- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Таубай Балтабайұлы 1969 жылы 16 мамырда Сауран ауданына қарасты Құмтүйін елді мекенінде көп балалы отбасында туған. Кешегі жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ел қорғаған, ұлтымыздың бостандығы үшін жанын қиған әйгілі Жиенбет батырдың тікелей ұрпағы.
Таубай Балтабайұлы «Құмтүйін» жалпы орта мектебін 1983 жылы тәмамдағаннан кейін қаладағы бұрынғы «СПТУ-93» училищесінде оқыған. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай бітірген жалынды жас Отан алдындағы азаматтық борышын Қара және Балтық теңізінде 3 жыл өтейді. Әскерде түрлі спорттық жарыстарда топ жарып, кұрдастарының арасында оқ бойы озып жүреді. Аман-есен ауылға оралған жігіт ағасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан туған ауылын түлетуді мақсат етіп келеді. Бүгінде ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалануды көздеп, оларды спортқа баулуды қолға алған. Атап айтсақ, жыл сайын Құмтүйін елді мекенінің ірге тасын қалаушылардың бірі, соғыс ардагері Төлепберген Азизбековтың кұрметіне жасөспірімдер арасында бокс, таеквандо, еркін күрес сияқты спорт түрлерінен жарыстарды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді.
Таубай Балтабайұлы жастайынан көпшіл, айналасына қамқор, кімге болса да қолынан келген көмегін аямайтын, ер мінезді болып өсті. Оның өмірлік ұстанымдары да бала кезінен қалыптасты. Өнегелі отбасында он ұл-қыздың әкесі Балтабай ақсақалдың өзі де елге сыйлы, өте абыройлы, халықтың жанына жақын ақсақал еді. Отбасында әке-шешесінің өнегелі тәрбиесін алған Таубай Балтабайұлы жастайынан елдің ісіне араласып, бұқара халықтың әл-ауқатын арттыру, ұлтымыздың атадан-балаға мұра боп келе жатқан салт-дәстүрлерін сақтау ісіне барынша атсалысты.
ОБЛЫСҚА АҒА БИ БОЛЫП ТӨРТ МӘРТЕ САЙЛАНДЫ
Қазақ қоғамында билердің алатын орыны ерекше болғаны белгілі. Кешегі алмағайып заманда Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер қазақ мемлекетінің қалыптасуына зор еңбек сіңірген. Сол төбе билер елдің бірлігін сақтай отырып, халықтың арман-тілегін, мұң-мұқтажын хандарға тікелей жеткізіп, елді айрандай ұйытқан. Соның арқасында қазақ халқы тарих сахнасынан жойылып кетпей, елдігін сақтап, бүгінгі күнге жетті.
Бүгінгі күні сол бабаларымыздың қасиетті жолын жалғастырып, ұлтымыздың бірлігін, салт- дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген қоғам белсенділерінің көш басында жүрген Түркістан облысының бас биі Таубай Балтабайұлы 2021 жылы 17 қыркүйекте Шымкентте өткен Қазақ билерінің бірінші құрылтайында қазақ биіне кандидат болып ұсынылған. Сол Құрылтайда Түркістан облысының ұйымдастырушы аға биі болып сайланды. 2022 жылы Түлкібас ауданында Ақшатырда өткен Қазақ билерінің екінші құрылтайында Таубай Балтабайұлы Түркістан облысының ұйымдастырушы аға биі болып екінші рет сайланды. 2023 жылы Алматыда әлем билері қазақтарының үшінші құрылтайы өтті. Сол құрылтайда да Түркістан облысының ұйымдастырушы аға биі болып, үшінші рет сайланды. 2024 жылы Алматыда әлем билері қазақтарының төртінші құрылтайы өтті. Сол құрылтайда Түркістан облысының ұйымдастырушы аға биі болып төртінші рет сайланды. Таубай Балтабайұлы «Алаш арландары» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі.

ҚАМЫҚҚАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ, ҚИНАЛҒАННЫҢ ҚОРҒАНЫ
Таубай Балтабайұлы облысымыздың, қала берді бүкіл еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, ел бірлігін сақтау бағытында көптеген ізгі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. 2020 жылы Мақтарал, Жетісай аудандарында болған су тасқыны кезінде, 2021 жылы Арыс қаласында болған жарылыстарда зардап шеккен отандастарымызға гуманитарлық көмек беруде алдыңғы шепте болды. Парламент мәжілісінің депутаттары Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбайды арнайы шақырып, қалада заңсыз сатылып кеткен нысандарды ел игілігіне қайтару ісіне белсене атсалысты. Оған қоса, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты, білім беруді дамыту ісінде елеулі жұмыстар атқарды.
