Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын жан-жақты, сапалы қарау, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокурорлар жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) қабылдануына байланысты прокурорлардың жолданымдарды қарау негіздерінің нақты тізбесі айқындалды.
Конституциялық заңның 24-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес прокуратура органдары жолданымдарды, хабарларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды:
– егер адамның және азаматтың физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, кәмелетке толмаған адамдарды, сондай-ақ шектелмеген адамдар тобын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмаса, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін;
– адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган болмаған жағдайда;
– мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін;
– Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруді болғызбау мақсатында;
– жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын заңдылықты бұзу фактілері бойынша;
– Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша;
– Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмалары бойынша қарайды;
– Прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосы мен оның аумақтық және оларға теңестірілген органдары жолданымдарды осы Конституциялық заңның 11-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген құзырет шеңберінде қарайды.
Жоғарыда көрсетілген санаттардан басқа, егер адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау құзыретіне кіретін, уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не уәкілетті орган болмаған жағдайда прокуратура органдарымен жолданымдар қаралады.
Егер жолданымдар көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда азаматтар мен заңды тұлғалар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінуі керек.
Осы талаптарды білу жолданым берушілерге қажетті адресатқа дереу жүгінуге мүмкіндік береді, яғни мәселелерін шешуді жеделдетеді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Түркістан облысы бойынша департаменті.
#заңментәртіп