Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы биыл 1 наурызда басталып, 29 наурызда аяқталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
- Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.
- Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Рамазан айының қадір-қасиеті мен маңызы жайлы Түркістан қаласының бас имамы Сейдәлиев Талғат Ілесбекұлымен мағыналы сұхбат құрған болатынбыз. Сүбелі сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Талғат Ілесбекұлы, ең әуелі Рамазан айының мұсылмандар үшін қандай мәнге ие екендігін айтып берсеңіз.
– Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Рамазан айы мұсылмандар үшін үлкен мәнге ие. Олай дейтін себебіміз, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 183 аятында былай деп бұйырады: «Уа, иман келтіргендер! Ораза бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де парыз етілді». Сонымен қоса пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде былай дейді:
«Ислам бес негізден құралған. Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы жетсе қажылыққа бару». Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Адам баласының оразасынан басқа барлық амалы өзіне, ал ораза болса мен үшін, оның сауабын мен берем» деген екен Алла Тағала. Атақты ғұлама Ибн Хаджар бұл хадиске сүйене отырып, неліктен ораза ерекше ғибадат екеніне қатысты ғалымдардың бірқатар тұжырымдамасын келтіреді. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік, ораза рия, яғни, көзбояушылық араласпайтын құлшылық. Себебі құлшылықтарда ниетке көзбояушылық кіре алады. Ал оразаны Алладан басқа ешкім көрмейді. Сондықтан Алла кудси-хадисте: «пендем мен үшін оразада бүкіл құмарлығынан тыйылды, оның сауабын мен беремін» дейді екен. Бұл сөздің мағынасына тоқталатын болсақ, «оразаның сауабы мен мөлшері маған ғана аян» дегенді білдіреді екен. Имам Куртуби құлшылықтардың сауабы жайлы риуаяттарда келтіре отырып, былай дейді: «адам баласының әрбір амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді екен. Демек әрбір амалдың сауабы, мөлшері жайында хабарларымыз бар. Оразаның сауабы жайында ондай бір мөлшерлеме жоқ екен. Оны тек қана Алла Тағала ғана біледі. Оразаның сауабының мөлшері Алла Тағалаға ғана аян екен. Үшіншісі, ораза теңдесі жоқ құлшылық. Мәселен, мешітті Алланың үйі деп атаймыз. Оның мәні мешіттің дініміздегі мәртебесі мен маңыздылығы жоғары екендігін аңғартады. Дәл сол секілді ораза мен үшін деп Алла Тағала оразаны айшықтап айтуы аталмыш құлшылықтың мұсылмандар үшін үлкен әрі терең мәнге ие екендігін көрсетеді.
– Рамазан айында қандай құлшылық амалдарды жасау керек?
– Қасиетті Рамазан айында ең әуелі Алла Тағала парыз еткен оразаны ұстау. Сонымен қоса сол Рамазан айының түндерін құлшылықпен, ғибадатпен, нәпіл намаздармен өткізу, Алла Тағалаға жалбарыну, зікір айту, салауат айту үлкен сауапты іс. Сондай-ақ, күндіз Құран Кәрімді басынан соңына дейін 114 сүрені бір рет хатым қылса үлкен сауапты іс. Егер хатым ете алмайтын болса, Құран кітапты оқи алмайтын болса соны оқуға әрекет қылса, мен осыны қашан оқи алады екенмін деп талпынса, маған да осы Құран Кәрімді арабшадан оқу нәсіп болса деген секілді ниеті болса ол да үлкен сауапты іс. Сонымен қатар, Рамазан айында қайырымдылық жасау, ауызашар беру деген секілді жақсылық жасаумен айналысу да сауапты амалдардың қатарына жатады.
– Ораза ұстау тек жейтін тамақтан бас тарту ма, әлде басқа да нәрселерден аулақ болу керек пе?
– Имам Ғазали өзінің «Ихия улимид-дин» атты кітабында оразаның үш деңгейі бар екендігін көрсетеді. Біріншісін, көпшіліктің оразасы дейді. Яғни, ол дегеніміз асқазанға түсетін тамақтан және құмарлықтан тыйылу. Екіншісін, ерекше ораза деп атаған екен. Ерекше оразаға құлақ, көз, тіл, қол мен аяқ және басқа ағзалармен жасалынатын күнә атаулыдан тыйылу керек екендігін ескертіпті. Үшіншісін, арнайы ораза деген екен. Бұл дегеніміз – жүрек оразасы. Яғни, жаман ой мен дүниелік пікірден тұтастай арылып, өзгеге жамандық ойлаудан тыйылып, жүректің тазалығын сақтап, Алладан басқа ойдан толығымен тыйылу деген мағынаны білдіреді. Сондықтан ораза дегеніміз бұл тек қана ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, бүкіл ағзамен жасалынатын күнәдан алшақ болып, Алла Тағалаға барлық ықыласпен, шын жүрекпен берілу екен.
