Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан қаласында дәстүрлі “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Игі шара аясында әлеуметтік аз қамтылған 50 отбасының 70 баласына мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды.
Білімге алғашқы қадам басқалы отырған бүлдіршіндердің қуанышына қала жұртшылығы да ортақтасты. Шараға қатысқан қаламыздың бас имамы Талғат Ілесбекұлы жас ұрпаққа сәттілік тілеп, білім мен тәрбиенің ұлт болашағындағы маңызына тоқталды.

– Білім – адамға қанат, тәрбие – оның бағдары. Ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ жауапкершілік. Балаларымыздың болашағы жарқын, қадамдары сәтті болғай, – деді ол өз сөзінде.
Қайырымдылық шарасы тек материалдық көмек көрсетумен шектелмей, балаларға жігер беріп, олардың бойына сенім ұялатты. Жиналған көпшілік отбасылардың қуанышымен бөлісіп, кішкентай жүректердің шаттығына куә болды.

“Мектепке жол” акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасады. Игі бастама әр баланың ертеңіне сенім сыйлап, олардың мектеп табалдырығын шат көңілмен аттауына мүмкіндік бермек.
