Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып, оның маңызы уақыт өткен сайын артып келеді. Солардың ішінде ең көп тараған қылмыстың бірі – отбасына зәбір көрсетіп, жақынын жиі қысымға ұшырату. Сондықтан өте өзекті саналатын осы мәселеге қатысты Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімінің отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тобының аға инспекторы, аға лейтенанты Ақерке Кенжебайқызы Әлібектен сұхбат алып, мән-жайды талқылап, қоғамдық алаңда қордаланған жайттың негізгі себебін анықтап көрдік.
– Ақерке Кенжебайқызы, Түркістан қаласында зорлық-зомбылық қай деңгейде?
– Түркістан қаласында зорлық-зомбылық деңгейі орташа деп айтуға болады. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл мәселемен күреске қатысты бірқатар ауқымды шаралар қолға алынып, өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында маңызды жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарға баса назар аударып, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр. Полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сонымен қатар, олардың қайталануын болдырмау үшін тұрғындармен үнемі байланыста жұмыс атқарып, құқықтық мәдениетті арттыруды мақсат тұтады. Тәртіп сақшыларының жан-жақты әрекеттері мен қоғамның атсалысуы арқылы бұл мәселені шешу үшін үлкен қадамдар жасалуда.
– Ал бұл мәселенің алдын алу үшін полиция қазіргі таңда, қандай шаралар қабылдауда?
– Зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі еліміздің құқық қорғау органдары үшін маңызды міндет болып қала береді. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің күн тәртібінен түскен емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған жұмыстар аясында, полицейлер арнайы шараларды қабылдап, бұл бағыттағы ресурстарды арттыруда. Мәселен, ІІМ-нің «Ішкі істер органдарындағы 2024 жылғы 9 айдағы тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі туралы» Алқа шешімінде жаңа отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және әйелдерді қорғау бөлімшелерін сапалы түрде жасақтау қажеттілігі туралы нақты тапсырмалар берілген. Осы міндетті жүзеге асыру үшін, Полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры М. Қабденовтың 2025 жылғы 10 қаңтардағы №4 бұйрығы негізінде 100-ге жуық жаңа бөлімшелер құрылып, қызметкерлер саны артуда. Сонымен қатар, жаңа бөлімдерге әйел қызметкерлер көбірек тартылуда, бұл өз кезегінде зорлық-зомбылыққа қарсы күресте әйелдердің ерекше нәзік көзқарасымен одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізіп, оның жазасын қатаңдатты. Бұл өзгерістер зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, Түркістан қаласында осы бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қала тұрғындары мен қонақтарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек және облыста жоспарланған іс-шаралар жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн!» акциясы, «Учаске», «Есептегі элемент» секілді рейдтік-профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, халық арасында құқықтық түсінік қалыптастыру жұмыстары үнемі жалғасуда.
– Қалалық полиция зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғау үшін қандай қолдау көрсетеді?
Қалалық полиция зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғау мен оларға көмек көрсету үшін түрлі шараларды қабылдап, қоғамдағы қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде. Полиция қызметкерлерінің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жағдайын жақсарту үшін маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы ең тиімді тәсілдердің бірі — «Отбасын қолдау орталығы» мекемесімен тығыз байланыс орнату. Полиция басқармасының қызметкерлері осы орталықпен бірлесіп жұмыс істеп, зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, қалалық полиция әртүрлі қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде ақсақалдар мен аналар кеңесімен де тығыз байланыста. Осы кеңестердің отырыстарында қолайсыз отбасы ретінде есепте тұрған тұлғалар мен отбасы мүшелерінің жағдайы талқыланып, оларға қатысты шешім жолдары қарастырылады. Онда ерлі-зайыптыларға үлкендер тарапынан бітімге шақырып, кеңес беру, өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді өмір сүрудің маңыздылығы туралы әңгімелер жүргізіледі. Оның барлығы отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын жақсартып, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін маңызды қадам екені сөзсіз.
– Зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептері туралы не айтасыз? Қандай жағдайлар жиі кездеседі?
