ШОРНАҚТЫҚ КӘСІПКЕР «АЛТЫН САПА» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

2  105 көрілім

Түркістан қаласымен іргелес орналасқан Шорнақ ауылында жиһаз өнімдерін өндіретін, бүгінде еліміздің барлық облыстарымен қатар, ТМД аумағына танылып үлгерген Құдірет Құдайбергенов басқаратын өндіріс орны жайында бұған дейін газетімізде кеңінен жариялаған болатынбыз. Еліміздің тәуелсіздігі қарсаңында жеке кәсіпкер Құдірет Құдайбергенов басқаратын «Құдайбергенов» кәсіпорыны Елордамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы атанды.

Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкімет басшысы Асқар Маминнің, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың, сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының, орталық мемлекеттік органдар және республикадағы кәсіпорын басшыларының қатысуымен өтті.

Осы қуанышты хабарды істеген облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадіров Шорнақ ауылына арнайы барып, жеке кәсіпкер Құдірет Құдайбергеновтың қуаныштарына ортақтасып, бағындырған белесімен құттықтады.

Жеке кәсіпкер Құдірет Құдайбергеновтың айтуынша алғаш жиһаз цехын ашқанда небәрі 3-4 жұмысшымен бастаған олар бүгінде жұмыс күшін ұлғайтып, қазіргі таңда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде жиһаз өнімдері еліміздің барлық облыстарымен қатар, көршілес Ресей мемлекетіне экспортқа шығады екен. Алдағы 2020 жылдан бастап Еуропа елдеріне оның ішінде Польша еліне шығаруды көздеп отыр. Сонымен қатар, жиһаздардың сапасы мен бағасы да тұтынушының көңілінен шығу мақсатында әрлеу кезінде ұлттық нақышта бездендіруді қолға алған. Қазіргі таңда кәсіпорын жиһаз өнімдерімен қатар, өндіріс көлемін ұлғайтып, қыш құмыралар жасап, нарыққа шығарып отыр. Жеке кәсіпкердің ұстанған бағыты бір кәсіппен шектелмей түрлі салада өзін сынап көрмек. Әрбір саланың биік шыңына жетуді өзіне мақсат етеді. «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы болу оңайлықпен келмегенін, бұл жолда қаншама жұмыстар атқарғанын тілге тиек етті. Бұл байқауда Нұр-Сұлтаннан арнайы мамандар келіп, жұмысымызбен танысып, нәтижесінде «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» атағына ұсынылып, жеңімпаз болғанын қуанышпен жеткізді.

Бұдан соң Т.Айтжанов атындағы жалпы орта мектебінде жаңа жыл мерекесі қарасаңында ұйымдастырылған «Жаныңда жүр жақсы адам» атты тақырыпта оқушылардың еңбек ардагері, зейнеткер Тілеуберген Құдайбергенов ақсақалмен кездесу өтті. Мектеп оқушылары Тілеуберген атасына арнап, өлеңдерін оқып, әннен шашу шашты. Алдымен Тілеуберген Құдайбергенов туралы оның өмірі мен еңбек жолдарын қамтыған бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Ә.Әбдіқадыров, еңбек ардагері, зейнеткер Е.Омарбаев, Шорнақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Н.Жұманова, Т.Айтжанов атындағы жалпы орта мектебінің директоры М.Жұмабаев ұрпақтар сабақтасығын жалғаған Құдайбергеновтер әулетінің «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы болғанымен құттықтады. Аталмыш мектепте еңбек ардагері, зейнеткер Тілеуберген Құдайбергеновке арнап жақында арнайы сынып бөлмесі ашылған болатын. Жиын соңында жеке кәсіпкер Құдірет Құдайбергенов 50 мектеп оқушысына қысқы киім кешекпен қатар жаңа жылдық сыйлықтарын тапсырды.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы