бет бұрдық. Сол тұста Мағжан атамыздың «Түркістан» жырымен таныстық. Бәлкім, бұл жыр – қасиетті Түркістан жайлы жатқа білген алғашқы туындылар қатарында болды. Жыр мазмұнымен бірге бойтұмар қалаға деген сүйіспеншілік оянды. Жәдігер шаһардың алысқа кеткен атағын ерте естіп, аңыз астасқан тарихына қызығып өстік.
Сондықтан да мамандық таңдағанда іркілместен Түркістанға таңдау түсті. Тағдыршешті таңдау кезінде бала жастан санаға сіңген құндылық жолбасшы болғаны анық. Қалай десек те Мағжан ақын жырлаған екі дүние есігі, ер түріктің бесігі болған бойтұмар қала өзіне тартты да тұрды.
Арманымыз ақиқатқа айналып, Түркістандағы іргелі университет табалдырығын аттадық. Нәсібімізге бас ғимарат бұйырды. Студенттік думанды күндер басталып, қайнаған орта үйіріп ала жөнелді.
Дәрістер арасындағы үзілісті хабарлап, дәлізден әсем әуен естілер еді. Еліте тыңдап, есті әннің әсеріне бөленетінбіз.
Университеттің сан қырлы әлемі өзіне тарта түсті. Мәдениет орталығының сахнасы – шәкірттік қиялымызға қозғау салып, шабыт берген құтты орынға айналды. Қос залдың мінбері – бізді шыңдаған шеберлік мектебі әрі қиянға құлаш ұрғызған тұғыр болды.
Осылайша белсенді студенттер сапына қосылдық. Жастық жігермен жалынды істердің бел ортасында жүрдік. Сол ортаның көрігін қыздырып, таныс әуен әуелейтін. Осынау озық туынды – «Түркістаным-Тұраным» әні болатын. Айтулы әннің иелері – Сейітқали Мадуани мен Бекжігіт Сердәлі ұстаздарымыз еді. Орындаушысы – Марат Оразымбетов ағамыз болатын. Үшеуін де танып едік, үшеуін де құрмет тұтатынбыз. Осы себеп те әнді жан тартып жақсы көруімізге ықпал етті.
Әсерлі ән Түркістанымыз бен университетімізге деген іңкәрлікті санамызға сіңіре түсті. Кеудемізді мақтаныш кернеп, болашаққа нық қадаммен адымдап бара жататынбыз.
Түркістанды перзенттік парызбен сүюді үстей түскен тағы бір бірегей тұлға бар еді. Бірегей тұлға – бары мен нәрін шәкірт тәрбиелеуге бағыттап, саналы ғұмырын сапалы білім беруге бағыштаған Серік Жайлауұлы Пірәлиев ұстазымыз болатын!
Біз – бақытты буынбыз. Себебі, ректорымыз – Серік Жайлауұлы Пірәлиев сынды жайсаң жан, алымды азамат, толымды тұлға болды!
Серік Жайлауұлы басшы болған кезеңде тың бастамалар қолға алынып, жоталы істер керуені сап түзеді. Солардың бірі – университет жастарының ынтымақ-бірлігін нығайту бағытындағы шаралар болатын. Осы бағытта «Тәуелсіздігіміздің темірқазығы – жастар!» форумы ұйымдастырылып, орталық бастап, филиалдар қоштап, жастар етене араласып кетіп еді. Бұл бастама шын мағынасында өміршеңдігімен ерекшеленген жоба болды.
Сонымен, 2005 жылғы қаңтардың соңын ала тау бөктеріндегі «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығында жалынды жастар бас қосты. Жастық жалын ақырған аяздан да күшті еді. Кешкісін алау жағылды. Дәл сол алауды айнала қоршап тұрған мезетте баршамызды ғажайып бір сезім баурап алған болатын. Шаттығымызды шарықтатып, әсем ән қалықтады. Тағы да сол таныс әуен, құлаққа сіңген құнды сөздер еді. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сауранбек Елеуов баянын бөктеріп барған болатын. Сырлы сазгер ағамыз «Түркістан» әнін шырқай жөнелгенде тұтас тау сілемдері әуезді әнге қосыла кеткендей күй кештік. Осы бір ғажап көрініс көз алдымызда қалып қойды. Басқа да себептермен қатар, асқақтаған ән арқылы да Түркістанға тамырымыз байлана түсті.
«Тау самалынан» өмір самалы есіп еді сол жолы. Кеудемізге шоқ түсіп, алауға айналған болатын. Ендігі кезекте белсенді студенттік өмірдің көрігі қызып берген еді.
Ақпан айының 21 жұлдызында университет президенті І курс студенттерімен жүздесті. Тағдыршешті мәжілісте студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі – Студенттік ректорат құрылатыны хабарланды. Осынау сәтті бастама тыңнан түрен сап, көптеген жарқын жобаның жолын ашты. Нәтижеде Студенттік ректорат құрылды.
Өзін-өзі басқару жүйесін құру барысында жастардың жүрегіне жол тартқан бір маңызды оқиға іске асып еді. Белсенді жастарға сенім артылып, 30 Түркия квотасына конкурс өткізу жауапкершілігі жүктелді.

Жастар әділдікті ту етіп, сенімнің үдесінен шыға білді. Квотаның әрбір орны айрықша сараланды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді шәкірттер бірінен кейін бірі квота иеленді. Оқу ақысынан азат болған шәкірттердің қуанышында шек жоқ еді. Соңғы орындар бөлінгенде күтпеген жайт орын алды. Белсенді һәм озат студентіміздің бірі квотаға ілікпей қалды. Көрсеткішінің бірі кемшін болған үміткердің өзінің де, барша жастардың да көңілі пәс тартып еді. Сол мезетте оқу-әдістеме және тәрбие ісі жөніндегі вице-президент Талжан Пердешұлы Раимбердиев орнынан тұрды да: «Мен бұл студентіміз үшін Серік Жайлауұлынан бір орын сұрап көремін. Мәселе шешілмеген жағдайда өз қалтамнан стипендия төлеп тұрамын» – деді.
Бұл – дер кезінде айтылған өтімді пікір еді. Жастар дүр сілкініп, Мәдениет орталығының кіші залы дүбірге бөленді.
Мәселенің мәнісі басшымызға баяндалған кездегі диалог тіптен керемет еді. Жағдайға қаныққан Серік Жайлауұлы: «Тәлжан, мәселені өзің шеше бермедің бе?» депті де, бір орынды жалынды жастарға және үстемелепті.
Сонымен, 31 студент Түркия квотасын иеленіп, толыққанды жеңілдік алды. Жағымды жаңалық жастарға айрықша әсер етті. Белсенділік күрт күшейді. Ең бастысы – жарқын болашаққа сенім нығайды.
Қарапайым және елеусіз ғана оқиғаның өзінен Серік Жайлауұлының асқан қамқорлығы мен шексіз мейірімін тануға болатын еді.
Сәуір айында Студенттік ректорат жетекшілерін университет президенті қабылдады. Серік Жайлауұлының сол күнгі биязы үні мен мейірімді жүзі жадымда қалды. «Айналайындар, барлығыңа табыс тілеймін!» – деп, ұстаздық ақылын айтып, әкелік мейіріммен ақ батасын берді.
Серік Жайлауұлының жұмыс бөлмесіне қадам басарда өзгеше сезім бойды билейтін. Қоңырқай есік айқара ашылып, табалдырықтан аттаған мезетте сиқырлы әлемге енгендей күй кешетінбіз. Қабылдау бөлмесіне терезеден самаладай жарық құйылып тұратын. Хатшының төрдегі жұмыс үстеліне назар ауатын. Үстелдің арғы бетінде хатшы қыз түрегеп тұратын да, келген кісінің барлығына ерекше бір ілтипатпен амандасатын.
Қабылдау бөлмесінен-ақ негізгі басшының терең мәдениеті сезіліп тұратын. Келушілерді ізетпен қарсы алатын хатшы қыз – Гаухар Дүйсенбаева болатын. Ізетті жанды жақын тартып, кейіннен сыйлас дос болдық.
Өткен жылы Гаухар әпкемен кездейсоқ дидарластық. Өткенге ой жүгіртіп, қызықты күндерді жаңғырттық. Әңгімеміз Серік Жайлауұлының жарқын бейнесіне ойысты. Жүрегіміз елжіреп, ерекше бір сағыныш әуезімен әсерлі әңгіме шерттік.
