Биыл қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының жазылғанына 80 жыл толып отыр. Бұл шығарма – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ жауынгерінің ерлігі мен адамдық биігін айшықтаған мәңгілік туынды.
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов бұл романды 1945 жылы, соғыс өрті басылған соң жазды. Романның негізінде Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың өмір жолы жатыр. Автор соғыстың сұрапыл сәттерін суреттей отырып, қарапайым ауыл баласы Қайроштың ел қорғаған батыр дәрежесіне дейін өсуін көркем шежіре ретінде бейнеледі. «Қазақ солдаты» – тек батырлық эпос емес, ол – ел намысын қорғаған ұлт рухының көрінісі. Шығармада Отанға адалдық, адамгершілік, достық, ерлік секілді биік құндылықтар көркем тілмен өрнектелген. Қайроштың бейнесі арқылы жазушы қазақ жастарының патриоттық рухын, туған жерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсетеді.
Ғабит Мүсіреповтің көркем тілі, психологизмге бай баяндауы мен терең ой-толғамы романның әдеби деңгейін биікке көтерді. Бүгінде «Қазақ солдаты» – мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізілген, ұлт руханиятының алтын қорындағы шығарма.
Сонау соғыс жылдарының от-жалынынан туған бұл туынды 80 жылдан бері ұлт санасында елдік пен ерліктің, намыс пен рухтың символы болып келеді.
Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» – ерлікке тағзым, ұлт рухына мәңгілік ескерткіш.
Балнұр ПЕРНЕХАН,
Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері
