- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Тарих пен руханиятты ұштастырған киелі мекен Түркістан қашан да өзіне қалтқысыз қызмет еткен перзенттерін ұмытқан емес. «Туған жерге туыңды тік» деген тәмсіл осы өлкеге тән ерекше қасиет пен рухтың жарқын көрінісі. Түркістан топырағында туған әрбір азамат өз туған жеріне деген шексіз махаббатпен, жанқиярлық еңбекпен қызмет етіп келеді. Бірақ бүгінде осындай адамгершілік пен жауапкершілікті бойына сіңірген, тек қана кәсібімен емес, қоғам алдындағы абыройлы қызметімен ерекшеленетін тұлғалар санаулы ғана. Бүгін біз Түркістанның қасиетті мекеніне жастайынан аянбай қызмет етіп, бүкіл ғұмырын осы жолға арнаған тұлға туралы сөз қозғаймыз. Ол – Бейсембаев Бақытжан Жармаханұлы.
Бақытжан ағамыздың өмір жолы – тек кәсібіндегі табысымен ғана емес, қоғам алдындағы адалдығы мен әділдігі, ұлт алдындағы жауапкершілігімен де айрықша. Түркістанның тыныс-тіршілігіне сіңірген еңбегі мен азаматтық ұстанымдары оны тек өз саласында ғана емес, қоғамдық құрметке бөлейді. Оның өмірі мен еңбек жолы – бүгінгі жастарға үлгі болатын, адамгершілік пен патриотизмді ту еткен тұлғаның жарқын мысалы.
Бақытжан аға 1978 жылы Қарағанды қаласындағы политехникалық институтқа түсіп, оны «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын ең алғаш рет 1983 жылы Алматы облысы Іле ауданында учаскелік шебер болып бастаған. Сол жылдары әскерге аттанып, отан алдындағы борышын өтеп келген соң қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Мысалы 1986 жылдан бастап Түркістан ауданындағы Чапаев атындағы колхозда құрылысшы болып жұмыс істеді. Кейін, Түркістан аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау инспекторы болып тағайындалып, аға инспекторы деңгейіне дейін абыройлы қызмет етті. Одан кейін, Қарағанды жоғары милиция мектебінде оқып, 1996 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша заңгер біліктілігін алды. 1997 жылдан бастап Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының штаб бастығы және бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2006 жылдың ақпан айына дейін Түркістан қалалық ішкі істер басқармасында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлім бастығы болды. Ішкі істер органдарындағы қызметі 31 жылға созылып, сол уақыт ішінде әділдік пен заңдылықты қорғау жолында аянбай еңбек еттіп, полиция подполковнигі шенін иеленген. Еңбек жолында Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінде оқытушы болып та жұмыс істеген.
Бүгінде Бақытжан Бейсенбаев қоғамдық қызметтерін әр түрлі бағытта атқарып, өзінің мол тәжірибесі мен кәсіби білімін қоғам игілігіне жұмсап келеді. Ол «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігін басқарып, медиаторлық қызметпен айналысады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болып, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдағы әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуге үлес қосып келеді. Түркістан облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде де белсенді жұмыс істеп, аймақтың дамуындағы маңызды шешімдерге өз пікірін білдіруде. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мен жер комиссиясының мүшесі ретінде де қоғамдық жауапкершілікті сезініп, өңірдегі шешім қабылдауда қатысып жүр. Сонымен бірге, «Түркістан облысы Азаматтық альянсы» қауымдастығының құрылтайшысы және мүшесі бола отырып, қоғамдық ұйымдармен өзара ынтымақтастықты нығайтуға атсалысады. Түркістан облысының Үкіметтік емес ұйымдарының өзара іс-қимылдарын үйлестіру және ынтымақтастық кеңесінің мүшесі ретінде де өңірдегі азаматтық қоғамды дамытуда үлкен рөл атқарады. Ардагерлердің құқықтарын қорғау бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп, Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде өңірдегі ардагерлердің мәселелерін шешуге қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, Түркістан облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің жанындағы «Тәлімгерлер кеңесінің» мүшесі болып, жас мамандарды тәрбиелеу мен мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстарға қатысады.
Бақытжан Бейсембаев басқаратын «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымдар арасында ұйымдастырылған республикалық «Таңдау» байқауының тұңғыш жеңімпазы атанған. Бұл жетістік тек табыстың айғағы ғана емес, аянбай еткен еңбектің, тер төккен қызметінің жемісі. Оның қажырлы еңбегі мен қоғамға қосқан үлесі кеңінен мойындалып, жоғары бағаланды. Соның нәтижесінде, «Жыл адамы», «Үздік қызметі үшін» төсбелгісі, «Қазақстан полициясына 25 жыл» медалі, «Құрметті ардагері» медалдарымен марапатталған. 2018 жылы Түркістан облысы бойынша «Жыл тұлғасы» атанған ол, 2020 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы болды. 2021 жылы «Халық алғысы» медалімен марапатталып, 2022 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2024 жылы ол Түркістан облысы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында ІІ орынға ие болып, өз отбасымен бірге жетістікке жетті. Бұл марапаттар оның ел үшін жасаған еңбегін, қоғамға қосқан үлесін жоғары бағалаудың айғағы болып табылады. «Отаның – қуат, отбасың – шуақ» деген асыл сөзді ұстанған Бақытжан Жармаханұлы өз отбасы үшін де игі іс жасаудан бір сәт те бас тартпаған ардақты әке. Ол жұбайы Жанбибімен бірге үш қызды тәрбиелеп өсіріп, оларды өмірдің мәнін, отбасылық құндылықтарды ұғындырып, үлкен жолға қадам бастырды. Қазір атасы болып, алты немересінің тәрбиесіне де үлес қосып отырған Бақытжан аға өзінің әрбір қадамы мен ісі арқылы отбасының қадірін, отбасылық татулықтың маңыздылығын көрсете білді.
Өз қызметінде әрқашан әділдікке, адалдыққа баса назар аударып, қоғамның тыныштығы мен халықтың бірлігін сақтауды басты мақсат еткен Бақытжан Жармаханұлы осы қасиеттерімен жүректерге жол тапты. Оның есімі Түркістанның жарқын болашағына қосқан баға жетпес үлесі мен жүрегіндегі үлкен махаббатының белгісі болып қалады. Ол өмір жолы арқылы Түркістанға өлшеусіз қызмет етудің үлгісін көрсете алған тұлға.
Ғ.ДҮЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ.