Зымырандай зымыраған заманмен бірге ғылым мен техника да қарыштап дамып келеді. Адам естіп, көз көрмеген жаңалықтардың қатарында «Жасанды интеллекттің» жасампаз қадамдары да бар. «Үш ақын. Үш әлем. Қасиетті қалам» деген тақырыпта «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен үш бірдей дарынды ақынның кітаптарының тұсаукесерінде жиналған жұртшылық тарапынан «Сhat GPT» ақындарды айырбастай ала ма?» деген сауал да көлденең тартылып, оқырманға да, ақындарға да терең ой тастады.
Кеш поэзия мерекесіндей керемет шуақты айшығымен есте қалды. Бұл бақытты шақты үш бірдей сыршыл ақынның айы оңынан туған ғажайып мезеттердің бірі деп бағаласақ, оқырман көңілін дөп басқан болар деп ойлаймыз.
– Түркістанның құрылғанына алты жыл болса да, бүгінге дейін ақындардың мемлекеттік тапсырыспен бірде-бір кітабы шықпаған екен. Бұл – тарихи оқиға. Жаңа жыл алдында үш бірдей ақынымыздың кітабын жарыққа шығарған Түркістан облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасына, тұсаукесер рәсімін өткізген «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының басшылығына рахмет! Қазақстан Жазушылар одағына қарасты Түркістан облыстық бөлімінде 38 мүше бар. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Өткен жыл біз үшін жемісті жыл болды. Біраз ақын-жазушыларымыздың мерейтойларына орай шығармашылық кештерін өткіздік. Солардың қатарында Мұрат Бекей ағамыздың 70 жылдығы, қазақтың айтулы ақындарының бірі Нармахан Бегалының 80 жылдығы, поэзия ханшайымы Ханбибі Есенқараеваның 75 жылдығы, қара өлеңнің қарагері Бақытжан Алдиярдың 50 жылдығы аталып өтті. Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы аясындағы көшпелі пленумы да киелі қаламызда өтті. «Фараб» кітапханасында абыроймен өткізіп, бір марқайып қалдық. Енді бүгінгі кештің кейіпкерлерімен таныстырып өтейін» – деп бастады өз сөзін мәдени іс-шараға модераторлық еткен Түркістан облыстық Жазушылар одағы филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым.
– Бұл туындылардың жарыққа шығуының өзіндік тарихы бар. Қазақ елі қашанда ақындарын ардақтаған. Жазушысын құрметтеген. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев осында зиялы қауым өкілдерімен бірге бүкіл қаламгерлердің, айтыс ақындарының басын қосып, әдебиет, мәдениет мәселесінің түп-тамыры туралы үлкен әңгіме қозғаған еді. Әдебиетті, мәдениетті дамытуға, оларға қамқорлық жасауға байланысты құнды ұсыныстар айтылды. Әрі бұл ұсыныстар жүзеге асып, «Түркістан антологиясы» жарық көрді. Тіпті айтыс ақындарының сахналық киімі де назардан тыс қалмай, облыстың намысын өнер додасында қорғаған 13 ақынымыз маржан тастары жарқыраған зерлі шапанды болып қалған еді. Оған қоса, олардың өңір-өңірлердегі айтыстары жинақталып кітап болып шықты. Сондай-ақ, оңтүстіктің мақамына салып, терме өнерінің қасиетін жер-жаһанға насихаттап жүрген жыршы-термешілердің жинағы да екінші кітап болып шықты. Осы жобаға бағы жанған үш ақынымыздың кітабын шығару жоспары да енген болатын. Нәтижесінде Түркістан облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасының ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетіне жасаған қамқорлығының арқасында өздеріңізге кеңінен танымал, тіпті таныстырудың да қажеті жоқ белгілі аудармашы, ұлағатты ұстаз, айтулы ақын, Қазығұрттың тумасы Абай Қалшабектің «Жүрек ішіндегі өмір», Бәйдібектің баурайында туып, Астанада білім алып, қазақтың қабырғалы қаламгерлерін мойындатқан Әлімжан Әлішердің «Лаура қосылған Латте», сондай-ақ Отырардың оғыланы, палуан, ақын Бауыржан Ерманның «Галактикадағы ғұмыр» атты кітаптары жарық көрді. Бүгін бояу исі аңқыған, әлі авторлардың өзі де ұстап көрмеген, қазақ поэзиясының құнды қазынасы – осы кітаптардың тұсаукесеріне қош келдіңіздер! – деді Айдар Сейдазым.
«Ертеден шығып кешке озған, ылдидан салса төске озған» дегендей, ақындық асуларда алқынбай келе жатқан жыр тұлпарларына арналған кешке Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, өнерлі жастардың қолдаушысы, қашанда игі бастамалардың басы-қасынан табылатын азамат Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев, аталмыш туындылардың жарыққа шығуы жолында аянбай тер төккен облыстық мәдениет басқармасының әдебиет және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ақын Мұқағали Кенжетай, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, ұстаз Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, ұлағатты ұстаз Несіпкүл Өтебаева, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Райхан Нарикова, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев және осы жолдардың авторы Роза Нарымбетова қатысып, қаламгерлер қанжығасы майланған керемет жиынға ізгі тілектерін білдірді.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының аманаты мен ақ тілегін алып келген Мұқағали Кенжетай:
– Армысыздар құрметті әдебиет сүйер қауым, барша оқырмандар! Сөзімнің басын «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызының әлеуметтік желіге жазған мына сөздерімен бастасам деймін. «Біз 2024 жылдың түйінін, яғни қорытынды іс-шарасын кітап мейрамымен, әдебиет мейрамымен аяқтағанды жөн көріп отырмыз. Оңтүстіктің орта буынында өзіндік орны бар Абай Қалшабек бастаған, Әлімжан Әлішер, Бауыржан Ерман қостаған ақындардың легі Түркістан қаласына келе жатыр» – деп сүйіншілеп, жарнамалаған еді бүгінгі жиынды ұжым басшысы. Оның ерекше мәні бар деп ойлаймын. Өйткені, биыл ғана емес, соңғы уақытта Түркістанда әдебиетке, мәдениетке, өнерге, жалпы руханиятқа зор қолдаулар көрсетіліп жатыр. Қателеспесем, 2018 жылы Түркістан кітапханасының жобасымен, ол кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында он таңдамалы ақын-жазушының кітабы он томдық болып жарық көрген еді. Содан кейін жарыққа шығып жатқан бүгінгі ақын аға, замандастарымыздың кітабы болып отыр. Бұл жоғарыда айтып өткен Бейсенбай Дәулетұлымен өткізілген кездесудегі ұсыныстардың жемісі. Алдымен сіздерге құтты болсын айтамын. Ақындарымыздың жарыққа шыққан туындылары оқырманның қолында тозатындай ерекше кітап болсын, – дей келіп, Абай Қалшабекке, Әлімжан Әлішерге, Бауыржан Ерманға әдебиет әлеміне сіңірген зор еңбегі мен рухани құндылықтарға қосқан зор үлестері үшін шынайы алғысын білдірген Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың «Алғыс хатын» табыс етті. Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бекжігіт Сердәлі қашанда руханиятқа жанашырлық танытатын қамқор мінезімен ақындарға сәттілік, шығармашылық шабыт тіледі.
– Ақындарды біріміз танып, біріміз танымауымыз мүмкін. Бірақ олардың өлеңдері әрқайсымыздың жүрегімізде. Сол өлеңдердің авторлары ортамызда отыр. Шын мәнінде алғашқы алғыс сезімін үш ақынның кітабын шығаруға қаражат бөлген облыс әкімдігіне, оның мәдениет басқармасына білдіруіміз керек. Шығармашылық адам үшін өмірдегі ең естен кетпес сәті өзінің осындай туындыларының жарық көріп, қағаз бетіне түсіп жатуы. Сондықтан үш ақын ерекше толқыныста. Сондай-ақ айтыскерлердің, термешілердің жинағы жарық көрген екен. Алдағы уақытта Түркістанда композиторлардың бар екенін де естен шығармасаңыздар. Олардың да Түркістан туралы, Түркістанды жырлаған керемет, ғажап әндері бар. Оларды да бір жинақ етіп шығарып қойсақ дискісімен бірге, келген қонақтарды қуантатын әдемі дүние болар еді. Бұл дәстүр ары қарай жалғасын табады деп ойлаймын, – деді сөйлеген сөзінде Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Бекжігіт Сердәлі. Содан кейінгі кезек ақындардың өздеріне берілді. Оқырманға жол тартқан кітаптың мазмұны, атауы, жазылу тарихы жайлы сыр шерткен сырлы сұхбаттар жан жадыратты.
– «Жүрек ішіндегі өмір» деп кітаптың аты айтып тұрғандай, менің ұғымымда негізгі өмір жүректің ішінде жүріп жатады. Сырт келбетте әртүрлі құбылыстар, әртүрлі бейнелер бола береді. Бірақ адамның шын бейнесі, адамның кім екені жүрегінің ішінде жатса керек. Кітапқа жүрегімнің ішіндегі сөздер, жүректің ішіндегі ойлар, тұжырымдар енді. Сонан соң менің бір байқағаным, адамның тағдыры сияқты кітаптың да өзінің тағдыры болады екен. Осыдан екі жыл бұрын жарыққа шығады деп баспаға алған еді. Арада уақыт өтті. Бұл жерде де бір хикмет, даналық бар деп есептеймін. Нәсіп болған кезде шықты. Мысалы, ұлы Абайдың өзі көзі тірісінде кітапты қолына ұстап көрген жоқ. Ең алғашқы кітабы 1909 жылы өзі өмірден өткесін бес жылдан кейін жарық көрді. Ол тұрғыдан қараған кезде шүкір етуге тиіспіз. Өзімнің үшінші кітабым қолыма тиіп отыр. Алғашқы кітабым 2022 жылы жарыққа шықты. Содан кейін Лев Толстойдың шығармашылығын жиырма жылдай зерттеп, уақытымды арнаған «Тәубе» деген еңбегім де сол жылы жарық көрді. Бүгінгі жинағыма ақсақалдардан алған ғибратымыз, әжелердің үлгісі, ауылдағы жеңгелеріміздің өрнегі, ағалардың мәрттігі, ауылдың әңгімелері, ауылда көрген өмірім, түйіндерім енді деп айтсам болады. Сондай-ақ, Европа әдебиетінен бірнеше аударма енгізіп отырмын. Виктор Гюгоның, Лев Толстойдың бірнеше шығармалары бар, – деді Абай Қалшабек кітаптың таныстырылымында.
– Қай өлең болсын автордың жүрегіне жақын. «Орынбор көшесі» деген өлеңімді бірінші рет оқиын деп тұрмын жұрттың алдында. Астана қаласында «Орынбор» деген көше бар еді. Қазір кішірек көшеге ауысыпты саяси жағдайларға байланысты. Орынборды көрген кезде санаңда кешегі Ахмет Байтұрсыновтар, Жүсіпбек Аймауытовтар, Әлихан Бөкейхановтардың істеген ісін, жүректегі тарихты оятады. Қалқаман Сарин ағам екеуміз бір кештен шығып, таксимен кетіп бара жатқанымызда, жүргізуші «Орынбор көшесі ғой» деп айтып қалды. Сол сөз қатты әсер берді. Неге? Өздеріңіз білетін, баршамызға қадірлі Мекемтас Мырзахметов атамыз бірде «В.Ленин астананы Орынбордан неге ауыстырып жіберді? Өйткені, Орынборда қазақ интеллигенциясы қазақ мемлекетін құра бастады. Ленин соны байқап қойды» деген еді. Осындай толқыныстардан туған өлеңім еді, – деген ақынның шумақтары былайша өрілді:
Есімде жоқ. Айдың бүгін нешесі?!
Кетті менде кімнің қанша есесі.
Қалың ойға оранып ап келемін
Түн. Астана. Мақатаев көшесі.
Есімде жоқ. Бірақ анық айрылдым,
Ақиқатсыз қанатымнан қайрылдым.
Енді міне алдап жүрмін жанымды
Уытына малып алып қайғымның.
«Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасына жиналған оқырман қауым үш ақынның да шығармашылығына қызығушылық танытты. Көкейдегі көп сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Алайда, Әлімжан Әлішердің «Лаура қосылған Латте» кітабының атауының сыры көпшілікті ерекше қызықтырып, сан сауалдың астына алғанын да айта кеткен ләзім. Осыған орай Әлімжан Әлішер де кітаптың астарына сыр бүккен жұмбақтау атауына:
«Алақандай бағымды қолға берсін,
Көңіліме басқаша арман енсін.
Мен ғашықпын! Әлемде бұдан былай,
Махаббаттың есімі Лаура болсын!» – деген жыр жолдарын оқи келіп әңгімесін былайша жалғастырған еді:
– «Лаура» өлеңі осыдан он жыл бұрын жазылған болатын. Жазыла сала Қазақстан елі бойынша да, әлеуметтік желіге де тіркеліп, Лаура есімді қыздар осы өлеңіме алғыс айтқан болатын. Әрі Лаура төрт баламның анасы, жан жарымның есімі. Бұл өлең өзіме ыстық. Сондықтан да кітаптың атын осылай қойдым, – деп ақынның ағынан жарылмасына қоймаған оқырманға осылай жауап берген еді.
Екі жас «Латте» кофесін ішіп отырып танысса керек. Өмір деген қызық, ә?!
Лаура дедім қағазым, қаламымды,
Лаура дедім басталған жаңа күнді.
Соны көрем мен қайда қарасам да,
Соны көрем жұмсам да жанарымды.
Әлімжан Әлішер ақынның білдей бір кітабының жүгін де, атын да көтеріп тұрған «Лаура» өлеңін тебірене тыңдадық десем артық айтпаспын. Ақынның өзі де перзентіндей жүрегін жарып шыққан бұл өлеңін қатты қадірлейді екен. Кеш модераторы Айдар Сейдазымның айтуынша, бұрынғы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының алдына үш ақынның кітабы қатар барған кезде , басшының назары алдымен Әлімжанның «Лаура қосылған Латтесіне» назары түссе керек. Дүниеде кітап шығару қиын. Ал, сол кітапқа атау қою одан да қиын. Әлімжанның алғашқы «Мені құшақта» деген лирикалық жинағы 2017 жылы жарық көрді. Ал, енді сол аралықта жазылған өлеңдер бояу исі аңқыған осы кітапқа топтастырылыпты. Әдебиетке құштарлығын оятқан әдебиет пәні мен қазақ тілінің мұғалімі, қыз жасауына сандық толы кітабын ала келген анасынан, ұшқан ұясынан дарыпты.
Отты Отырардың тумасы, өлеңдерінен махаббат лирикасы мен сағыныш лебі есіп тұратын, ақын ағаларының болашағынан зор үміт күткен жүйрігі Бауыржан Ерман «Галактикадағы ғұмыр» атты кітабына топтастырылған өлеңдер жинағынан түйдек-түйдек жыр жолдарын оқып, оқырманның құлақ құрышын қандырды:
Тұңғыш кітабы жарық көріп, қуанышы қойнына сыймай тұрған жас ақын «Өзіміз жерде болғанмен Галактикада өмір сүріп жатқандай ерекше күйді бастан кешіріп тұрмын. Жалпы алғашқы кітаптың сезімі бөлек болады екен. Бір қуанатыным, оныншы, он бірінші сыныптан бастап жазған өлеңдерімнің барлығы осы кітапқа енгізілді. Кітап шығаратындай деңгей бар ма, жоқ па, оның бағасын сүйікті оқырман бере жатар. Бірақ, осы туындымның жарық көруіне ықпал еткен, барлық естеліктерді топтастыруға мүмкіндік беріп, қолдаған Түркістан облыстық әкімшілігіне, мәдениет басқармасына, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістандағы өкілі, ардақ тұтар ақын ағамыз Айдар Сейдазымға ерекше алғыс айтамын» – деп шынайы сезіммен бастаған сөзін оқырман қауым жылы қабылдады.
– Мұқабасының дизайнын, кітаптағы суреттерді Отырарда Қазақстанға белгілі дарынды суретші Әділжан Мәлік деген ағамыз әрбір өлеңді оқып, мағынасына терең бойлай отырып, ерекше еңбек сіңіріп салды. Кітаптың ажарын ашып тұрған суреттер мазмұнын әркім өзінше түсінер деп ойлаймын. Жалпы бұл кітапқа балалық кезімдегі өлеңдер, жастық шақтағы албырт сезіммен жазылған өлеңдер топтастырылған. «Балапан» телеарнасының балалар хабарына арнап жазылған әндер де енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, осы сәтте толқулы сезімде тұрмын. Бағасын оқырман берер, – деп ағынан жарылған Бауыржан бауырымыздан да оқырман өлең қолқалап, ақынның мөлдіреген жыр бұлағынан сусындады.
– Поэзияға салмақты бет бұрған кезіміз – студенттік шақ. Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы университетке түскен кезде жазған «Жатақхана» атты өлеңімді оқып берейін дей келіп:
Жатақхана – жылы, бәрі орынды,
Таңдап, талғап таңдап жүрмін жолымды.
Шым-шым етіп шаншыды ғой жүрегім,
Кеше пышақ кескен кезде қолымды, – деп сыр шертіп өтті.
Оқырмандар тарапынан да сан алуан сұрақтар қойылды. «Кітаптың атауы астарынан шығады. Неге Лаураны апарып Латтеге қосып жіберген?», «2050 жылдан 2080 жылға дейін қандай мамандықтар қажетсіз болып қалуы мүмкін?» – деген әлеуметтік зерттеулерде ақын-жазушылар керек болмайды деп тұжырым жасалыпты. Себебі, жасанды интеллект ақын-жазушылардың ойын жазып шығарады екен. Сол жасанды интеллекттен ақынның мықтылығын қалай білуге болады және соған қалай төтеп беруге болады?» деген сауалдар тек ақындарға ғана емес, әдебиет сүйер қауымға да көп ой салды. Жиынға қатысқан ақындардың бәріне бірдей қойылған сауалға Қазығұрттың тумасы, бір басына бірнеше өнер қонған ұстаз, ақын, аудармашы Абай Қалшабек алғашқы болып жауап берді:
– Мен мұсылманмын. Бүкіл мәселеге мұсылманша қараймын. Сол көзқараспен жауап берейін. Ғалымдар қаламның үш түрі бар деп тұжырым жасайды. Біріншісі, Мұхаммед (с.ә.ғ.) пайғамбарымыздың хадисінде айтылатын, Алла тағала ең бірінші қаламды жаратты және оған «жаз» деп айт дейтін қалам. Құрандағы сүренің біреуі «Қалам» деп аталады. Екінші қалам, оң және сол иығымыздағы біздің амалдарымызды жазып отыратын періштенің қолындағы қалам. Үшінші қалам, біздің қолымыздағы, ұстаздардың, ғалымдардың, ақын-жазушылардың қолындағы қалам. Қалам өте қасиетті, киелі дүние. Екіншіден, қасиетті Құранда «Ақындар» деген тағы бір сүре бар. Осындай дәлелдерге сүйене отырып, әдебиеттің жойылуы, керексіз болып қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені оны Алла тағала құранға сүре, атау ретінде беріп тұр. Жер бетінде мыңдаған өнер бар. Бірақ, бір-ақ өнердің аты