– Рамазан айында қайырымдылық пен көмек көрсету қалай жүзеге асады?
– Рамазан айында амалдардың сауабы еселене түседі. Имам Тирмизидің хадистер жинағы кітабында: «Ең жақсы садақа – Рамазанда жасалған садақа» делінген. Бұл айда Алла Тағала жомарттық жасап, құлдарына мейірім төгеді, кешірім жасайды. Олардың кейбірін тозақтан шығарады. Әсіресе, Қадір түнінде. Ендеше қайсыбір пенде аш адамды тойдырса, мейірімді екені анық. Алла Тағала мейірімді құлдарын рахымына алады. Ал кімде-кім Алла разылығын көздеп қайырымдылық етсе, Алла да оған жомарттық танытады. Ораза мен садақаның осылай қатар жүруі жәннатқа апарар жол екендігін көрсетеді. Сондықтан қасиетті Рамазан айында қолдан келгенше жағдайы төмен отбасыларды пітір садақасын беріп, басқа да садақалар беріп, зекет беріп қуанту қажет. Себебі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі қасиетті Рамазан айы келгенде жомарт болғаны соншалықты ескен желден де жомарттығы жылдам болған екен. Сондықтан осындай ғибратты дүниелерді негізге ала отырып, мұсылмандар қасиетті Рамазан айында зекетін де, садақасын да шамасы келгенше беру қажет.
– Қандай жағдайдағы адамдар ораза ұстауға болмайды?
– Алла Тағала ешкімге шамасы келмейтін жүкті жүктемейді. Сондықтан қасиетті Рамазан айында қандай да бір кісі науқастанған болатын болса немесе сапарға шығатын болса, жасы ұлғайып ораза ұстауға шамасы келмейтіндей қарттық келген болса, сәби емізетін ана болса Рамазан айында ораза ұстамауларына болады. Бірақ сапардан келген адам, ауырған адам егер аурудан айығатын болса қайтадан оразаның қазасын өтеп береді. Айықпайтын аурумен ауырса, дәрігерлер ораза ұстауға болмайды деп кеңес берсе ол кісілер ораза ұстамайды, оразаның фидиясын береді.
– Рамазан айынан кейінгі қасиетті Қадір түні туралы не білу керек? Қадір түнінде қандай амалдар жасау керек?
– Рамазан айында сондай бір түн бар. Ол түнді Қадір түні деп атайды. Қадір түні мың айдан да қадірлі, ерекше түн. Яғни, мың ай дегеніміз сексен үш жылды құрайды, бәлкім одан да көп уақытты құрайтын қасиетті түн. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Аллаға иман келтіріп, сауабын Алладан үміт ете отырып Қадір түнін құлшылықпен өтейтін болса, оның барлық күнәлары кешіріледі» – деген екен. Ал қасиетті Құранның Духа сүресінің үшінші аятында бұл түннің берекеге толы түн екендігі баяндалады. Ислам ғалымдары шариғатқа сүйене отырып, кімде-кімнің құлшылығы мың айдан қадірлі болған Қадір түніне сәйкес келетін болса мың ай құлшылық жасағандай, бәлкім одан да көп сауапқа кенеледі деп тұжырымдаған. Демек, әрбір мұсылман бұл түнде көбірек құлшылық жасауға, Алла Тағаладан біліп-білмей істеген күнәлары үшін тәубе етіп, кешірім сұрауға көбірек Құран оқуға, пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтуға, күн батқаннан таңға дейін уақытты құлшылық пен ғибадатқа арнауға әрекет жасауы керек. Қадір сүресінде: «Қадір түні мың айдан да артық» – деп баяндалады. Сондай-ақ, Рамазан айы келгенде Алла елшісі (с.ғ.с): «Расында сендерге бұл ай келді, мың айдан да қайырлы бір түн бар, кімде-кім сол түні бейқамдық танытса оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен нағыз мақұрым адам ғана айырылып қалады» деген екен. Бұл түні Алла Тағаланың рұқсатымен Жәбірейіл және де қосымша періштелер әр түрлі істер атқару үшін жер бетіне түседі екен. Сол түнгі көктен түсетін періштелердің саны жердегі майда тастардан да көп болады екен. Пенденің әрбір жасаған дұғасына періштелер «әумин» деп айтып отырады екен. Сондықта да Қадір түні мұсылмандар үшін өте үлкен маңызға ие. Қадір түні ешқандай Қыдыр ата келмейді. Ондай түсініктен аулақ болуымыз керек. Тек қана құлшылықпен, ғибадатпен өткізуге, рухани жағынан дамуға дайындауымыз керек.
– Рамазан айында қаладағы мешіт имамдарымен бірге атқаратын қандай жұмыс-жоспарларыңыз бар?
– Алла қаласа Рамазан айында қаладағы дін қызметкерлерімен бірге қолдан келгенше қайырымдылық шараларын өткіземіз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жетім-жесірлерге қайырымдылық шараларын жасап, Рамазан қорапшаларын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ Рамазан айының әр күнінде қала аумағындағы мешіттерде 100-150 адамға ауызашар дастарханын жайып, ауызашар беру жоспарлануда.
– Ораза ұстау адамның денсаулығына қандай пайда әкеледі?
– Медицина мамандары ораза ұстаудың қандай ауруларға ем екендігін алға тартады. Ең алдымен жасушалар жаңарып, ескілері жойылады. Қант ауруына тосқауыл болады, артық салмақтан құтылуға әсерін тигізеді. Тері ауруларына да пайдалы. Қан қоюлануының алдын алады, ағзаларды улы заттардан тазартады, ас қорыту жүйесі демалады. Жағымсыз тәуелділіктерден арылтады. Қан қысымын түсіріп, бас ауруынан жазылуға пайдалы. Қазіргі таңда Еуропада науқастарды аштықпен емдеу әдіс-тәсілі кең қолданылуда. Бұл мәселеде кезінде ХІХ ғасырдың соңында физиотерапия саласының маманы Эрет Арнольд деген неміс ғалымы оразамен емделу орталықтарын ашып, небір науқастарды емдеп бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен. Сөйтіп Эрет батыстың көптеген елдерінде емделу орталықтарын ашқан. Эреттің ерекшелігі сол батыстың медицина саласының ең мықты ғалымдары оған жазылмайсың деп диагноз қойған созылмалы аурулармен ауырған науқастарды аштықпен емдеу, яғни ораза ұстау арқылы емдеген екен. Мұсылмандар ешқандай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізбей-ақ жылына бір келетін қасиетті Рамазан айында ораза ұстау деген үлгілі нығметті Алла Тағала беріп қойған. Ораза ұстаудың денсаулыққа орасан зор пайдасы бар екендігіне осылайша мысалдар келтірдік. Біле білгенге ораза адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам ағзасына өмірлік маңызы бар дүниелердің бірі болып табылады. Ораза ұстайтын адам менің денсаулығыма пайдалы деген ниетпен емес ең бірінші кезекте Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде бізге ораза ұстауды парыз қылды. Сондықтан ең бірінші ниет Алланың разылығын алу болу қажет. Екінші кезекте ораза ұстау арқылы адамның денсаулығына да осындай пайда әкелетіні анық екен.
– Қала тұрғындарына айтар ақ тілегіңіз бен ізгі ниетіңізді білдірсеңіз.
– Түркістан қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала жыл сайын Рамазан айына аман-есен, төрт көзіміз түгел жетуімізді нәсіп қылсын. Сол қасиетті Рамазан айында шын ықыласымызбен Алла Тағалаға берілген күйде Рамазан айында ораза ұстап, құлшылықтарымызды атқарып, ғибадаттарымызды жасап, Алла Тағаладан дұғаларымызды сұрап, шамамыз келгенше зекетіміз бен садақамызды беріп, баршамызға Рамазан айын жақсы өткізуді Алла нәсіп қылсын. Барша мұсылманның жасайтын амалдарын Алла Тағала осы қасиетті Рамазан айында қабыл қылсын. Оразадан оразаға, айттан айтқа аман-есен жете беруді Алла Тағала нәсіп қылсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
– Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Азамат ӘЛІБЕК.