Құрметті түркістандықтар мен қала қонақтары!
Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылға мол сеніммен, нық қадаммен аттанғанды қалаймыз. 2019 жыл – облыс орталығы атанған Түркістан қаласы үшін мерейлі белестер жылымен есте қалмақ.
Жаңа жыл Сіздерге қуаныш, жаңа ұмытылмас әсерлер мен үкілі үміттер сыйласын. Келер жылы ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін. Сәтсіздіктер болса өткеннің еншісінде қалып, достық пен сүйіспеншілік дәуіріне жол ашылғай.
Мемлекеттік жастар саясаты ел дамуының басым бағыты болып келген және бола береді. Елбасымыздың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы соның бір айғағы. Жастар жылына орай, қала көлемінде түрлі деңгейлі үлкенді кішілі іс-шаралар ұйымдастырылды. Болашағын ойлаған халқымыз «Асыл тастан, ақыл жастан» деп әрдайым жастарға үлкен сенім артып, олардың алғы күндерге деген құлшынысына қанат бітіріп отырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда биылғы Жастар жылында атқарылған жұмыстарды саралап, қорытындылады. Сонымен қатар, келер 2020 «Еріктілер жылы» болатындығын жарияласа, демек жастарға деген қамқорлық келер жылы да жалғасын таппақ.
Түркістан қаласы бүгінде дүниежүзілік ұйымға мүше болды. Тарихи шаһардың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Алдағы уақытта қаланың даму жоспары бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қаланың қатарына қосылмақ. Яғни, әлемнің Ыстамбұл, Рим, Иерусалим шаһарларының деңгейіне жетуді жоспарлап отыр. Осы бағытта жүйелі жұмыстар өз деңгейінде жоспарлы түрде жүргізілуде.
Осындай қуанышты істерімізді баршаларыңызға жеткізе отырып, Жаңа жыл мұраты биік, береке-бірлігі жарасқан еліміз үшін ізгілігі мен игілігі мол жыл болғай дегім келеді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке мен бірлік тілеймін. Жаңа жыл барлық істеріңіз бен бастамаларыңызды сәтті етіп, мол табыстар ала келсін, жетістіктерге толы болсын! Жаңа жылдарыңызбен, жерлестер!
Рашид АЮПОВ,
Түркістан қаласының әкімі.

ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҚСЫЛЫҚ ӘКЕЛСІН!
1 261 көрілім