Бүгін қаламыздағы “Отырар” мөлтек ауданында А.Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебінің іргетасы қайта қаланып, пайдалануға берілді. Ресми лентасын қию үшін облыс әкімі Ө.Шөкеев, қала әкімі Р.Аюпов және зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

“Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Бұл мөлтек ауданның жан-жағы жаңаша кейіпке енуде. Жанымызда балабақша, көпқабатты үйлер, музыкалық мектеп, бассейн, халыққа қызмет көрсету орталығы, жалпы болашағы зор мөлтек аудан пайда болды. Жаңа жыл қарсаңында ашылып жатқан мектеп 9-қаңтардан бастап өз жұмысын бастайды. Бұл жерде мықты тұлға болуға барлық мүмкіншіліктер жасалған”,- деген Ө. Естайұлы жаңа білім ошағының жүйесімен танысып, асхана, спорт зал және басқа да сынып бөлмелерін аралады.



Айта кетейік, мектеп екі ауысым бойынша жұмыс жасайтын болады. 2018 жылы құрылысы басталған оқу ордасы 900 орындықты, физика, химия, спорт зал, биология, мультимедия кабинеттерімен толыққан.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
“Түркістан”.
Суреттерді түсірген:
Антон ЛЕЩЕНКО