қасиетті Құранда «Шұғара, яғни, ақындар» деп атау болып тұруы тектен-тек емес. Екінші, «ChatGPT-ге» бір тақырыпқа өлең жазсаңыз, техникалық түрде құрастырып береді. Бірақ, ішінде рухы жоқ. Теоретиктер айтады: «Өлеңдегі, прозалық шығармадағы бүкіл нәрсені тармаққа, шумаққа бөліп, талдау жасап өлшеуге болады. Дегенмен, бұл жерде өлшенбейтін бір дүние бар. Ол – өлеңнің эмоциясы, рухы. Оны әдебиетшілер де, ғалымдар да, теоретиктер де өлшей алмайды. Сондықтан «ChatGPT-дің» оны істеуі мүмкін емес. Ақын-жазушыларды болашақта мүлде керек болмай қалады дегеніне келіспеймін. Тағы бір айтарым, Ахмет Байтұрсынов дүниені «жаратылған және жасалған» деп екі бөлікке бөледі. «Жаратылған» адам, көл, тау сияқты Алланың жаратқан дүниесі, «жасалған» адамның қолымен жасалған нәрселер. Осы жасалған дүниенің бәрін «өнер» деп айтады да, Ахмет атамыз өнерді «сөз, әуез, сәулет, кескін, сымбат» деп беске бөледі, осының ішінде ең мықтысы – сөз өнері. Неге? Өйткені, бұл өнер бүкіл өнердің қызметін атқара алады. Басқа өнер сөз өнерінің істегенін істей алмайды, – деп ежелгі қазақ даналығынан «Өнер алды – қызыл тіл». Бұл сөзді қазақ сөз қадірін білген соң айтты – деген дәлел келтіреді. Шынында да, бабаларымыз осыдан мың жыл, бәлкім үш мың жыл бұрын «Өнер алды – қызыл тіл» деп айтты. Арада қанша уақыт өтсе де, қазақтың бұл қағидасы жоққа шықпайды. Оны Абай бабамыз «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» – деп өлеңге өрнектеп салды. Бүкіл әлемге ақпараттар, идеялар, идеологиялар сөз арқылы тарап жатыр. Бұл дүниеде сөз өнерін ештеңе басып оза алмайды,- деп бұлтартпас дәлел-дәйектермен сөйлеген Абай ақын қас-қағым сәтте тренинг өткізіп, аудиторияны сілтідей тындырды.
Қасиетті қалам мен сөз өнерінің мәңгілік екенін сезінудің өзі қаламгерлер қауымына қанат бітіргендей ғажап сәттердің бірі десек болмас па? Біздің осы ойымызды қуаттай түскендей, қаламыздағы №28 мектеп-лицейінің директоры Лаззат Нысанқұлова да Абай Қалшабектің ұстаздық қабілетіне, білім ордасының мұғалімдеріне үлкен серпіліс берген бір сапарына алғыс айта келіп, тағы бір кездесудің орайын келтірсе деген өтініш-тілегін жеткізді. Тіпті, ата-баба дәстүрімен шапан жабатын ниетін де айтып өтті. Жалпы, бұл күнгі кездесу оқырман мен ақындар арасына алтын көпір салынған ғажайып сәттерге толы шығармашылық кеш болды. Өлеңдер де оқылды. Тілектер де айтылды. Ақын ағаларының жолын қуған ізбасар жастар да балаң жырларын жұртшылық назарына ұсынды. Қашандағыдай Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты ұлағатты ұстаз Гүлжан Оразгелдиева жетекшілік ететін көркемсөз оқу үйірмесінің оқушылары ақын ағаларының өлең-жырларын жатқа айтты.