Биылғы көктемде еліміздің бірнеше облысында болған алапат су тасқыны кезінде облысымыздың ерікті азаматтарын ұйымдастырып, тасқын болған аудандарға көмек қолын созған қоғам белсенділерінің көшбасында болған Таубай Балтабайұлы Жетісай қаласында өткен құрылтайда «Алпамыс батыр» медалімен марапатталды. Елдің игілігі, халықтың бірлігі жолында ұзақ жылдардан бері атқарған еңбектері үшін билер алқасының «Қазыбек биге -350 жыл» мерекелік медалімен, «Ел қорғаны» орденімен марапатталған. «Үш атаның құрметті азаматы» медалімен «Шығыс Қағанат» медалімен «Көк Түрік Қағанаты» медалімен Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзиёевтен «Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу-Әмір Темір» медалімен және де көптеген алғыс хаттардың иегері. Таубай Балтабайұлы өнегелі отбасының отағасы. Бүгінде екі ұл, бір қыздың қадірлі әкесі, немересінің аяулы атасы.
ОҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінінде 2005-2009 жылдар аралығында басшылығында жұмыс жасаған. 2009-2022 жылдар аралығында Алтын Бұлақ автовокзалында директор болып қызмет жасаған.
БИЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ
Бала кезімізде «Аяз би» ертегісін қызыға оқып, оның биік парасаты мен қарапайымдылығын көкейімізге тоқып өстік. Өмірде болған бұрынғының атақты билері де қара қылды қақ жарған әділдігімен танылып, аңызға айналғаны мәлім. Ал қилы заманда үш жүздің басын қосып, ұлт бірлігінің рәмізіне айналған Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің ардақты есімдері еліміздің тарихынан өшпес орын алды.
«Билер қазақ хандықтарының тарихында айтарлықтай рөл атқарды. Олар рулық ұжымдардың ортасында қалыптасып, билік тізгінін қолға алған соң, руластарымен тығыз байланыс жасап, руаралық және рулардан тыс қарым-қатынастарда олардың «табиғи» өкілдері әрі «қорғаушылары» ретінде танылғандықтан, сұлтандар мен қожалардың алдында мерейі үстем болды. Оның үстіне билер рулардың ішіндегі әлдеқайда бай, белгілі де ықпалды тұқымдардан шыққан еді. Бірде-бір қазақ ханы айрықша және төтенше жағдайларда аса маңызды әлеуметтік-экономикалық және әскери-саяси мәселелерді ақылдасып шешу үшін шақырылатын билер кеңесіне жүгінбей тұра алмады. Билердің пікірін елемеу хан әулетінің беделін түсіріп, елден оқшауланып қалуына әкеліп соқты», -деп жазды ғұлама ғалым Салық Зиманов.
Кейінгі кезде елімізде билер институтын қоғамдық бірлестіктер форматында жаңғырту қолға алынып жатыр. Бұл халықтық бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың маңызды факторы болып саналатыны, сондықтан қоғамдағы азаматтық белсенділікті жандандырып, мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажеттігі жөніндегі ұстанымымен үндес екені сөзсіз. Сондай-ақ бүгінгінің билері Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап айтқан ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі – елімізде Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету ісіне де аянбай атсалысары анық. Қазірдің өзінде олар осы бағытта қыруар жұмыс тындырып үлгерді.
Соған қарағанда ана тіліміз бен ата салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған қасиетті өңір Түркістан облысында Билер алқалары құрылып, баяғы замандағы дала демократиясын жаңаша жалғастырып жатқан сияқты. Осы игі бастамаға ұйытқы болған – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның ел өңірлерінде Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы ұсынысына орай түркістандықтар жергілікті тұрғындардың ділдік ерекшелігін ескере отырып, Қазақ елінің ежелгі халықтық билік органы болған билер институтын бүгінгі заманға үйлестіре жаңғыртуды қолға алған. Билер алқасының мүшелері де, оның төбе биі де ауылдағы ең беделді адамдардың арасынан таңдалып сайланады. Араларында ақсақалдармен қатар, келешегінен үміт күттіретін жастар да бар болып шықты.