Оның түрлері әртүрлі. Оның әр түрі өзінің зардаптарымен қоғамға үлкен ауыртпалық әкеледі. Зорлық-зомбылықтың негізгі түрлеріне физикалық зорлық, психологиялық зорлық, кемсітушілік, моральдық қысым, сексуалдық зорлық, еріксіз жыныстық қатынас, экономикалық зорлық және қаржылық бақылау, ресурстарды шектеу жатады. Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық кездеседі екен. Әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа, яғни қаржылық қысымға ұшырайды. Ал әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылыққа тап болады. Бұл көрсеткіштер өте алаңдатарлық, себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлі формалары әрбір отбасында орын алуы мүмкін, ал бұл адамдардың психикалық және физикалық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Зорлық-зомбылықтың негізгі себептері әртүрлі болуы мүмкін. Олардың қатарында әлеуметтік және экономикалық жағдайлар, білімсіздік, дәстүр мен мәдениет әсері, тұрмыстық қарым-қатынастардағы теңсіздік сияқты факторлар бар. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықты көбіне күш көрсетушінің ішкі агрессиясы, эмоциялық тұрақсыздығы немесе психологиялық мәселелері де жатады. Алайда, бұл факторлар тек бір ғана себеп емес, зорлық-зомбылықтың әртүрлі көріністерінің күрделі жиынтығы болып табылады.
– Полиция зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және заңдық көмек көрсете ме?
– Иә, әрине. Әрбір полицей өзіне жәрдем сұрап келген тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдап, қажет болған жағдайда психолог ретінде кеңес беруге дайын. Сонымен қатар, заң аясында олардың құқықтарын түсіндіру де маңызды рөл атқарады. Дегенмен, көп жағдайда жәбірленуші өзінің қиыншылықтарын мойындаудан ұялады немесе көмек сұраудан қорқады. Бірақ үнсіздік мәселені шешпейді, керісінше оны тек шиеленістіреді. Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету маңызды, әсіресе отбасылық зорлық-зомбылыққа куә болып өскен балалардың психологиялық жай-күйі өз алдына үлкен проблема. Бұл мәселені шешу үшін полицейлер дағдарыс орталықтарымен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуда белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде зорлық-зомбылық құрбандарына баспана ғана емес, психологиялық, құқықтық және медициналық қолдау көрсетілетін арнайы көмек орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар — зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін қауіпсіз мекен. Онда олар түсіністік пен қолдау таба алады. Полицейлер осы құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы, 108 және 109-баптарына сәйкес қажетті шараларды қабылдайды, бұл олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Соңғы 3 жылда полиция бөлімшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен қоңыраулар санын салыстырмалы түрде айтып бере аласыз ба? Өткен жылмен салыстырғанда шағымдар саны артқан ба?
– Полиция бөлімшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен қоңыраулар саны жыл өткен сайын өсуде. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдарының зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған дер кезінде жауап беру ісіндегі белсенділігін арттырғанын көрсетеді. Полиция инспекторлары өздеріне қарасты аумақта құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтап, тек құқық бұзушыны есепке алады. Яғни, бұл жерде тек отбасы емес, тек құқық бұзушы тұлғаға қатысты шаралар қолға алынады. Әрі инспекторлар арнайы бақылау орнатып, қорғау нұсқамасы берілген адамдармен жеке жұмыс жүргізеді. Егер құқық бұзушыға қатысты сот шешімі шықса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, полицейлер оның орындалуын қадағалайды. Осы ретте, 2025 жылдың басында Түркістан қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 113 қоңырау түсті, соның ішінде 18 қоңырауда ерекше талаптар белгіленген. Ал 88 азаматқа қорғау нұсқамасы берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдардың көбейгенін айқындайды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың құқық қорғау органдарына сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа кімдер және қандай топтағы адамдар жиі тап болып жатады?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары көбінесе әйелдер болып табылады. Өкінішке қарай, бұл мәселе біздің қоғамда әлі де өзекті. Елімізде ана мен баланы қорғауға ерекше мән беріліп, осы бағытта көптеген шаралар қабылдануда. Алайда, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбандарының көбісі әйелдер екені жасырын емес. Біз әр әйелге, отбасында зәбір көрген әрбір жанға, олардың тығырықтан шығудың жолы бар екенін және қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселелерін шешуге талпыну керектігін түсіндіруге тырысамыз. Жиі кездесетін жағдайлардың бірі — күйеуінің үнемі зорлық көрсетуіне қарамастан, әйелдердің аяушылық танытып, арызын қайтарып алуы. Мұндай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Олардың көбінде өз өмірі мен денсаулығына деген қауіп-қатерге назар аудару мүмкіндігі болмай, зорлық-зомбылыққа төзуге мәжбүр болады. Бұл мәселе отбасылық қатынастардағы теңсіздікті және әйелдердің құқықтарының бұзылуын білдіреді. Сондықтан да әйелдерді қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан құтқару үшін қоғам мен құқық қорғау органдарының белсенді жұмысы қажет. Осы тұрғыда біз де аянып қалмаймыз, жұмыс әр уақытта белсенді жүре бермек.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Ердаулет САҒЫНДЫҚ.