Сондай-ақ, Әлімжан Әлішер де осы сауал төңірегінде ой қозғай келе:
«Мысалы, ақын мен ақын емес адамды қалай ажыратуға болады? Өлеңнің формасын, ұйқастың түрлерін келтіруге болар, бәлкім. Бірақ, Абай айтқандай, ол өлеңнің жаны, рухы, шынайылығы, табиғилығын бере ала ма? Мәселен, қыздарды гүлге теңеген адам бұрын өлең шығармаған болуы да мүмкін. Бірақ гүлге теңеудің өзі – поэзия. Оның ішінде жан бар, көп нәрсе айтылады. «Chat GPT-ді» мен өзім де қолданам. Зерттеп те көргем. Қазір ол өз деңгейінде ашылған жоқ. Кейін ашылуы да мүмкін. Ашылған күннің өзінде де ол сіздерге қажетті поэзияны бере алмайды. Сіздің есебіңізбен жазып беруі мүмкін. Алайда, сіздің жан дауысыңызды жеткізе алмайды. Жасанды интеллект барлық мамандықты игеруі мүмкін, бірақ шығармашылық адамдарды ауыстыра алмайды деп есептеймін. Қазақтың қара өлеңінде бір қатар бар: «Іші алтын, өлеңнің сырты күміс» – дейді. Іші алтын деп өлеңнің ішкі мазмұнын бірінші орынға қойып отыр. Яғни, ішкі мазмұнды ешбір компьютер, технология бере алмайды. Сыртқы келбетін, ұйқасын дамытуы мүмкін. Дәл қазір ол өлең жаза алмайды. Есептер шығарып жатыр. Аудармалар жасап жатыр. Өнер мектебінде сабақ беретін ұстаз ретінде айтарым, шығармашыл болыңыздар! Ең бірінші орында форма емес, эмоция болу керек» – деп жалғастырған әңгімеден облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерлан бауырымыздың жасанды интеллект жайлы қойған сауалының ақын-жазушылар қауымын бей-жай қалдырмағандығын аңғардық.
– Жасанды интеллектке байланысты ой бөлісер болсам, ол өзінің аты да айтып тұрғандай, адамның жасаған жасанды дүниесі. Адамның соны жасауға миы жетіп тұрғасын ол адамнан асып түсе алмайды, – деді Бауыржан Ерман да бұл сауалға нақты көзқарасын білдіріп.
– Сіздердей жазатын ақындар-жазушылар барда, осы кісілердей оқырмандар барда қазақ шығармашылығы ешқашан өлмейді деп санаймыз. Ғылым мен техниканың дамуына байланысты туындап жатқан «Сhat GPT» енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан техникалық ақын. Ол да уақыт өте келе жазуы дұрысталар. Бірақ, сіздердей ақын-жазушылардың төл туындысын оқудың өзі біз үшін ғанибет! Осындай кеш сыйлағандарыңызға алғысымды білдіремін. Жазарларыңыз таусылмасын! Абай аға, Бауыржан бауырым қаламдарыңыз мұқалмасын. Әлімжанмен бір факультетте бірге оқығанбыз. Талай мүшайраларда Мұқағали Кенжетайұлы бастаған топпен қатысып едік. Биіктен көріне беріңіздер! – деді оқырмандар атынан тілек білдірген Ақтөре Қайрат. Аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен курстасым Төрегелді Байтасовтың ұлы, асылдың тұяғы, алтынның сынығы Төребек Байтасов, көңілді селт еткізер өлеңдерімен поэзия әлеміне өрнек салып жүрген Айгерім Жұмабаева, тағы басқа да әдебиет жанашырлары ақжарма тілектерін білдірді.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» – дегендей, ақын ағаларының алдында ақ уыз өлеңін оқып баталарын алғалы келген Әмір-Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Жорабек Ғалымжан «Шабыт» атты туындысымен поэзия мерекесіне шашу шашты. Кітаптарын шығарып, сүйікті оқырманымен жүздесіп, бақытқа кенелген ақындардың поэзия мерекесінің шуағына бөленіп, осылай шалқып қайттық! Ежелден ырымшыл халықпыз ғой. Үмітін үкілеп, «талаптың тұлпарын мініп» ата-баба дәстүрімен бата алғалы келген Жорабек Ғалымжандай жастарымызға ақын ағаларының жолы жұғысты болғай!
P.S. Дегенмен, сол күнгі жасанды интеллект туралы көтерілген тақырып ойымнан кетпей, басымда шыр көбелек айналып тұрып алды. «Сhat GPT-ді» қолданып көрмек болып, өзге телефоннан өзім туралы ақпарат сұратып едім, басын дұрыс бастағанмен, жеке басымның мәліметіне келгенде «шатаса» бастады. «Неге жалған ақпар бересіз?» – деген сауалыма «Сізді алдайын деген жоқ едім. Кешіріңіз!» – дейді. Толық ақпарат бермесе де әдепті екен.
Роза НАРЫМБЕТОВА.