Жазушы Айтбай Тәсілов 1950 жылы туған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламынан жауһар жазбалары таусылмаған, қара сөздің шебері, белгілі жазушы әрi адам жанының шипагерi Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтбай Тәсілов биыл 75 жасқа толып отыр. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Айтбай Тәсілов қалам деген қасиетті дүниені жанының көрігі еткеніне ұзақ жыл жылдың жүзі болып, талай туындыларды жарыққа әкелген шығармашылық иесi. Бiрак, соңғы кездері тек дәрігер деген мамандықтың адал серігі болып келе жатқанын айналасыдағы каумалаған ел жақсы біледі.
Әсіресе, адам жаның емдей жүріп дәрігерлер өмірінен, олардың қилы оқиғаларға толы тыныс-тіршілігінен жазылған «Терапевт Темір Әділовтің бір күні», «Жанталас», «Соңғы көктем», «Шаң жұқпас Шаңғытбай» немесе «Төрт Де», «Түнгі телефон шырылы», «Дәрібай», «Фельдшер Молсу», «Қара бұрыш» секілді әңгімелері әрқилы образдар мен характерлер, адам болмысының ішкі сан қырлы иірімдері арқылы күнделікті тіршіліктің қалтарыс, қиылыстары мен сондай сәттердегі сезімнің құбылыстарын боямасыз бейнелегенi талай жүрекке жеткен. Мысалы, «Терапевт Темір Әділовтің бір күні» әңгімесінде бұл айқын байқалады. «…Бүгін де әр пациентінің жанына он минуттай отырып, ауруы жөнінде, өткен өмірі жөнінде шер тарқата айтқандарына асықпай құлақ түрді. Мұндағылардың, әсіресе егделеулерінің бірсыпырасы сыртынан қарағанда алаңдатар ешнәрсесі жоқтай көрінгенімен, шешіле сөйлескенде көңілдері сынық, қап-қап қайғы-мұң арқалап жүргендер. Ауыртпалықтардан емдеуші дәрігері құтқарардай үмітпен қараған сырқаттардың жанары Әділовтің көз алдына қайта-қайта орала берді. Мұның «құтқаруы» – дұрыс емдеп, баяғы сау кездеріндегідей шапқылатып жіберу. «Ми «жыласа», «көз жасы» – жүректе» болатынын білетін, жанындағы жайсыздық тәнді де мүжитінін есепке алатын Әділов торыққан жандарға бір-екі ауыз қажет-ау деген шынайы жылы сөз таба білді. Автор суреттегеніндей: «…Бар жиылған ақпараттарды қазандай басында қайнатып алғасын, дәрі-дәрмектердің фармакокинетикасы мен динамикасын бес саусақтай білетін Шығармаларынан оқып байқағандай Айтбай Тәсілов адам бойындағы бірінің жетпей жатқан тәндегі емдік әсерін екіншісі толықтыратындай, бірінің ағзаға қатқылдау қырын екіншісі жұмсартатындай, жандағы кінәраттарды да ескере, әйгілі гростмейстерше сан түрлі комбинацияда қамырша илеп тағайындауға кіріседі». Әрине, ешкім Алладан ауру тілемейді, әйткенмен жаныңа дәру іздейтіндей жағдай туса, дәл осы Әділовтей білікті дәрігерге жолықтыр деп тілейсің шығарманы оқи отырып. Әңгімеде шиеленісті оқиға, шым-шытырық көрініс жоқ. Бірақ дәрігердің бір күнінің әр сәтінің өзі – адам тағдырының өлшемі, өмірдің қымбат сәттері екенін оның тынымсыз, шұғыл әрекеттерден тұратын қарбалас жұмысы айғақтайды.
Айтбай Тәсілов әңгімелерінің композициялық, сюжеттік құрылымы шымыр оқиғамен, көркемдік жүйемен шегенделумен қатар, танымдық табиғатымен де ерекшеленетін тұстары бар. Дәрігер ретінде ол медицина саласындағы білімі мен білгірлігін әңгіменің ұйытқысымен ұйыстырып, көпшілікке беймәлім жайларды оқиғамен орайластырып жібереді. Шығармадаңы мұндай өмір шындығын ұсақ документализммен шатастыруға болмайды. Бұл жадағай баяндау емес. Егер әдеби дүниеде әңгіме желісі осындай жанды детальдармен, тәсіл, стиль, сюжет сипаты арқылы қабысып жатса, ол шығарманың мазмұндық һәм көркемдік құнарын байыта түседі. Бұл тәсілді Тәсіловтің тапқырлығы мен шеберлігінің шендесуі деуге болады.
Джуманова Гүлзира Сейдуллақызы,
«Фараб» кітапханасының мерзімді басылым
бөлімінің сектор меңгерушісі.