«Серік Жайлауұлының қабылдауына адам өте көп келетін. Жеке мәселемен қабылдау өтетін бейсенбі күні біз тік тұратынбыз. Күндіз басталған қабылдау түнге дейін созылатын. Түнгі 23:00-ге дейін қабылдаған кездері болды. Бір күні үлкен кісі келді» деді Гаухар.
Оқиғаның ары қарай сипат алуы ерекше. Ақсақал қабылдау бөлмесіндегі еденге төселген кілем шетіне кебісін шешіп кіріпті. Оны ешкім аңғармаған. Қарт кісінің бар ойы немересінің оқу жайы болса керек. Тұрмысы төмен әулеттің бар үміті квотада болады.
Үлкен жүректі Серік Жайлауұлы ақсақалды мұқият тыңдап, мәселесін шешіп береді. Тауы шағылмай, төбесімен көк тіреп шыққан атамыз шын шаттанып, үйіне мәсімен тартып отырыпты.
Бұл оқиға мені толқытып жіберді. «Серік Жайлауұлын Түркістан жұр-тының жан тартып жақсы көруінің бір себебі осында екен ғой!» деп, сағынышты сезіммен сүйсіндік.
Және бір оқиға. Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Серік Пірәлиев ұстазымыз тың бастама көтерді. Түркістан қаласы мен төңірегіндегі ардагер ақсақалдарды бейнетаспаға түсіру ісін үйлестіріп, отты жылдар ізін ұрпаққа мирас етуді қолға алды. Мереке қарсаңында ардагер аталарды университетіміз төріне оздырып, құрметті қонақ етті. Мәдениет орталығына одан кейін дәл сол күнгідей батыр аталар жиылған емес. Уақыттың қатал тезі қатарын күн санап сиреткен қарт жауынгерлерге айрықша құрметтің жарқын үлгісін көрдік. Аталар үшін жүрек түкпіріндегі ыстық лебіздер төгіліп, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Концерттік бағдарламадан соң ақ дастархан жайылды. Жиын соңында ақсақалдар батасын жаудырып, риза көңілмен аттанып жатты.
Бір ардагер ақсақал Серік Жайлауұлына таяды да: «Серік інім, мен сыйлық алмадым» деді. Серік ағамыз кәсіподақ комитетінің басшысын шақыртты. Дудариша Сартбаева ханым барлық аталарға тізім бойынша сыйлық берілгенін баяндады.
Сонда Серік Жайлауұлы сабырлы қалпынан айнымастан: «Ештеңе етпейді. Тағы біреуін беріңдер» деді.
Аты-жөні бізге беймәлім ардагер атамыз да, Серік Жайлаұлы мен Дудариша апайымыз да бүгінде қайта келмес кеменің жолаушысына айналған. Десе де, қарапайым болса да жүрек жылытарлық кішігірім оқиғаның айрықша әсері көңілге мәңгі ұялады.
Серік Жайлауұлының өміршең жобаларының бірі – ботаникалық бақ ішінде қымыз ішу дәстүрі еді. Жаз мезгілінде бақ ішіне киіз үй тігіліп, дастархан дайындалатын. Ардагер ұстаздар жиылып, қауқылдасып қымыз ішетін. Қызмет ету қамымен бір-екі дүркін біз де қатысқанбыз. Жарасымды ортаның жағымды әңгімесі жанға азық болатын. Сол бір ілкімді істің ұйытқысы – Серік ұстазымыз еді!
Серік Жайлауұлынан қапыда көз жазып қалғанымызға да үш жылдың жүзі болыпты. Сағыныш сазы үздіксіз тербеген осы кезеңде көзкөргендермен дидарласқанда міндетті түрде ұлы ұстаз турасында сөз сабақтаймыз. Сұхбаттасымыздың барлығы тебірене толғап, тау тұлғаны елжіреп еске алады. Шапағатын көргенін айтып, алғыс сезімімен есті естелік жаңғыртады.
Түлеген Түркістан төл перзентін сағынышпен еске алады. Мейіріммен басқару үлгісін көрсеткен қабырғалы қайраткердің әзіз бейнесін көңіл төріне оздырып, есімі мен еңбегін ұлықтайды. Түркістан жұрты ұланын ұмытпайды!
Мырзахан БАЙБОЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
