Түркістанда ҰОС ардагері, педагог И.Ибраев атындағы Ағарту мектебі ашылды

451 көрілім

Түркістан қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында айрықша тарихи мәнге ие оқиға болды. Қаламызда соғыстан кейінгі жылдары халыққа білім беру ісіне өмірін арнаған ұлағатты ұстаздың есімі берілген Ағарту мектебінің ашылу салтанаты өтті.


Заманауи үлгіде бой көтерген білім ошағының ашылу рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Балтакөл ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтай Бектемір мырза, медицина саласының ардагері Есмолдаев Шора мырза, С.Сейфуллин мектебінің директоры Рая Ибадуллаева сөз сөйлеп, алтын ұя мектептің қызметіне толағай табыс пен зор жетістіктер тіледі.
Жаңа мектеп 600 оқушыға шақталған және толықтай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сынып кабинеттері жаңа технологиялық мүмкіндіктерге сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, спорт залы, кітапхана, заманауи зертханалар мен креативті шығармашылық бөлмелер де қарастырылған. Бұл мектептің құрылыс сапасы да, ішкі мазмұны да еліміздің білім беру жүйесінде қабылданған жаңа стандарттарға толық сәйкес келеді.
Айта кету керек, Түркістан қаласында соңғы жылдары жекеменшік мектептердің қатары көбейіп келеді. Ал бұл жолы ашылған мектептің ерекшелігі, ол жай ғана жаңа ғимарат емес, тарихи тұлғаның есімімен аталуында. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары халыққа білім беріп, жас ұрпақтың сауатын ашқан, елдің еңсесін көтеруге өзіндік үлесін қосқан педагогтың есімі мәңгілікке қала тарихымен біте қайнасып отыр.
Осы тұста ерекше атап өтерлік жайт, биыл Ұлы Жеңістің аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Бұл халқымыз үшін тағдырлы дата. Жеңістен кейінгі жылдары елді қайта қалпына келтіруде ұстаздар қауымының еңбегі айрықша болғаны тарихтан белгілі. Сол кезеңде ұрпақтың санасына білім дәнін сеуіп, рухын көтерген ардақты педагогтың атында мектептің ашылуы – соғыс және соғыстан кейінгі жылдардағы буынның ұлы еңбегіне деген құрметтің белгісі. Бұл оқиға тарихи сабақтастықтың, ұрпақтар арасындағы рухани көпірдің нақты көрінісі.
Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да осыған ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «Біз бүгін тек жаңа мектептің ашылуына ғана куә болып отырған жоқпыз. Біз сонымен бірге өткен тарихқа тағзым етіп, елге еңбегі сіңген ұстаздарымызды еске алып отырмыз. Бұл жас ұрпаққа берілетін үлкен өнеге», – деді.
Жаңа оқу ордасының табалдырығын аттайтын балалар енді тек заманауи білім алып қана қоймайды, олар сонымен бірге ұстаздық жолдың, адал еңбектің, елге қызмет етудің қаншалықты маңызды екендігін түсініп өседі. Мектептің атын иеленген педагогтың өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала бермек.
Осылайша, Түркістандағы жаңа Ағарту мектебі білім сапасының биіктігімен ғана емес, рухани-тарихи маңызымен де дараланып отыр. Бұл мектептің ашылуы тек бір қаланың емес, бүкіл елдің рухани өміріндегі үлкен жетістік.
И.Ибраев көзі тірісінде: “Балалар тек армандап қана қоймасын, арманын ақиқатқа айналдыратын мектебі болсын”- деп армандаған екен. Ендеше жылдар өте дәл бүгін сол арманның жүзеге асқан күні!
Несібелі Ғайбұллақызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы