Еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген кәсіпкерлер қауымы өз кәсібін дөңгелетіп, еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Өзіне тән ауыртпалығы бар әр кәсіптің тұтқасын ұстаған қаламыздағы кафелер мен мейрамханалар соңғы кездері қазақы дәстүрді жаңғыртуда ерекшелігімен көз тартады. Киелі қаламыз күннен-күнге сұлу ғимараттармен, қазақы стильдегі әдемі мейрамханалар мен тамақтану орындарымен толығып келеді. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 20-тармағында «Табысты кәсіпкерлердің мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде қол жеткізген жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау» көзделген. Осы мақсатқа сай дәстүр байлығымыз бен ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген табысты кәсіпкерлерімізбен өткен сыр-сұхбат жасаған болатынбыз.

Қаламыздың орталық Керуен Сарай кешенінде орналасқан «Тары» кофейнясы және жаңа қала 11 көше бойында орналасқан «1465» мейрамханасына, 32 көше бойындағы «Ақторсық» дәмханасына жасалған бастамамыз баяндалады.
Қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлерімізге алғыс білдіреміз. «Тары» кофейнясының директоры Ешметова Нағима(сұхбат берген әкімші: Диана Жүніс Sandyq group), «1465» мейрамханасының иесі Садырхан Нұрбол мырзаға, «Ақторсық» дәмханасының басшысы Бота ханымға(сұхбат берген әкімші: Дамир Русланұлы) алдағы жұмыстарына үлкен табыстар мен тіл жанашырлығын айқындайтын жобалармен жұмыс атқарады деген сенім білдіреміз.

Қазақы стильдегі мейрамханалар – ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің және талғамның үйлесім тапқан көрінісі. Киіз үй стиліндегі элементтер, шаңырақ, кереге, уық пішіндес ағаш, тері, киіз сияқты табиғи материалдардан жасалған жиһаздар мен ыдыстар қазақылықтың иісін аңқытып, келген қонақтарға нағыз рухани демалыс сыйлайды. Ұлттық тағамдардың мол ассортименті арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген кәсіпкерлердің отансүйгіштік қасиетінің жоғары екендігін аңғартады. Музыкалық және мәдени атмосфера, қазақтың дәстүрлі күйлері мен әндері ұмытылмас сәттер сыйлайды. Қызмет көрсету ерекшеліктері ерекше көз тартады, қазақтың дәстүріне сай, қонақжайлылыққа ерекше мән берген.

Қазақы стильдегі мейрамханалар қазақ тілін дамытуда маңызды рөл атқара алады. Мейрамханадағы мәзір, қызмет көрсету, жарнама, безендіру элементтері түгелдей қазақша болса, келушілер тілдің қолданылуын күнделікті өмірде сезінеді. Бұл әсіресе қазақ тілін үйренгісі келетіндер мен жас ұрпақ үшін пайдалы. Мейрамхананың интерьері, ұлттық киімдегі даяшылар, дәстүрлі музыкалық бағдарламалар қазақтың салт-дәстүрін дәріптейді. Қазақы мейрамханалар тек тамақтану орны емес, мәдени-танымдық орталыққа айналуы мүмкін. Мұнда әдеби кештер, айтыстар, домбыра кештері ұйымдастырылса, қазақ тілін үйренушілерге үлкен мүмкіндік туады. Егер қазақы мейрамханалар жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, дамуға, үнемі өсіп-өркендеуге, қызмет көрсету сапасын әлемдік деңгейге көтере білсе, қазақ тілі беделді, сұранысқа ие болуына үлесі зор болмақ. Егер мұндай мейрамханаларды сәнге айналдыра білсек, қазақ тілінің абыройы асқақ, сәнді әрі беделді бола бастайды.
Сонымен қатар, туристер қазақ тілінің көркемдігін осындай орындарда сезінеді. Туристерді тарту, оларды қазақ тілінің, мәдениетінің керемет әсеріне бөлей білсек, тілдің мерейі үстем болары сөзсіз.
Сыр-сұхбаттың жобасын дайындаған: «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» мамандары.