МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1  780 көрілім

Жуырда Сербияның Нови-Сад қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған түркістандық бұрымды балуан Шұғыла Өмірбек қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылған жеңіске қол жеткізді. Батылдық пен табандылықтың озық үлгісін көрсеткен Шұғыла әлемдік доданың төрінде көк туды желбіретіп, әлем чемпионы атанған еді.

Бүгін сол тарихи жеңістің құрметіне Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары арнайы қабылдау ұйымдастырды. Дәлірек айтсақ, қалалық мәслихат депутаты, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергеновтің бастамасымен чемпион Шұғыла Өмірбекке құрмет көрсетіліп, алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, ел мерейін өсірген аруға халық қалаулылары ат мінгізді. Кездесу барысында қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы да балуан қыз бен бапкеріне ізгі лебізін білдірді.

Бұдан бөлек чемпионның жеңісіне жол ашқан жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетов депутаттар атынан алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, қала әкімдігінің шешімімен ел абыройын асқақтатқан бапкерге «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалі табысталды.

Кездесу соңында мәслихат депутаттары чемпионға алдағы Олимпиада жолында толағай табыс, жаңа жетістіктер тіледі.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы