Қазақ балалар әдебиеті мен журналистикасының дамуына өзіндік үлесін қосқан қаламгер, жазушы, журналист Сәбит Дүйсенбиев 1959 жылы 16 тамызда Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ Баба ауылында дүниеге келген.
Ол 1981 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын «Жалын» баспасында редакторлық қызметтен бастады. Бұдан соң республикалық басылымдарда — «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Заман-Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде тілші болып, Қазақстан Жазушылар одағы аппаратында әдеби кеңесші қызметін атқарды.
Журналистика саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, 1989 жылы «Арал және балалар» циклды мақалалары үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Сәбит Дүйсенбиев — балалар мен жасөспірімдер сүйіп оқитын шығармалардың авторы. Оның «Тәтті алма», «Қақпашы», «Сладкое яблоко» повестері мен әңгімелер жинақтары, жастардың жүрегіне жол тапқан лирикалық «Мен ғашық емеспін» кітабы көптің сүйікті туындыларына айналды.
Шығармалары Мәскеуде жарық көрген «Независимый Казахстан: антология современной литературы» атты үш томдыққа, Түркияда басылған «Хүзүн Кушағы» («Сырлас буын») жинағына енді. Әңгімелері түрік, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылып, кең таралды.
Жазушының «Махаббат миниатюралары» атты шағын әңгімелері бойынша жасалған инсценировкасы 2007 жылдан бастап Астана Жастар театрының сахнасында қойылып келеді. Сонымен бірге ол Ханс Кристиан Андерсеннің «Ең әдемі ертегілерін» және өзге де шетел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Қаламгердің тәрбиелік мәні зор, қиялға бай туындылары түрлі бәйгелерде жүлделі орындарға ие болды. «Күшіктерді құтқару құпиясы» әңгімесі дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінде, «Алматының апорты» ертегісі Қазақмыстың «Балауса» бәйгесінде үшінші орынды иеленді. Бұл шығармалар Қазақ әдебиеті хрестоматиялық оқулықтарына да енгізілген.
Сәбит Дүйсенбиев Мәскеуде өткен Жас жазушылардың Бүкілодақтық ІХ кеңесіне қатысып, әдеби ортада да белсенділігімен танылды.
Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр қаламгердің шығармалары әлі де өскелең ұрпақтың рухани азығына айналып, қазақ әдебиетінің алтын қорын толықтыра бермек.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі
Тілепова Тоғжан Серғазықызы
