Биыл – адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл. 1945 жылдың 9 мамырында күллі әлемге бейбіт таң атқанына сегіз онжылдық толып отыр. Бұл күн – қан кешіп, жанын құрбан еткен боздақтардың рухына тағзым етер, тылда еңбек еткендердің маңдай терін еске алатын, бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын ұғынатын ұлы мереке. Жеңіс күні – тек тарихи күн ғана емес, ол – елдік пен ерліктің, бірліктің, отаншылдықтың символы. Жылдар алға жылжыған сайын сол бір сұрапыл жылдардың елесі алыстай түссе де, оның халқымыздың жүрегіндегі ізі ешқашан өшпек емес.
Отан қорғауға аттанған ерлердің қаһармандығы мен табандылығы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап кеткен рухани тіректерінің бірі. Жасындай жарқылдаған жастық шағын майдан отында қалдырған аталарымыздың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Бүгінде біз олардың жанкешті ерліктері туралы тек кітаптардан оқимыз, кинолардан көреміз. Бірақ бұл тарих – біздің қастерлі шындық, асыл аманатымыз.
Фараб кітапханасының қорында осы Ұлы Жеңіске арналған көптеген құнды еңбектер, архивтік деректер мен естеліктер сақталған. Олардың арасында майдангерлердің өз қолымен жазған хаттары, бейбіт өмірге оралғаннан кейінгі тағдыр жолдары мен естеліктері – барлығы келер ұрпақ үшін мол тарихи қазына. Біздің кітапхана жыл сайын Жеңіс күніне орай оқырмандарға арнап кітап көрмелерін, әдеби-сазды кештер мен тарихи еске алу сағаттарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл – ерлікке тағзым, рухқа құрмет.
Бүгінгі бейбіт аспан мен азат еліміздің әрбір жетістігі – сол бір майдан мен тылда жан аямай еңбек еткен жандардың арқасы. Туған жердің бір уыс топырағы үшін жауға қарсы шапқан ерлердің ерлігі ұлттың рухын асқақтатып, мәңгілік ел болу мұратымызға жетеледі. Сондықтан да бұл күн – әр қазақтың жүрегінде ерекше орын алуы тиіс. Себебі Жеңіс – тек өткеннің жемісі ғана емес, болашаққа бағыт беретін шамшырақ.
Осы мерейлі сәтте барша соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне шынайы алғысымызды білдіре отырып, олардың жасаған ерліктерін насихаттап, кейінгі буынның бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту – баршамыздың ортақ борышымыз екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені тарихты ұлықтаған елдің ғана болашағы жарқын, рухы биік болмақ.
Жеңістің 80 жылдығы – бабалар аманатына деген адалдықтың, ұрпақтар сабақтастығының, ел бірлігінің көрінісі. Бұл мереке – жадымызды жаңғыртып, жүрекке жылулық сыйлайтын, өткенімізбен бүгінімізді сабақтастыратын қастерлі күн. Ендеше, Жеңіс рухы – мәңгілік. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Балнұр ПЕРНЕХАН,
Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы.