Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент медицина саласына ерекше назар аударып, бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Бұл біздің халқымыздың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам.
Президенттің тапсырмасы бойынша:
Халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жүйені жетілдіруге арналған заң жобасы Парламентте осы сессияда қабылдануы тиіс. Бұл реформа азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
– Ауылдық денсаулық сақтау мекемелерін жаңғырту мәселесі күн тәртібінде тұр. Барлық бастапқы медициналық нысандар 2025 жылдың соңына дейін, ал аудандық ауруханалар 2026 жылға дейін толық модернизациялануы тиіс, – деген болатын. Осыған байланысты денсаулық сақтау орталығының бөлім меңгерушісі Фарух Ахметовпен сөйлесіп, медицина саласындағы өзгерістерге қанық болдық.
Қант диабетіне кез келген адам шалдығуы мүмкін дейді дәрігерлер. Тіпті соңғы 10 жылда бұл дертпен ауру екі еседен асқан. Ауру әйелдерде де, еркектерде де жаңа туған кезінен бастап қартайған шағына дейін кез келген жаста пайда болуы ықтимал. Әрине, «аурудың жақсысы жоқ», дегенмен бүгін тақырып болғалы жатқан ауру түрі – соқырлық, инфаркт, инсульт, аяқ-қол ампутациясы және т.б. жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін қауіпті дерт – қант диабеті.
– Фарух Фурхатұлы, маман ретінде қант диабеті жайлы өзіңізден тікелей білуді жөн көрдік, оның алғашқы белгілері қандай болады?
– Бұл ұйқы безінің инсулин секрециясының бұзылуына және оның ағзаға әсеріне негізделген, қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын созылмалы ауру. Қант диабетінің алуан түрлері бар. Бірақ түрлеріне қарамастан, олардың барлығы қандағы қанттың тұрақты жоғарылауымен байқалады. Бұл аурумен жас та, кемел жастағылар да, кәрі де ауырады. Әсіресе бұл ауру 40-тан асқан, тамақты шектен тыс ішіп, толыса бастаған адамдарға тән болып келеді. Қант диабеті – көмірсутек, май, ақуыздың зат алмасуының созылмалы бұзылуы, яғни қанға көп мөлшерде қант түйіршегінің бөлінуі болып табылады. Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршігін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады. Қазіргі кезде қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны әр 12-15 жыл сайын екі есеге көбейуде.
Қант диабеті алты категорияға жіктеледі: 1 типті қант диабеті, 2 типті қант диабеті, қант диабетінің гибридті түрлері, жүктілік кезінде алғаш анықталған гипергликемия, «жіктелмеген қант диабеті» және «басқа ерекше түрлері».
1 типті қант диабеті ұйқы безі аралшықтарының инсулин түзетін бета-жасушаларының жоғалуымен сипатталады, нәтижесінде инсулин жетіспейді. Көп жағдайда 1 типті қант диабеті иммунитеттің әлсіздігіне негізделген, онда Т-жасушалармен жүретін аутоиммунды шабуыл бета-жасушалардың, демек инсулиннің жоғалуына алып келеді. Сондай-ақ осы ауруға шалыққандардың дені сау және пайда болған кезде салмағы қалыпты болып тұра береді.
1 типті қант диабеті тұрақты емес және болжанбайтын жоғары қант деңгейімен және диабеттік кетоацидоздың немесе қандағы қант деңгейінің тым қатты төмендеуімен қатар жүруі мүмкін. Басқа асқынуларға қандағы қанттың төмендеуіне, инфекцияға, гастропарезге және эндокринопатияға қарсы реттегіш реакциялардың бұзылуы жатады (мысалы, Аддисон ауруы). Бұл құбылыстар 1 типті қант диабетімен ауыратын адамдардың 1-2%-ынан жиі емес орын алады деп сенеді.
2-ші типті қант диабеті инсулин-резистенттілікпен сипатталады және кей жағдайлада төмендетілген инсулин секрециясымен қатар жүреді. Қант диабетінің бұл типі – қант диабетінің ең көп таралған түрі. 2- типті қант диабетімен ауыратын көптеген адамдарда диабетке дейін бұрын преддиабеттік белгілер болғаны рас (глюкозаның баяу сіңірілуі және / немесе глюкозаға төзімділіктің нашарлауы).
2-ші типті қант диабеті, ең алдымен, өмір салты мен генетикалық факторларға байланысты. Өмір салтының бірқатар факторлары 2- типті қант диабетін дамуына әкелуі мүмкін, оның ішінде семіздік (дене салмағының индексі 30-дан жоғары), физикалық белсенділіктің болмауы, дұрыс тамақтанбау және қалыпты жағдайда стреске ұшырау.
– Бұл «тұқым қуалайтын аурулар» санатына жата ма?
– Әлбетте, қант диабеті тұқым қуалайды. Себебі осы ауруға алып келген факторларды қарағанда ауырған адамның ата-анасында да анықталған жағдайлар жиі кездеседі.
Қант диабетімен ауыратын науқастардың шамамен 40%-ы артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі сияқты кардиологиялық асқынулар, бүйректің созылмалы ауруымен ауырады. Кейде бұл керісінше болуы мүмкін. Бастапқыда жүрек-қан тамырлары аурулары асқынып, содан кейін предиабет (қандағы қант мөлшері нормадан көп болуы) немесе 2-типті қант диабеті диагнозы қойылады. Артық салмақ, артериялық гипертония немесе липидтер алмасуының бұзылуы бар адамдар қауіпті топқа жатады.
– Бұл ауруға көбіне қай жаста ұшырайды, өзінің жас ерекшелігі бар ма, мұны сұрауымыздың себебі 8 жасар қыздан қант диабеті анықталып, өз-өзіне инсулин енгізіп, дәрі-дәрмектер қабылдайды екен. Жастайынан тәттіден қағылған бүлдіршіннің өмірі аянышты. Мұның алдын алу үшін балаларға диета қажет пе?
– Иә, бүгінде 2-типті қант диабеті балалар мен жасөспірімдер арасында көбейіп жатыр. Қазақстанда бүгінде 200-ге жуық кішкентай науқас осы аурумен күресуде. Статистика бұдан да көп болуы мүмкін. Оның тұқым қуалайтын бейімділік, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау және басқа да себептері бар. Әсіресе жасөспірім кездегі диабет ауруы өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі (инсулин) қолдану ұсынылады.
Аталмыш аурумен ауыратын адамдар, оның ішінде балалар қант, кәмпит және басқа да тәтті тағамдарды жеп, қанты көп сусындарды ішпеулері қажет. Баланы нағыз тәттіге құмар шағында тәттіден қағу қатігездік болар. Сондықтан тәттінің дәмін алмастыратын, қантқа қарағанда әлдеқайда қауіпсіз, тіпті олардың көпшілігін диабетиктер де қолдана алатын тәттілендіргіштерді қолданған абзал. Сондай-ақ олардың ірі ұнтақты ұннан пісірілген нан, крахмал қоспалы асбұршақ күріш, картоп және басқа да құрамында ақуыз бар тағамдармен тамақтанғаны жөн.
– Қандай тағамдарды тұтынған жөн?
– Бұл диабет балаларда жиі кездесетіндігіне байланысты «ювенильді диабет» деп аталса да, 1 типті қант диабетімен өмір сүретін адамдардың көпшілігі қазір ересек адамдар. Диабет ауруымен зардап шегетін ересек адамдардың алмұрт тектес тікенекті кактустың (нопал, опантиа) сөлін ішкені дұрыс. Бұл үшін кактусты ұсақтап турап, езіп, сөлін сығып алып, күніге тамақ алдында үш рет 1,5 кеседен қабылдау қажет. Тіс қызыл етін, таңдай қуысын инфекциядан сақтау үшін тісті тамақтан соң жуып тазалаған дұрыс болады. Әрқашан аяқты таза ұстау қажет, жаралап, қажатып алмас үшін ыңғайлы да шақ аяқ киім киген дұрыс. Аяқ қан тамырлары қызметін жақсартып, қан айналысын ретке келтіру үшін демалған кезде аяқты жоғары көтеріп қойып жату керек. Аяқ көктамырлары кеңейгенде де осы ақыл-кеңеске ден қою қажет.
– Иә, сұрайын дегенім де осы еді, аяқ демекші, қант диабетінде көпшіліктің ең қауіптенетіні – диабет табаны. Бұл қант диабетінен болатын ең күрделі асқынудың бірі. Аяғын кесуге дейін апармас үшін қалай күтіну қажет және жаңадан емдеу тәсілдері анықталды ма?
– Диабетикалық табан синдромы – бұл ауру басталғаннан 15-20 жылдан кейін пайда болатын қант диабетінің анағұрлым жиі асқынуы. 90% жағдайларында диабетикалық табан синдромы 2-ші типті қант диабеті кезінде диагностикаланады. Ауру терінің, жұмсақ дәнекер тіндердің, ал ауыр жағдайларда, табанның сүйек тінінің жара-шірік болып табылады. Мұндай кезде табандар суық, ақ түсті, жиі жағдайда ісіп тұрады. Науқастардың тырнақ пен сүйелдерді өз бетінше өңдеуі өте қауіпті. Табан синдромы бар науқастар табанға жиі күтім жасау арқылы гангрена мен ойық жараның даму қаупін азайтады.
Жаңадан емдеу тәсілдерін айтпас бұрын, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын келтіре кеткім келеді. Ол «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді»,- деген болатын.
Қойған сұрағыңызға орай, осындай күрделі ем-домдар мен оталардың өңірлерде де жасалып жатқанын айтпақшымын. Яғни, Шымкент қаласында қант диабеті асқынған науқастарға шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін қалалық №2 аурухана базасында диабеттік табан бөлімшесі ашылған болатын. Міне, сол жерде аурухана дәрігерлері диабеттік табан синдромымен келген пациенттің аяқ ампутациясын алдын алу мақсатында эндоваскулалы баллонды ангиопластика, яғни стенттеу отасын жасайды. Тіліксіз ота арқылы науқастың аяғын аман алып қалуға болады. Операция кезінде хирургтар катетерді артерияға енгізу арқылы тамыр қабырғаларын баллонмен кеңейтіп, стент орнатып береді. Мұндай әдіс қан ағымын жақсартып, жараның жазылуына жақсы ықпал етеді. Міне, қант диабетімен күресуде, науқастардың өмір сапасын жақсартуда үлкен жетістік.
– Қант диабетімен ауырып, есепте тұратын адамдарға қандай көмек берілуде, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?
– Қант диабетімен есепте тұратын науқастарға емхана тарапынан тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Тәуекел тобындағы адамдар үшін қант диабетін алдын алу міндетті түрде кем дегенде жарты жылда бір рет тексерілуден өтіп тұру қажет. Дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдаумен қатар науқастар дұрыс тамақтану, тәтті, майлы, тұзды тағамдарды шектеу, салауатты өмір салтын ұстану және ыңғайлы аяқ-киім кию ұсынылады.
Генетикалық сезімтал адамдарда қант диабетінің басталуын вирустық инфекция немесе диета сияқты бір немесе бірнеше қоршаған орта факторлары қоздыруы мүмкін. Ал предиабеттік жағдайдың 2-типті қант диабетіне өтуіне жол бермеу үшін салауатты өмір салтын ұстану, инсулинге сезімталдықты жақсартатын немесе бауырдағы глюкоза өндірісін төмендететін дәрі-дәрмектер қолдану секілді шаралар жүргізіледі.
– Аталмыш дерт бойынша өңірлерді аралау, скрининг жүргізу жұмыстарының процесі қалай?
– Әр азамат денсаулық жағдайын білу үшін еліміздің барлық емханаларында скринингтен өте алады. Жас ерекшелігіне байланысты оларға түрлі дәрігерлік тексеру жүргізіледі. Пациент тіркелген емханаға барып аймақтық дәрігердің кеңесін алуы тиіс. Аймақтық дәрігер қан құрамындағы қант деңгейін анықтау мақсатында анализдерден (глюкоза, гликозированный гемоглобин) өткізеді. 2-типті қант диабетіне скрининг 45 жастан басталады. Зерттеу нәтижелері оң болса, үш жылда бір рет қайта өту керек. Егер тексерілген адамның бойынан ауру белгілері анықталса дәрігер есепке алып, қажетті ем тағайындайды. Ал, скринингтен өтпей, денсаулығына бейжай қараған жандар емханадағы басқа емдік процедураларды ала алмайды. Сондықтан ел тұрғындарының 90 пайызы скринингтен өтеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы бұйрығы бойынша тұрғындар скринингтен өтуге міндетті.
Сұхбаттасқан: Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.