«Ауылдық округтерде бұрыннан ардагерлер кеңестері жұмыс істейтіндіктен, мұндай қоғамдық ұйымның қажеті қанша?» деген сауалға да орынды жауап берілген. Себебі ардагерлер кеңестерінің күнделікті тіршілікте атқаратын негізгі шаруасы – мұқтаждық көріп жүрген қарттарға қамқорлық жасау екені мәлім. Елге беретінін беріп, бүгінде құрмет төрінде отырған ақсақалдардан ауылдағы ірілі-ұсақты мәселелердің бәріне араласып, кейде жергілікті шенеуніктердің міндерін беттеріне басатындай аса белсенділік күтудің өзі қисынсыз сияқты. Ардагерлер кейде өздерінің «базардан қайтқан жандар» екенін мойындап айтып қоятынын естіп жүрміз. Ал Билер алқасының мүшелерінің көбі – «базардың нағыз қайнаған ортасында жүргендер». Сондықтан да мәслихаттарға «қой аузынан шөп алмайтын момындарды» сайлауды ұнататын жергілікті әкімдердің «сүзгісінен» өтіп барып, сайланған депутаттардың айтуға дәті бармайтын көкейкесті мәселелерді солардың ғана көтере алатынына күмән келтіруге болмас. Сын түзелмей, мін түзелмейтіні де анық.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына қарағанда, билер атын ұстанған 15 үкіметтік емес ұйым «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға сәйкес «Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына» өз жұмысы туралы есеп тапсырған. Солардың ішінде «Әділ билер» және «Қазақ билері алқасы» республикалық қоғамдық бірлестіктері (РҚБ) және «Елорда билер кеңесі», «Шымкент билер алқасы», «Кереку билер алқасы» және «Ақмола билер алқасы» сынды қоғамдық бірлестіктер (ҚБ) белсенділігімен көзге түскен.
Мәселен, 2022 жылы Түркістан облысында құрылған «Әділ билер» РҚБ-ның қазір осы өңірдегі Түркістан қаласында, Төлеби және Сарыағаш аудандарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында филиалдары бар. Олардың мүшелері қыстыгүні 3 ай бойы жолдарды қардан тазалау жұмыстарын ұйымдастырған. 15 ауылдың арақ-шараптан бас тартуына ұйытқы болған. Сарыағаш, Ордабасы, Сайрам аудандарында 3 әлеуметтік дүкен ашқан. Былтыр әртүрлі этнос өкілдерінің арасында туындаған 3 мәселені дау шығармай шешіп, тараптарды татуластыра білген. Жетім-жесірлерге 8 тұрғын үй салып беруге бастамашылық жасаған. Халықты алдап-арбаған алаяқтармен сөйлесіп, медиация арқылы 52 млн теңге қаражатты иелеріне қайтаруға ықпал еткен. Өздерінің қаражаты есебінен 120 үйге газ тартуға жәрдем берген. Бұған қоса жергілікті билер бюджет қаржысының жұмсалуына бақылау орнатып, атқарылған жұмыстардың сапасын қадағалап жүр.
«Атырау облыстық билер кеңесі» ҚБ мүшелері де белсенді. Олар 2019 жылдан бастап медиациямен және жанжалдардың алдын алу мәселесімен айналысып, жергілікті тұрғындардың ықыласына бөленген. Билер кеңесі мен облыстық сот өзара меморандумға қол қойған. Нәтижесінде, 168-і даулы мәселе бітімгерлік жолмен шешілген. Қаралған істердің қатарында отбасын сақтау, алимент төлеу, пәтерден шығару, берешекті өтеу, жол-көлік оқиғалары салдарынан келтірілген залалды қалпына келтіру, көршілер арасындағы кикілжіңді шешу сияқты дау-дамайлар бар.
Халқымыздың атақты билері орнатқан дала демократиясы қазіргі заңнама аясында жаңғыра жалғасын тауып, Әділетті Қазақстан құру ісіне елеулі үлес болып қосылары күмәнсіз.
Таубай қоғам белсендісі ғана емес, өнегелі отбасының иесі. Әйелі Раушан екеуі Нұрбол, Ербол, Таңшолпан есімді ұл қыздарды тәрбиелеп отыр. Жақында Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшелігіне қабылданған төрелігі таудай Таубай Балтабайұлы Егембердиевтің алар асуы әлі алда.
Ләззат САРЫБАЕВА.